Израиль ХАМАС-тың көзін жойды

Израиль Газа секторының солтүстігінде 8 мыңға жуық содырдың көзін жойғанын айтты.

Израиль армиясының баспасөз хатшысы Даниел Хагари журналистерге палестиналық содырлардың қазір бұл аймақта аз күшпен қолбасшыларсыз әрекет етіп жатқанын айтты.

Даниел Хагари Израилдің Газа секторының солтүстігінде 8 мыңға жуық содырды өлтіргенін алға тартты. Айтуынша, Израиль қорғаныс күштері (IDF) қазір Газа секторының оңтүстігі мен орталығында Хамас тобын жоюға жұмылдырылған.

Газадағы Хамас басқаратын денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, Израиль күштері соғыс басталғаннан бері 22 мыңнан астам адамды өлтірген. Сектордың бұл аймағы қирап, 2,3 миллион халық үйлерін тастап кетуге мәжбүр болған.

7 қазанда ХАМАС содырлары Израильдің оңтүстігіне тосын шабуыл жасап, 1200 адамды, олардың көпшілігі бейбіт тұрғындарды өлтіргеннен соң Израиль қарсы шабуыл бастады.

Премьер-министр Биньямин Нетаньяху Израильдің ХАМАСты жою, кепілге алынғандарды қайтару және Газа секторының Израильге қауіп төндірмейтінін қамтамасыз ету жөніндегі науқанын жалғастыратынын растады.

«Толық жеңіске жеткенше біз бәрін бір жаққа қоюымыз керек», – деді Нетаньяху мәлімдемесінде.

Осы уақытта Хезболла содырлары сенбі күні Израильдің солтүстігіне ондаған зымыран атқылаған.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен сенбі күні қақтығыстың Газа секторынан тысқары жерлерге таралмауына және шексіз зорлық-зомбылық цикліне жол бермеуге шақырды.

inbusiness.kz

Comments (0)
Add Comment