Ізгіліктің бастауы – алғыс айту

Ізгіліктің бастауы – алғыс айту

Елімізде 1 наурыз – Алғыс айту күні ретінде 2016 жылы Қазақстан халқының Ассамблеясының құрылуына орай белгіленген болатын. Осы күні жыл сайын барлық қазақстандық бір-біріне мейірбандық танытып, ыстық ілтипаттарын білдіреді.

Түрлі этнос өкілдерінің депортация кезінде өз жақынындай қабылдаған қазақтарға Алғыс айту күні ретінде басталған атаулы күн бүгінде жалпы халықтың бір-біріне жылы лебізі мен ақжарма тілегін арнайтын мерекеге айналды. Сонымен қатар биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 30 жыл толып отыр. Еліміздегі бірегей институттың мерейтойы жалпы қазақстандықтар үшін айрықша маңызға ие. Оның бір дәлелі – қоғамда адами құндылықтарды мейірімділікті, достықты, ризашылықты, азаматтардың бір-біріне деген сүйіспеншілігін ілгерілету арқылы қазақстандық бірегейлік пен халық бірлігін нығайту және дамытуға басты назар аударылып келеді.
Әр адам жақсылық үшін алғыс алады және оған көрсеткен көмегі, қолдауы үшін рақметін білдіреді. Бұған қоса, өз жұмысын адал атқаратын және сол арқылы еліміздің дамуына өз үлесін қосатын, белсенді азаматтық ұстаным танытатын, тұрақтылық пен бейбітшілікті сақтау, қоғамдағы бірлік пен келісімді нығайту жолында еңбек ететін жандарға да алғыс айтамыз.
Осы ретте барша қазақстандықтар мен жамбылдықтарды, жалпы Ассамблеяның дамуы жолында шын ықыластарымен еңбек етіп жүрген әріптестерімді Алғыс айту күнімен шын жүректен құттықтаймын! Сіздерге денсаулық пен амандық, кәсіби және жеке табыстар, өсіп-өркендеу тілеймін. Бұл мейрам – адамның жан-дүниесін тазартатын, жүрегін жұмсартатын, мейірімін оятатын сауапты күн. Әсіресе, бір мүддеге негізделген, бір құндылықты бөліскен, бір мекенді ортақ Отан еткен адамдар арасындағы алғыс пен сыйластық қоғамның рухани тыныштығына, бауырмалдыққа жетелеп, ризашылыққа қауыштыратын сәт. Ендеше, жүректеріміз әрдайым мейірім мен қуанышқа толып, арқалағанымыз тек алғыс болсын!

Мубарак Жинақбаева,
Жамбыл облысы әкімдігі ақпарат және қоғамдық даму басқармасының
«Қоғамдық келісім» КММ басшысы

Comments (0)
Add Comment