Іскер әйелдер ісі ілкімді

Ілмекті ине, түйнекті түйме ете білгендіктен, амалын тауып, кәсібін дөңгелетіп отырған нәзікжандылар қашанда қолдауға лайық. Өз ісінің жолында жанын беріп, бесік пен әлемді қатар тербеткен Жамбыл облысының іскер әйелдер қауымдастығында 300-ге жуық мүше бар. Оның 100-ден астамы тараздықтар. М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің конференц-залында қала әкімі Ержан Жылқыбаев қаламыздың мәдени-экономикалық дамуына үлес қосып жүрген арулармен кездесті.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ Суретті түсірген Сәкен АБЖАПАРОВ

Іс-шара басында Ержан Жұматұлы әйел-ананың қоғамдағы маңызды рөлін атап өтіп, құшағынан кең даланың мейірімі төгілген аруларға алғыс айтып, қасиетті Рамазан мерекесімен құттықтады.

– Қазіргі таңда әйелдер қауымы отбасында ғана емес, қоғамдық жұмыстарда да белсенді. Сан саланың дамуына үлес қосып, кәсібін дөңгелетіп отырғандары да баршылық. Олардың арасында жастардың да көптігі көңіл қуантады. Тараздық іскер әйелдердің бірі өндіріс, білім, ғылым, денсаулық сақтау, мейрамхана ісі салаларында жетістікке жетсе, енді бірі ғаламтордың мүмкіндігін пайдаланып, бизнес бастаған. Бүгінде кәсіптен нәсіп тауып қана қоймай, бірнеше жұмыс орындарын ашып отыр. Бір қолымен әлдиін, екінші қолымен әлемді тербеткен асыл жандар барлық сый-құрметке лайық, – дей келіп шаһар басшысы алдымен сөз кезегін облыстық іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Меруерт Лештаеваға берді.

Қала әкімінің пікірін жалғаған Меруерт Қаттабайқызы өз кезегінде атқарған істеріне тоқталып, сондай-ақ көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға көмек көрсету тақырыбын көтерді.

– Пандемияға қарамастан, соңғы бір жыл ішінде жасалған шаруа шаш етектен деуге болады. Көптеген идеялар жүзеге асырылды. Олардың ішінде тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбаны болған әйелдердің мұң-зары тыңдалып, қамқорлық танытуға тырыстық. Сонымен қатар қолдауға өте мұқтаж адамдарды азық-түлік, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз еттік. Олар – жалғызбасты зейнеткерлер мен аз қамтылған отбасылар. Іскер әйелдер қауымдастығы қаладағы ауруханаларды оттегі концентраттарымен және медициналық қызметкерлерге арналған арнайы қорғаныш киімімен де қамтамасыз етуге атсалысты. Ал жыл сайынғы дәстүр бойынша «Мектепке жол» атты жоба аясында 128 бала 1 қыркүйек қарсаңында қажетті керек-жарақтармен қамтамасыз етілді. Алдағы уақытта көпбалалы аналарға қаржылық тәуелсіздікке қол жеткізуі үшін өз кәсібін ашуға көмектесуді жоспарлап отырмыз. Пандемияға байланысты кіріс азайып отырғандықтан, барлық жоспарларды жүзеге асыру мақсатында қолдау күтеміз, – деді Меруерт Қаттабайқызы.
Өз кезегінде қала әкімі жоғарыда аталған барлық аспектілерді қолдайтынын атап өтті. Сонымен қатар белсенді әйелдерге өз тарапынан барлық қиындықтарға қарамастан, атқарылған жұмыстары үшін алғысын жеткізді.

Еңбек ардагері Камилаш Ахметжанова болса, жиналғандардың назарын қаладағы карантин мен мәліметтер базасын цифрландыру мәселелеріне аударды. Ал Дулати университеті «Ұстаз» институтының директоры Орынқыз Жолдасова: «Біз психологиялық тұрғыдан аналарға, мұғалімдерге, оқушылар мен студенттерге көмектесуге тырысамыз. Қазір мұның бәрі онлайн-конференциялар форматында өтіп жатыр. Бізде ойын-сауық нысандары көп болғанымен, балаларға арналған секциялар аз. Біз жеткіншектердің ой-өрісін дамытумен қатар, қызықтыруға да тырысуымыз керек. Мысалы, біздің ақысыз сайттарымыздың артықшылықтарын пайдаланып, онда түрлі ойындар өткізуге атсалысамыз. Осындай іс-шараларды тек қалада ғана емес, бүкіл облыста өткізуді қолға алсақ болар еді. Бұл жұмысты әзірге тек онлайн форматта бастадық», – деді өз сөзінде. Әкім өз кезегінде балаларға арналған белсенді демалысты дамыту жөніндегі идеяны қолдайтынын атап өтті.

Келесі сөз қалалық мәслихаттың депутаты, қалалық «Jambyl-Taraz» газетінің директор-бас редакторы Эльмира Мырза-Ғалиға берілді. Ол өткен жылы болған бірнеше сәтті жобаларды еске түсірді.

– Былтыр көктемде Тараздың қақ төрінде танымал этнодизайнер Ырза Тұрсынзаданың қатысуымен ұлттық құндылықтарымызды ұлықтаған Көрпефест өткен еді. Облыс әкімінің қолдауымен ұйымдастырылған фестивальге өңірімізден жүзден аса ісмер қатысып, нәтижесінде құрақ көрпені келістіре құраған 30 келіншекке тігін машинасы табысталған-ды. Шыны керек, дүркіреп өтетін шаралардың көбінің соңы ізім-қайым жоғалып жатады. Бірақ та бұл фестивальдің жөні бөлек болды. Ырза Тұрсынзадақызы күздігүні Таразға Антикордың жұмысымен қайта соққанда уақыт тауып, осындағы шәкірттерімен де кездесті. Ол кісіні қайда барса да, алдынан шыққан қазақтың қарапайым әйелдері тік тұрып, қол соғып қарсы алып жатты. Ырза апайдың шеберлік сабақтарын алып, фестивальден жүлделі болғандар бұл күнде кәсібінен нәсібін ажыратып, шағын бизнестерін бастап та кеткен екен. Өткен күнге шегініс жасауымыз тегін емес. Он саусағынан өнер тамған қолөнершілерге көрсеткен қолдауды енді балбармақты аспазшы қыздарымызға неге білдірмеске?! Талғамы биік Тараз аспаздарының қолынан дәм татқандар таңдай қақпай кеткен емес. «Мейрамхана мен тойханалар қаласы» деген аты да бар. Бұл салада шеберлік сағаттарын өткізетін майталман мамандар да жеткілікті. Ең бастысы, осындай профилерге қолы жетпей жүрген қарапайым қыз-келіншектер қаншама! ФУДФЕСТ аста-төк тағам түрлерінің, ішіп-жеудің емес, осы саладағы мықты мамандар мен талапкерлердің шеберлігін шыңдайтын алаңға айналса ләзім. Фестиваль аясында айтулы аспазшылардың сынағынан сүрінбей өткендерге асханаға арналған техникалық құрылғылар берілсе, өз ісін бастап кетуге септігі тиер еді, – деді Эльмира Иниятқызы.

Ержан Жұматұлы бұл идеяны ерекше деп тауып, белсенді түрде қолдау білдіретінін жеткізді. Кәсіпкер әйелдердің қатарында Айдана Үкібаева да болды.
– Үйде отырған әйелдер де өз кәсібін бастап, сүйікті ісімен айналыса алады. Оған дәлел – менің де бесіктегі баламды тербете жүріп, қолымдағы азын-аулақ қаражатыммен аяқ киім сатуды бастаған сәттерім. Бүгінде кәсібімнің нәсібін көріп, бірнеше дүкен аштым. Және де тек Қазақстанның ғана төңірегінде емес, шет мемлекеттерден де тапсырыс алып, өз ісімді дөңгелетіп отырмын, – деп ағынан жарылған Айдана бүгінде әлдебір іс бастағысы келген аруларға қолдау білдіріп, жол көрсетуге дайын екендігін айтты.

Іргелі істің басындағы ілкімді істерін іліп алып іске асырып, жаны нәзік бола тұра тастай қатты һәм болаттай беріктігінің арқасында аяулылар отбасы мен Отанын қоса өрге сүйреп жүргендерін байқатты. Қала басшысы тектіліктің боямасыз болмысын ашқан нәзікжандыларға ризашылығын жеткізіп, қолдауға уәде берді.

Comments (0)
Add Comment