Көгілдір күмбезді көк аспан әлемінде жаңа ай туып, жер бетіне шуағын шаша бастады. Бұл айдың тууын мүміндер аңсап, асыға күтеді. Рамазан айының әрбір сәті төгілген інжу-маржан секілді. Оны жинаған да, жинамаған да өкінеді. Жинамағандар «неге жинамадым?» деп өкініштен өртенетін болса, жинағандар «неге көбірек жинамадым?» деп өкінеді. Себебі тастың алтынға айналғаны секілді бұл айда жасалған әрбір жақсы амалдың сауабы еселеніп беріледі. Биылға қасиетті ай карантин уақытына келді. Иә, бұл тарихта болмаған. Осыған орай күні кеше сайланған ҚМДБ-ның Жамбыл облысындағы бас имамы Бейбіт Мырзагелдиевпен сұхбаттасқан едік.
– Бейбіт Әліпбекұлы, қасиетті айдың берекесі туралы айтып өтсеңіз…
– Қасиетті ай туғанда он төрт ғасыр бұрын Алла Елшісі адамдарды былайша сүйіншілеген: «Ей, адамдар, ұлы және қасиетті ай жақындады, төбелеріңе көлеңкесі түсті. Бұл айда мың айдан да қайырлы Қадір түні бар. Алла сол қасиетті айдың күндізінде оразаны парыз қылды, түндерінде нәпіл намазын заңды қылды. Бұл айда үлкенді-кішілі жақсылық жасаған адам басқа айларда бір парызды орындағандай сауап алады. Бұл айда бір парызды орындау басқа айлардағы жетпіс парыз болып есептеледі. Бұл ай – Алла үшін аштық пен шөлдің, құлшылық пен тағаттың машақаттарына сабыр мен төзімділіктің айы. Сабырдың қайтарымы – жұмақ. Бұл ай – жәрдемдесу айы. Бұл ай – мүміндердің ризығын арттыратын ай. Бұл айда кім ораза тұтқан мүмінге аузын ашатын бір нәрсе беретін болса, жасаған бұл ісі күнәларының кешірілуіне және тозақтан құтылауына себеп болады. Ораза тұтқан адамның сауабы азаймастан, соның алатындай сауабына ие болады». Иә, бұл – әрине, барша мұсылманды сағындырып жеткен қасиетті Рамазан айы! Алғашқы мұсылмандар осынау мүбәрак аймен қимай қоштасып, ал келесі жылы құдды қырық жыл көрмеген қонағын күткендей құшақ жая қарсы алады екен. Өйткені бұл ай – әрбір жанға иләһи мейірімнің бір сынығын сыйлайтын сауабы мол маусым. Алланың Елшісі (с.ғ.с.) ұлық айды ерекше бағалап, үмбетіне үлгі қалдырған. Имам Ахмад жеткізген риуаятта Пайғамбар (с.ғ.с.) Ражаб айы кірген уақытта: «Уа, Алла! Бізге Ражаб пен Шағбанның берекесін бер! Рамазанға аман-сау жеткізе көр!» (Ахмад хадистер жинағы), – деп тілек тілеген екен. Алла Тағала былай дейді: «Уа, мүміндер! Өздеріңнен бұрынғыларға парыз етілгендей сендерге де ораза ұстау парыз етілді. Бәлкім, сол арқылы күнә атаулыдан сақтанып, тақуалыққа жетерсіңдер» (Бақара сүресі, 183-аят). Рамазан – он бір ай бойы кір шалып, тот басуға аз қалған рух пен жүректің қайта тазарып, кемелденуі үшін Құдай Тағаланың арнайы бекіткен киелі бағдарламасы. Рамазан – атойлаған нәпсіге тойтарыс беріп, оған қылбұрау сала ауыздықтау айы. Рамазан – қара ниетті шайтанның ауыз бекіткен адам баласын азғыруда амалы құрып, кері шегінетін айбарлы айы. Мұхаммед пайғамбардың (с.а.у.): «Рамазан айы келгенде, жәннаттың есіктері айқара ашылып, тозақтың есіктері жабылады, шайтандар кісенделеді», – деуі бұл айда шайтан атаулының көксегеніне жете алмай, дымы құритынын білдіреді. Рамазан – құлдың Хақ Тағалаға барынша жақындау үшін күллі қам-қарекетін салатын, бар жігер-қайратын төгетін ұлы ай. Рамазан – сексен үш жылдың сауабына тең келер қасиетті Қадір түні бар ең берекелі ай.
– Биылғы Рамазан айы қай уақытта басталады?
– Биыл исі мұсылман жұртшылық асыға күткен қасиетті ай сәуірдің 24 жұлдызында басталады, ал 23 сәуірде тарауық намазы оқылады және ораза 30 күнге толмақ. Ұлық ораза айт мерекесі 24 мамырда аталып өтеді. Бүгінгі күллі әлемді аузына қаратып, уайым мен сарсаңға салған коронавирус пандемиясы салдарынан көпшілік карантинде үйлерінде отыр. Ал мешіттерде жамағатпен намаз оқуға сол себепті де уақытша тыйым салынды. Осы орайда карантиндегі Рамазан айы қалай болмақ деген түрлі сауалдар туындап отыр. Соларға жауап беріп көрелік. Әлбетте, қалың бұқара болып жиналып, қасиетті айда қамкөңіл болып атойлай алмаспыз. Аурудың тарамауы үшін де осы дұрыс. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Бір жерден оба шықты деп естісеңдер, онда барушы болмаңдар. Ал егер сендер тұрған жерден шықса, обадан қашып ол жерден шықпаңдар», – деген хадисі бар. Осы өсиетке амал жасап, әркім өз отбасында Рамазан айында жасалатын амалдарды жасап, иманы мен амалына, мінез-құлқына көңіл бөліп, қайырымдылық та жасай алады емес пе?
– Карантинге байланысты оразаны кейін өтеуге бола ма?
– Шариғат бойынша балиғатқа толған, ақыл-есі дұрыс әрбір мұсылманға Рамазан айында ораза ұстау – парыз. Алайда жолаушыларға, сырқаттанған немесе денсаулығы нашар адамдар ауруының асқынуынан қауіптенсе және сенімді дәрігер ұзақ уақыт бойы ашығудан денсаулығы күрт нашарлап кетуі мүмкін деген шешім қабылдаса, сондай-ақ жүкті немесе омырауда баласы бар әйелдерге ораза тұтуды кейінге қалдыруға, денсаулығы дұрысталған келесі жылдарда қарыз күндерін өтеуге шариғат рұқсат береді. Ал ораза әрбір ақыл-есі дұрыс пендеге парыз болғандықтан, дені сау адам әлемде карантин болып жатыр деп бекерге оразаны тәрк етуі дұрыс болмайды.
– Карантинде ауызашарды қалай беруге болады?
– Рамазан айында ауызашар берудің сауабын білмейтін адам кемде-кем шығар. Алайда бүгінгі оқиғаларға байланысты бұл сауапты амалды қалай жасаса болады? Бұл жайлы ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы: «Жұқпалы індеттің таралуының алдын алу мақсатында мешіттерде, дәмханаларда, қоғамдық орындарда, т.б. мекемелерде жиналып ауызашар беруді уақытша тоқтатуға шақырамыз. Сондықтан карантин күндері әркім өз шаңырағында отбасы мүшелерімен ауызашар өткізуге, көпшілік орындарда (дәмхана, мейрамхана, т.б.) жиналмауға үндейміз. Қазіргі жағдайға қарай ораза ұстаған адамдарға ауызашар беруде мынадай қайырлы амалдарды жүзеге асыруға шақырамыз: мейрамханаларға тапсырыс беріп, аузы берік адамдарға тамақ тарату; әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға азық-түлік тарату арқылы ауыз аштыру; ауызашарға жұмсалатын шығындарды ораза ұстаған адамдарға қаржылай беру, т.б.», – деп атап өткен болатын. Міне, осы кеңестерге жүгініп, ауызашар сауабынан құр қалмайық деген кісілер үйде отырып, осылай игілік жасаса болады. Үйде ораза ұстаушы адамның ауызашардағы суын дайындап берудің өзі сауап екенін ұмытпаңыздар!
– Тарауық намазы карантинде қалай болмақ?
– Тарауық намазы мешіттерде жамағатпен оқылмайды. Әркім тарауық намазын өз шаңырағында отбасы мүшелерімен оқуына кеңес береміз. Біз осылай оқшаулану арқылы жұқпалы індетті жеңеміз.
– Пітір садақасын қалай береміз?
– Биыл пітір садақасы жан басына 370 теңге болып бекітілді. Карантинге байланысты Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мобильді қосымша арқылы пітір беру жолдарын қарастырды. Каспий банк пен діни басқарма бұл турасында келіссөз жүргізуде. Нәтижесінде Kaspi.kz қосымшасында пітір-садақа бөлімі қосылып, ақша аударуға мүмкіндік туады. Ал биылғы фидия мөлшері оразаның әр күні үшін 1700 теңге деп бекітілді. Құранда Алла Тағала «Бақара» сүресінің 184-аятында: «Бір міскіннің тамағын берсін», – деген. Яғни фидия дегеніміз – ораза ұстауға шамасы келмеген адамның бір кедейді отыз күн таңда және кешке тамақтандыру немесе алпыс кедейді бір күн таңертең, яки кешке тамақтандыру. Оны ақшалай беруге де болады. Оның мөлшерін әр елдің мүфтияты нарыққа байланысты белгілейді. Фидия беруге шамасы келмеген кісі Алладан кешірім тілейді.
– Үйде отырып, мешітке бармай-ақ сауап жинауға болады. Бұл орайда көпшілік нені білуі керек деп ойлайсыз?
– Құран оқыңыз. Рамазан – Құран айы. Қасиеті мен қадірі асқақ ұлық айда көбірек Құран оқып, хатым жасап, жаттап, қазақша мағынасына да мән беріңіз. Хадисте: «Кiм Алла Тағала Кiтабының бiр әрпiн оқыса, оған одан бiр жақсылық бар әрi жақсылық он есе арта түседi. «Әлиф-ләм-мим»-дi бiр әрiп демеймін. Бәлкiм,«әлиф»бiр әрiп, «ләм» бiр әрiп, «мим» бiр әрiп», – деген.
Мінез-құлқыңызға көңіл бөліңіз. Отбасыңызға көңіл бөліп, балардың діни тәрбиесін қадағалап, ағайын-туысқа хабарласып тұрыңыз. Ислам – иман, амал, ахлақтан тұрады. Бүгінгі күні ахлақ мәселесі мұсылмандар арасында ақсап тұрғаны жасырын емес. Діни кітаптар оқып, онлайн дәрістерге қатысып, өз мінезіңізді дұрыстауға көңіл бөліңіз!
Садақа беріңіз. Жарты құрманың құнындай болсын садақа беру, мұсылман бауырыңның қажетіне жарау, тіпті жолда жатқан кедергіні алып тастау – мұның барлығы садақа бергендей сауапқа кенелтеді. Ади ибн Хатимнен (р.а.) риуаят бойынша Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Жарты құрма болса да беріп, оттан сақтаныңдар», – деді.
Нәпіл намаздарын оқыңыз. Жұмыста жүрміз деп намазға кей кісілерде уақыт табылмаған болса, енді карантиндесіз. Намаз басатаңыз, оқып жүрген болсаңыз, нәпіл намаздарын қосып, Алла алдында ұзағырақ болыңыз! Бекітілмеген сүннеттерді қоса оқи жүріңіз. Хадисте: «Алла екінті намазының алдындағы төрт бас намаз оқыған адамды мейіріміне бөледі», – делінген.
Алла Тағала Рамазан айын бізге Өзі разы болатындай пайдалы өткізуді жазсын!
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан
Арайлым Шабденова
Сауабы мол сүннет
Тарауық намазы жиырма рәкәғат. Әр екі рәкәғаттан соң сәлем бергенімен, әр төрт рәкәғаттан соң бір сәт демалғаны үшін бұл төрт рәкәғатты «таруиха» деп атайды. Бір тарауық намазында бес таруиха бар. Таруық «дем алу» деген мағынаны білдіреді. Көпше түрі – тарауық.
Тарауық намазы – бес уақыт намазға тәуелді болмағанымен, белгілі бір уақыты бар намаз. Рамазан айында құптан мен таң намазы аралығында оқылатын жиырма рәкәғаттан тұратын бұл құлшылық мүәккәд сүннет (бекітілген, күшті сүннет) қатарына жатады. Иә, Рамазанда тарауық намазын оқу – Пайғамбарымыздың (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) сүннеті. Риуаят бойынша Пайғамбарымыз (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын): «Алла Тағала Рамазан айында оразаны парыз етті. Мен де тарауық намазын мұсылмандарға сүннет қылдым», – деп айтқан (Ахмед ибн Ханбал, Мүснәд). Тарауық намазы – еркектер мен әйелдер үшін мүәккәд сүннет. Өйткені бұл намазды Пайғамбарымыз (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) да, әділ халифалар мен қадірменді сахабалар да оқыған. Тарауық намазын жамағатпен оқу – сүннет. Ханафи мәзхабы тарауық намазының рәкәғат саны мәселесінде Хз. Омардың ұстанымына сүйенеді. Хз. Омар мемлекет басшысы ретінде адамдарға пайғамбар мешітінде халифалығының соңғы жылдарында тарауық намазын жиырма рәкәғат қылып оқытқан. Ол уақытқа дейін адамдар тарауық намазын жеке өз бастарына оқитын. Хз. Омар мешітке келгенде, жамағаттың бәрі өз бетінше намаз оқып жатқан болатын. Сондай тәртіпсіздікті байқаған Хз. Омар сол күннен бастап бір имамның артында жиырма рәкәғат тұратын тарауық намазын оқуды бұйырған. Әділ халифалардан кейін тарауықтың жиырма рәкәғат болып жамағатпен оқылуына ешкім қарсы шықпаған. Алла Елшісі (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын): «Менен соң менің сүннетімнен және әділ халифаларымның сүннеттерінен алшақтамаңдар», – деп айтқан. (Әбу Дәуіт, Тирмизи, Ибн Мәжә). Екіншіден, Ибн Аббастың Рамазан айында жамағаттан бөлек тарауық намазын жиырма рәкәғат оқығаны, артынан үш рәкәғат үтір намазын оқығаны риуаят етілген (Шәуқани ІІІ,53). Әбу Ханифадан Хз. Омардың істеген бұл ісі туралы сұрағанда былай деп жауап берген: «Тарауық – күшті сүннет. Хз. Омар оны өздігінен шығарған жоқ. Бұл жайлы ешқандай жаңа нәрсе де қоспаған. Ол тек мұны өзі білген дәлелге сүйене отырып орындаған. Алла Елшісінен көргенін орындаған».
Тарауық намазының ұнамды, сауабы мол болу мақсатында келесі амалдар орындалса нұр үстіне нұр болары анық:
- Әр екі немесе төрт рәкәғатта сәлем беру.
- Әр төрт рәкәғатта сәлем бергеннен кейін, намаздың «тарауық» деп аталуына сай демалу. Демалу уақытында түрлі зікір, дұға етіліп, уағыз айтылса, тіпті үндемей отырса да болады. Себебі жаман сөз айтпай, үндемей отырудың өзі – ғибадат. Жалпы демалу барысында осы айтылған амалдың қайсысымен шұғылдану – жамағаттың ықтиярындағы іс.
- Тарауық намазында құранды бір рет хатым ету. Негізінде Рамазан бойы тарауық намазын оқу барысында Құранды бір рет хатым ету, яғни басынан аяғына дейін оқып шығу – сүннет.
- Тарауық намазын мешітте оқу. Себебі жамағатпен оқылатын намаздың абзалы – мешітте оқылған намаз.
ТАРАУЫҚ НАМАЗЫНЫҢ ТАСБИХЫ
Оқылуы: «Субхаанә зил-мүлки уәл-мәләкүүт. Субханә зил-иззәтә уәл-азамәти уәл-құдрати уәл-кибрия-и уәл-жәбәруут. Субханәл-мәлики-хаййл-ләзи лә йәмуут. Суббуухун құддуусұн раббүна уә раббүл-мәләәикәти уәррууһ. Ләә иләәһә иллаллаһү нәстәғфирұллааһ нәсәлүкәл жәннәтә уә нә узү бикә минәннар».
Қазақша мағынасы: «Патшалық және мүліктер иесі Алла пәк. Үстемдік, ұлылық, құдірет, үлкендік және өктемдік иесі Алла пәк. Өлмейтін (мәңгі) тірі (патшалардың) патша Алла пәк. Өте пәк, тым кіршіксіз Раббымыз, әрі періштелердің Раббы, әрі Жәбірейілдің Раббы, Алладан басқа ешбір Тәңір жоқ. Алладан жарылқау тілеймін. Я, бір Алла! Сенен жәннат тілеймін және тозақ отынан сақта деп саған сыйынамын».
Асхат АКМАМБЕТОВ,
«ҺибатуллаТарази» мешітінің ұстазы