Қызылорда қаласының Берік Сағындықов есімді тұрғыны өткен жылдың 15 желтоқсанында үйінен шығып кетіп, қайта оралмаған. Бірнеше күннен кейін 35 жастағы баласына алаңдаған ата-ана құқық қорғау органдарына жүгініп, ұлдарын тауып беруді өтінген. Алайда еш нәтиже болмапты. Әкесі 25 қаңтар күні қалалық полиция басқармасына қайта барған кезде ғана, тергеушілер қаралы хабарды жеткізіпті. Табылған жігіттің мәйітін олар өздері көміп үлгерген екен. Қайғыдан қан жұтқан отбасы әлі де еш жия алар емес, деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.
Берік Сағындықов отбасының төртінші ұлы. 35 жастағы азамат 15 желтоқсан күні үйінен шығып кеткен. Ол қайтып келмегеннен кейін ата-анасы құқық қорғау органдарына жүгінген. Бірақ еш хабар болмаған. Уайымға батқан жандар ұлдарын өздері де іздестірген. Соңына дейін аман табылатынына сеніп, үміттерін үзбеген екен.
«Берік үшін бәріміз уайымдап жүрдік, күтіп жүрдік. Учаскелік полиция инспекторынан күнделікті хабар алып отырдық, үнемі байланыста болатынбыз. 25 қаңтар күні атам Қызылорда қалалық полиция департаментіне барды. Ол кезде полицейлер ештеңе айтпаған. Кешкісін үйімізге екі тергеуші келіп, Беріктің 18 желтоқсан күні көз жұмғанын жеткізді. Бізге ешқандай хабар бермей, өздері көміп тастапты. Төбемізден жай түскендей болдық, әлі есімізді жинай алар емеспіз», – дейді Беріктің туған жеңгесі Ұлдай Байғабылова.
Қайғыдан қан жұтқан жандарға Бейіттің мәйітін тергеушілердің өздері көрсеткен. Ұлдайдың айтуынша, мәйітті арулап, ақтыққа орап көмбеген. Бетін шүберекпен жаба салған екен. Туыстары мәйітті қайта қазып алып, Берікті Бесарық ауылындағы ата-әжесінің жанына жерлепті.
«Мәйітті қазып алуға барған кезімізде, бейіттің басындағы шырақшымен сөйлестік. Ол кісі Берікті екі полицей көміп кеткенін айтып берді. Қайнымның намазы да шығарылмаған, Құран да оқылмаған. Ата-анасының көзі тірі бола тұрып, ініміздің мәйіті қорланды. Ең сорақысы, Беріктің киімін де жанына көміп кетіпті. Мұсылман бола тұра, осындай әрекетке барған адамдар жазалануы тиіс», – деп ашынады Ұлдай.
Күні кеше жақындары Беріктің бейсенбілік асы мен қырқын беріпті. Жас жігіттің ата-анасының жағдайы өте ауыр. Әсіресе, анасының денсаулығы сыр берген. Айдың-күннің амандығыңда ұлдарынан айырылған жандар әділеттілік іздейді.
«Өлген итті де олай көмбейміз ғой. Мәйітті көмген жердің тереңдігі бір метр де болмайды. Бізге неге хабар берілмегені түсініксіз. Ең болмағанда, учаскелік инспекторға айтуға болатын еді ғой. Біз сөйлесуге барғанымызда, тергеуші байланысуды ұмытып кеткенін айтты. Күйеуіме «ренжімеңіз» депті. Бұл не сұмдық. Бауырымызды мұсылманша дәстүрмен соңғы сапарына шығарып салатын едік. Өкініш пен ыза өзегімізді өртеп бара жатыр», – дейді марқұмның жеңгесі.
Осы оқиғаға байланысты, Қызылорда қалалық полиция департаментінен түсініктеме сұраған едік. Құзырлы орган қысқаша мәлімет берді.
«2021 жылдың желтоқсан айының 18-і күні сағат 16:10 шамасында Қызылорда қаласы көшелерінің бірінде белгісіз ер адамның мәйіті жатқаны туралы хабарлама келіп түскен. Аталған хабарлама бойынша Қызылорда ҚПБ жедел тергеу тобы барып, мәйітке байланысты мән-жайды анықтау барысында Қызылорда қаласы, Тасбөгет кенті, Жанқожа батыр көшесінің тұрғыны екені анықталып, сырттай қарау жүргізу барысында ешқандай зорлық зомбылық белгілері болмауына байланысты, нақты өлім себебін анықтау үшін мәйіт мәйітханаға тапсырылған. Мәйіттің жақын туыстарының табылмауына байланысты, ер адамның мәйіті жерлеу бюросы қызметкерлерімен жерленген», – деді полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Бүгінде Берік Сағындықовтың туыстары полицейлердің әрекеті еш ақтап алуға келмейтінін айтады. Олар Қызылорда облыстық прокуратурасына шағым түсірген.