Ізгіліктің ұйытқысы

Ықылас Дүкенұлы атындағы қалалық мәдениет үйінде 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесіне орай әлемнің жарығын сыйлаған жандардың құрметіне орай ән-жырға толы кеш ұйымдастырылды.

Құралай ІЗЕТБАЕВА Суретті түсірген Сәкен АБЖАПАРОВ

Сахна төріндегі көгілдір экраннан мерекелік ән шашу құйқылжып тұр. Күн нұрындай шұғыласын төккен қырмызы қыздар мен ақ жаулықты аналар бейбіт тірліктің, мызғымас бірліктің, жарқын болашаққа деген сенімнің, ізгілік пен мейірімділіктің ұйытқысындай шаттанып, мерекелік көңіл-күймен мәз-мейрам. Дархан жүректі, нәзік жанды аяулыларды алдымен қала әкімі Айтқазы Қарабалаев құттықтады.

– Мерейлі мереке құтты болсын. Алып анадан туады. Аяулы ана, асыл қарындас, қыз-келіншектердің нұрлы жүзінің арқасында қуанышты күн, мерекелі кеш өтіп жатыр. Осы көктемнің шуақты күнінде жаңа соғылып жатқан 15-ші мөлтек ауданда облыс әкімі Бердібек Сапарбаев 135 пәтер кілтін табыс етті. Оның ішінде 27-сі балалар үйінде тәрбиеленген балаларға берілді. Бұл қуаныш жалғасын табады. Осындай шаттыққа толы мерекелер көп болғай, – деді қала әкімі.
Одан кейін сөз алған қалалық мәслихаттың хатшысы Батырбек Құлекеев те бірі дәрігер, ұстаз, есепші және тағы басқа да әр салада ел ертеңі үшін еңбек етіп жүрген нәзікжандыларға еңбекте табыс, өмірде зор денсаулық тіледі.

– Көктем мерекесі – отбасының жылуын сақтап, жақсысын асырып отырған аяулы нәзікжандыларға зор қуаныш сыйлайтын ең ғажап күн. 8 наурызда өзіңнің нәзік екеніңді ойлап, сыйлық алуға, еркелеуге болатыны үшін төбең көкке жетеді. Ал бүгін қала әкімі Айтқазы Қарабалаевтың нәзікжандыларды құттықтап, сыйлаған шоқ гүлдері біздің жүрегіміздің төрінен орын алды. Мен қалалық мәдениет үйінде өткен кешті көру үшін немеремді ертіп келдім. 3 жылдан кейін зейнетке шығамын, – деді Айгүл Маратқызы.

Comments (0)
Add Comment