Ізгілігі мен игілігі ұштасқан

Тараз қаласы әкімдігінің мәжіліс залында қала әкімі Ержан Жылқыбаев «Мерейлі отбасы – 2021» ұлттық байқауының қалалық кезеңінің қорытындылары бойынша анықталған жеңімпаздарды марапаттады.

Кұралай ІЗЕТБАЕВА

Елбасының бастамасымен қолға алынған ұлттық байқау биыл жетінші жыл қатарынан өткізілуде. Аталмыш сайыстың мақсаты – әрбір тамыры тереңге жайылған шаңырақтың шаттығын арттырып, адамгершілік құндылықтарды қайта жаңғыртып, отбасы мәртебесін көтеріп, жас буынға үлгі ету.

Ата-баба салтына берік, барлық қағида мен қасиетті бойына дарытып, ізгілігі мен игілігі тасыған босағасын берік етіп, тұрлауы мол тіршілікте отбасының туын кірлетпей, тік ұстағандар осы байқауға қатысуға мүмкіндік алған болатын. Бұл қызықты сайыстың қалалық кезеңіне түрлі салада еңбек етіп жүрген 17 отбасы қатысты.

– Тәрбиелі, аяғынан нық тұрған, тәртібі мен тәлімі сай шаңырақтан мемлекет құралады. Барлық жақсылық атаулы ізгі әрі мерейлі отбасылардан шығады. Осындай үлгі аларлық сайыстың талаптарына сай отбасының мүшелері байқауға қатысты. Әрбір қатысушыға шаңырақ шаттығын тілеймін, – деп қала басшысы ізгі ниетін білдірді.

Арнайы құрылған комиссия шешімімен дәрігерлік кәсіпті атадан балаға мұра еткен Умаровтар және көпұлтты Ханбабаевтар отбасылары үздік деп танылып, құжаттары облыстық кезеңге жолданды. Енді олар облыстық деңгейде қаланың намысын қорғайтын болады. Биылғы жылдың 28 мамырында Анваржан Ханбабаев Эльбрус шыңына шығып, еліміздің туын көкке көтерді. Ұлттық тәрбиені ұлықтайтын бұл байқаудың маңызы ерекше. Отбасы – береке-бірліктің қайнар көзі. Ендеше, әрбір жанұя мерейлі, мәртебесі биік болса, қазақ елінің де абыройы асқақ болары анық.

Сондай-ақ комиссия мүшелерінің шешімімен ұлттық конкурсқа қатысып, белсенділік танытқан көпбалалы Әбдірамановтар және ерекше отбасы екендіктерін дәлелдеген Ақбаевтар отбасы да жеңімпаз болуға лайық деп танылды.

– Отбасылық байқауға қатысқанымыздың өзі біз үшін үлкен мәртебе болды. Бала тәрбиесі әкесін құрмет тұтып, ақ жаулықты анасын сыйлап, бауырларына қамқорлық танытудан бастау алады. «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі». Баланың жақсы болмағы ата-анасының қарым-қатынасынан деп ойлаймын. Әке мен шеше бір-бірін аялай білген отбасынан жаман бала шықпайды. Барша шаңыраққа шаттық тілеймін, ұрпағымыз мың жасасын. Балалар анасы мен әкесін, ата-анасы бала-шағасын мақтан тұтатын болса, ол ең нұры шалқыған бақытты жанұя деп айтар едім, – деді Умаровтар отбасының анасы Марифат Азизова.

Қалалық кезеңнің жеңімпаздарын қала әкімі Алғыс хаттармен марапаттап, бағалы сыйлықтар табыстады.

Comments (0)
Add Comment