Ислам – ізгі қоғамның бастауы

Тарихат жолын ұстанып, сопылық ілімді меңгерген ұлы бабаларымыздың біздерге аманаттап кеткен Ислам діні «дәстүрлі дін» деп аталады. Негізгі діндердің бәрі қазіргі қазақтың ата-бабаларының арасында дүниеге келген, ең алғашқы Алланың хақтығын танып, дін деген ұғымды дүниеге әкелгендер – солар. Өзге елдердің дініне «дәстүр» деген сөздің қосылмайтыны осыдан.

Аталарымыздан аманатқа қалған мұсылмандықтың бес парызын сақтай отыра, солар ұстанған тарихат жолымен жүру, соны ұстану, өзге дінге өтпеу, жат ағымға ермеу, ата-бабаларымыздың өліде аруағын, тіріде өзін сыйлау, әулиелерді құрметтеу, ұрпақ қамын ойлап, артыңа ұрпақ қалдырып, оны мұсылмандыққа тәрбиелеу, ұлттық мәдениет пен тарихты дәріптеу, тіліңді жоғалтпау, ұрпаққа үлгі болу, атамекенді сүйіп, туған жеріңді көзіңнің қарашығындай қорғау – бізге парыз. Ата-бабаларымыздың ежелден келе жатқан әдет-ғұрып, салт-дәстүрімен үндесіп, қабысып кеткен Ислам діні, яғни дәстүрлі дініміз – қазақ мәдениетінің алтын діңгегі. Аталарымыздың «дін – діңгегің» дейтіні осыдан.
Ислам дінінің бір ғана Орталық Азия мен Қазақстанда орнығуы осы өлкелерден дүние жүзіне танымал Әбу Насыр әл-Фараби, Қожа Ахмет Ясауи, Мұхаммед Хайдар Дулати, Қадырғали Жалайри, Әбуали ибн Сина, әл-Бируни, Фердауси, Низами, Жүсіп Баласағұни, тағы басқа көптеген ғұлама-ғалымдардың шығуына жол ашты. ХІІ ғасырға дейінгі Шығыс халқының ғылымы көптеген басқа шетелдерге үлгі-өнеге боларлықтай сатыға көтерілді. Сол өскелең өнер – ғылымның биік өрісін, Отырар қаласында 870 жылы дүниеге келген, қазақ ғұламасы әл-Фараби бабамыздың еңбектері әлемге паш етті. Оның «Ғылымдар энциклопедиясы», «Ғылымдардың шығуы», «Мәселелердің түпкі мазмұны», «Жұлдыз бойынша болжамдар», «Вакуди туралы трактат» атты еңбектерінің және Платон, Аристотель, Птолемей, Порфирий шығармаларына жазған түсініктерінің маңызы өлшеусіз ерекше болды. Тіпті ұлы бабамыз ауа қысымын зерттеген италиялық ғұлама Торигеллиден бірнеше ғасыр бұрын ауа қысымын өлшейтін құралдар жасап, ғылыми тәжірибелерін жүзеге асырған. ХІІІ ғсырдан бастап Ислам ғалымдарының көптеген еңбектері латын тіліне аударылып, Батыс Еуропа елдеріне тарады. Бұлардың ішінде әл-Фарабидің музыка, философия, оптика, геометрия, астрономия, медицина салаларына арналған ғылыми шығармалары болды.
Ғылыммен айналысқан ғалымдар, оқымыстылар Исламнан басқа діндерде, әсіресе Батыс елдерінде көп қуғынға ұшыраған, тіпті өлім жазасына да кесілгендері болған. Мысалы, жердің домалақ екенін айтқан Италия ғалымы, философ Джордано Бруно ХVІ ғасырда шіркеу сотының үкімімен «күнәһар» деп жарияланып, тірідей отқа өртелген. 1589 жылы 25 жасында Пиза университетінің профессоры атағын алған ұлы ғұлама Галилео Галилей жердің айналатынын дәлелдегені үшін шіркеу сотына берілген. Осы сотта ол жердің қозғалмайтынын мойындаймын деп жазылған қағазға зорлықпен қол қоя тұрып, «бірақ ол сонда да қозғалуда» дегені үшін Римдегі христиан сотының шешімімен үш жыл зынданға қамалған, қалған өмірін соттың бақылуында өткізген. Галилей 1642 жылы қайтыс болғанда шіркеу оны христиан мазарына жерлетпей қойған. Сол сияқты испан философы Липель Сервет қан айналысын зерттегені үшін ХVІІ ғасырда тірідей отқа өртелді, ал орыс патшасы Иван Грозныйдың дәрігері адамның мүше құрылыстарын зерттеу мақсатында өлікті сойғаны үшін дарға асылды.
Жиырма бірінші ғасырдың басында діннің саясаттануы қатты күшейіп кетті. Саясат деген өтпелі нәрсе. Демек, дін әу бастағы тазалығын сақтап тұруға тиіс. Дін саясаттанған жерде ол қолы лас, жаны лас адамдардың құралына айналмай қоймайды. Қазір мұсылмандардың талайы билікке моральді аяққа таптаған, рухтан безінген адамдар келген мемлекеттерде өмір сүріп жатыр. Террорлық актілерді ұйымдастырушылардың мұсылман елдерінен көп шығып жүргені бүкіл исламның жақсы атына кір келтіруде. Исламдық құндылықтар деформацияға ұшырағалы бері де біраз уақыт. Мысалы, Ауғаныстанда дін ислам бар деп айтуға бола ма? Жаратқан иеміздің құранды пайғамбарымыздың құлағына құйғандағы бірінші «Оқы!» деген сөз. Ал тәлібтер кітапқа тыйым салды. Дәстүрлі құндылықтардың құлдырай бастағанының бір белгісі – фитна. Мойынсұнбау, бүлік, бұлғақ атаулының бәрі – фитна. Радикалды мәзһабтың негізін салған Ибн Ханбал діннің діңгегін шайқап, қоғамдық моральды бұзатын ең алдымен осы фитна деген. Ол, тіпті нашар биліктің өзі фитнадан жақсы деген.
Жалпы, ислам барынша бейбіт дін ретінде қан төгудің қандай түрін де айыптайды. Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) даналығына құлақ салсақ, бір хадисте егер екі мұсылман бір біріне семсер сілтессе, онда өлген адам да тозаққа барады делінеді. Пайғамбарымыздан: «Жарайды, өлтірген адам тозаққа барсын, ал өлген адам неге барады?», – деп сұрағанда: «Ол өлтірмек ниетте болғаны үшін барады», – деген. Құран – білімнің қайнар бұлағы. Құранда келешекте адам баласы қандай ғылыми жаңалықтар ашады, яғни Ұлы Жаратушы Алла жасаған мынау жаратылыстың қандай құпия сырларын біледі, соның бәрінің жауабы жазылған. Тура математикалық есептердің жауабы сияқты. Ғалымдардың шамалауынша, қазірге дейін Құран мәтінінің небәрі 10 пайыздайының ғана мәні ашылған, қалған 90 пайыздайы өз уақытын күтіп жатыр.
Шын мұсылман деген – софы деген сөз. Исламнан софылықты бөліп алып қарау – адамның кеудесінен жүрегін бөліп алып қараумен тең. «Барлық діннің тамыры бір, бірақ фурағасы (шариғаты) бөлек» деген. Софылық – пайғамбарлардан бері келе жатқан жүректің ілімі. Пайғамбарымыз айтыпты: «Ақырдың алдында менің дінім 73-ке бөлінеді, оның біреуі ғана хақиқат» деп. Қазір біз дәл сол кезеңге тап келіп тұрмыз. Көп ұзамай тұман айығады, күмән сейіледі. Дін қалпына, дүние орнына келеді. Діннің мақсаты – адамның жүрек көзін ашу.
Қожа Ахмет атамыз өзінің «Диуани хикмет» атты еңбегінде жалпы адам баласының қарапайым адамнан кемел адам деңгейіне көтерілудің төрт сатысы болатынын, яғни ислам әлемінің төрт тірегінің үйлесім табуы қажет екенін ескертеді. Оларды ұлы ақын былайша сипаттапты:
«…Өтті ғұмырым, шариғатқа жете алмадым,
Шариғатсыз тарихатқа өте алмадым.
Хақиқатсыз мағрипатқа бата алмадым,
Жолы қатты пірсіз қалай өтер, достар», – деп толғаған.
Демек, шариғат та, тарихат та, хақиқат та мағрипатсыз (ғылым-білім) ешнәрсеге аспайды екен.
Ата-бабаларымыздың өткен тарихын білуіміз қажет. Қазақта бұл жайлы «Тегін білмеген – тексіз», «Жеті атасын білмеген – жетесіз», «Жеті атасын білген ұл жеті жұрттың қамын жер, Жеті атасын білмеген құлағы мен жағын дер» делінеді. Тарих болғанда, қазіргі тарихшылардың айтып та, жазып та және ең басты мақсат етіп қойып жүргендеріндей, ұлы аталарымыздың туған немесе өлген күндері емес, олардың бүгінгі әлем мәдениетіне қосқан үлестерін және олардың аты-жөндерін біліп, сол үшін мерейленуіміз шарт. Келер ұрпақ сол ұлы аталарының ізгі істерін алға жалғастырып, олардан да асып түсуге, тіпті ең болмаса соларға ұқсап бағуға тиіс.
Қазіргі көптеген Құран оқитындардың Құранды түсінбей жүргендерінің басты себебі олардың тарихатты мойындамайтынында жатыр. Ал Құран болса тұнып тұрған нағыз тарих пен ғылым. Онда адам баласының 70 мың жылғы тарихынан хабар беретін қаншама деректер келтіріліп, қаншама пайғамбарлардың, ұлы ғұламалар мен ұлы патшалардың атқарған игі істері мен есімдері аталады. Демек, тарихатқа жүгініп, оны білмесең Құранды ешқашан түсіне алмайсың. Ата-баба тарихының жақсысын да, жағымсызын да білуге тиіспіз. Бұл бізге аталарымыз жіберген қателіктерге ұрынбай, жақсысын жалғастыру үшін қажет.
Құдай мен Құранды мойындамай, ата-бабаларыңның тарихын білмей адам баласының көзі ешқашан ақиқатқа жетпейді. Әрқашанда ақиқатты біліп, ақиқатқа жүгінген адам ғана Алланың сүйген құлы. «Алланың жолы ақиқат» делінетіндері де осыдан. Шынында да, жер бетінде ақиқат пен әділетті іздемейтін адам жоқ. Тіпті өмір бойы Алланы мойындамай, адам баласына жақсылық жасап көрмеген, ең әділетсіз адамның өзі басына іс түскенде ақиқат іздейтіні кім-кімге де белгілі емес пе?! Демек, жоғарыда аттары аталған үш сатыдан (Шариғат, Тарихат, Ақиқат) өту әр бір қазақ баласы үшін парыз, міндет болып табылады. Осы жоғарыда көрсетілген үш сатыдан өткенде адам баласының алдынан «мағрипат», яғни ғылым мен білімге кең жол ашылады. Адам баласы өз жанынан ғылым шығара алмайды, жаралып, жасалып қойған нәрселерді сезеді, көзбен көріп, ақылмен біледі. Яғни, тек қана жаратушы Алла тағалаға аян дүниелерге көзі жетеді.
Көрсетілген үш сатыдан, яғни шариғат, тарихат және ақиқаттан өтіп барып жасалған ғылым халыққа қызмет жасайды, олардың аты ел аузынан ешқашан түспейді. Аттары әспеттеліп, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, мыңдаған жылдарға кетеді. Мысалы, Шопан атаны алайық, даланың жабайы аңы – арқарды ең алғашында ұстап алып, қолға үйретіп, оны қойға айналдырған атамыздың аты Шопан. Сондықтанда бүкіл қазақ баласы Шопан атаны қойдың, қойшының пірі (ұстазы) деп ардақ тұтады. Сонымен қатар Шопан атамыздың атын дәріптеп, ұмытпау үшін қой бағатын бүкіл малшы, қойшыны да шопан деп атай береді. Демек, Шопан атамыздың аты Қазақ пен оның ана тілі тірі тұрғанда өлмейді. Ал үш сатыдан өтпей барып жасалған ғылым халыққа қарсы қызмет жасайды. Олардың есімдерін ешкімнің білгісі де келмейді және оларға қарғыс айтылады. Мысалы, адамзатты жаппай қыратын ядролық, нейтрондық, сутегілік қаруларды ойлап тапқан адамдарға қандай құрмет болуы мүмкін.
Біздің аталарымыз осы төрт сатыдан өтіп, оларды толық меңгерген жандарды «әулие» деп атаған. Ата-анамызды, бауырымызды қаншалықты құрметтеп қадірлесек, Отанды да солай қастерлеуіміз керек. «Отанды сүю – иманнан» деген Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадисі бар. Ата дініміз – Ислам Отанды сүю иманнан келетінін ашып көрсеткен. Демек, отансүйгіш ұрпақты қалыптастыру үшін имандылыққа бет бұру уақыт күттірмес Алладан парыз болған амалды орындау.
Біз жоғарыда келтірілген деректерден Абай атамыз айтқандай, «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» екенін және бүкіл тіршілік иелерінің Алла деп зікір салатынын көреміз. Тарихат жолын ұстанған сопылардың да салып жүргені осы зікір. Қазақи балалардың «Алақай» деп қуанатындары да Аталарымыздың «Аллаһай» деген зікір сөзі. Мешіттерде бес мезгіл намаз оқылар да, намаз оқудың басы бес мезгіл Азан шақырумен басталатыны да осыдан. Бұл да болса Ислам дінінің өз бастауын Әз (Қазақ) атамыздан алатынының айдай айғағы.
Қазақ елін әр түрлі дағдарыстардан аман алып шығу немесе тіпті ондайларға ұрындырмау үшін қазақтың әрбір отбасы қаражаты жетсе, барлық балаларын, жетпесе, әр отбасыдан, тіпті болмаса жақын туыстар бірігіп араларынан қазақтың ұлттық қасиетін бойларына толық сіңірген, ең талантты бір баласын білім бәйгесіне қосулары керек. Аталарымыз бұл қағиданы ежелден білген. Әйтпесе «Білекті бірді, білімді мыңды жығар» деп айтпаған болар еді. Бұл біздің ежелгі ата-бабаларымыздай, әлем мәдениетінің қақ төрінен өзімізге тиесілі орынымызды иемденуіміздің кепілі болмақ.
Мемлекет құраушы ұлтты қадірлемейтін, ұлттың Ана тілін білмейтін, дәстүрлі дінінен ажыраған, адами қасиеті төмен, тек қана қара басының қамын ойлайтын жемқор, парақор, ел билігіне араласатын жасқа жеткенше отбасын құра алмаған немесе отбасын тастап кеткен мейірімсіз жандарды биліктің еш бір сатысына араластыруға болмайды. Адам ел билеу үшін, бірінші отбасын құруды, дүниеге ұрпақ әкеліп, оларға дұрыс тәрбие беруді және жағымды іс-әрекетімен елге үлгі бола білуді меңгеруге тиіс. Биліктің барлық сатысындағы лауазым иелеріне қиянатқа жол бермеуді және тек қана жақсылыққа жарысуды ұсынамын.
Қорыта айтқанда, Құранды зейін қойып оқыған адам одан ғылыми ізденістерге кедергі келтіретін бірде-бір аятты кездестіре алмайды. Керісінше, көптеген аяттар Алла тағала жасаған нәрселердің бәрі адамзат игілігі үшін зерттеуге мүмкіндік беретін ғылыми қағидаларға толы. Тарихта ешқашан Ислам мемлекеттеріндегі ғалымдардың еркін ойлауына қарсы болатын, зерттеулері мен жаңа нәрселерді ойлап табуына тыйым салатын оқиғалар болған емес. Қашан да ғалымдарға рухани жағынан сый-құрмет көрсетіліп, олардың қоғамдық ортадағы мәртебесі жоғары деңгейде бағаланып отырған.

Мұхамбеткәрім ҚОЖЫРБАЙҰЛЫ,
жазушы

Comments (0)
Add Comment