Ісі ілгері, жұмысы жүйелі «Жасыл ел-Тараз»

«Жасыл ел-Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі – Тараз қаласындағы көптеген тұрғынды тұрақты және қоғамдық жұмыспен қамтып отырған үлкен мекеме. Мекеме шаһардағы коммуналдық тұрғын үй шаруашылығы, оның ішінде қаланы көгалдандыру және абаттандыру, жолдарды санитарлық күтіп ұстау, тазалау, стихиялық қоқыс үйінділерін, тұрмыстық қатты қалдықтарды шығарумен айналысады.

Аталған кәсіпорын 1998 жылдан бері шаһардың тазалығы мен гүлденуі үшін тынбай жұмыс істеп келеді. Серіктестіктің басқан ізіне зер салып көрсек, 2022 жылы төлем қабілеттілігін қалпына келтіру мақсатында «Оңалту және банкроттық туралы» ҚР Заңына сәйкес оңалту рәсімін қолдану туралы сотқа жүгіну туралы шешім қабылданып, сол жылы 19 тамызда облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты «Жасыл ел-Тараз» ЖШС-не қатысты оңалту рәсімін қолдану туралы шешім қабылдап, 2022 жылы 8 желтоқсанда сот жауапкершілігі шектеулі серіктестікке қатысты 36 ай мерзімге оңалту жоспарын бекіткен екен. Ал 2023 жылы серіктестік 1-кезек бойынша – 282,5 миллион, 3-кезек бойынша – 338,1 миллион, 4-кезек бойынша жеткізушілер мен мердігерлер алдындағы 632,7 миллион теңге сомасындағы берешек толық өтепті. Қазіргі уақытта «Жасыл ел-Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жарғылық капиталындағы мемлекеттік үлестің 100 пайыз меншік иесі «Тараз қаласы әкімдігінің қаржы бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі болып, тиісті саланың уәкілетті органы «Тараз қаласы әкімдігінің ТЖКШ, ЖК және АЖ бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі. белгіленген
Ал қаржы-шаруашылық қызметінің нәтижелері бойынша серіктестік ағымдағы жылдың алғашқы жартысында алдын ала 103 миллион теңге сомасында пайданы құраса, дебиторлық берешек 268,1 миллион, кредиторлық берешек 1 300,0 миллион теңгені құрапты. Сонымен бірге мемлекеттік тапсырыс бойынша бюджеттік қаржыландыру есебінен 1 887,4, меншікті кірістерден 329,4 миллион теңге түсіпті.
– Бүгінде бекітілген штаттық кестеге сәйкес, серіктестіктің жұмысын қамтамасыз ету үшін 949 адам жұмылдырылды. Оның ішінде, әкімшілік-басқару персоналы – 23 қызметкер, жұмысшылар, жүргізушілер, күзетшілер – 343 адам, келісімшарт бойынша жұмысшылар 353 адам болса, қоғамдық жұмысшылар – 230 адам. Ағымдағы жылға бекітілген штаттық кестеге сәйкес, орташа айлық көлемі 247 580 теңгені құрайды. Сондай-ақ серіктестіктің еңбекақы төлеу қоры ағымдағы жылғы шілдеге – 884,4 миллион теңгені, оның ішінде төленетін жалақы – 637,0 миллион теңгені, жұмыс берушілердің жарналары мен аударымдары 152,1 миллион теңгені құрайды. Тағы бір айта кетерлігі, жұмысшылар үйінен тегін қатынап, бір мезгіл тегін түскі ас ішеді, – деген серіктестік директоры Елмұрат Сырғашев өткен жылдың соңында облыс бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті тарапынан аудиторлық тексеру жүргізіп, қазіргі уақытта серіктестіктің салықтарды есептеу бойынша берешегі 216 205 349 теңге сомасында екені анықталғанын жеткізді.
– Мысал келтірейік, 2022 жылдың бірінші жартысында есептеу бойынша бұзушылық сомасы 10 361 686 теңгені құраса, сол жылдың екінші бөлігінде есептеу бойынша бұзушылық сомасы 15 341 505 теңгені құрады. Сонымен қатар 2023 жылы есептеу бойынша бұзушылық сомасы 135 118 571 теңгені құрады. 2022 жылдан 2023 жылға дейін қосымша есептелген салықтардың сомасы 135 118 571 теңге сомасына 15 341 505 теңгеден 9 есе ұлғайды. Бұл бұзушылықтардың барлығы – салықтың және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің уақытылы есептелмеуінің салдары.
Борышкердің бюджет қаражатын оңтайландыру және тиімді пайдалану мақсаттарында қазіргі уақытта арнайы техниканы, оның ішінде тиегіштерді жалға алу шарттары бұзылды, автогрейдерді және басқа да мамандарды жөндеу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Серiктестiктiң техникасы арнайы техниканы жалға алуға арналған бюджет қаражаты үнемделдi. Осы уақытқа дейiн бұрынғы басшылық серiктестiктiң балансындағы техниканы жөндеу және пайдалану жөнiндегi жұмыстарды жүргiзген жоқ. Ал жеке және заңды тұлғалар техниканы жалға алу жөнiнде сол арқылы серiктестiкке зиян келтiрдi, – дейді Елмұрат Рысқұлбекұлы.
«Бір тал кессең, он тал ек» қағидасын мықтап ұстанған мекеме қызметкерлері үшін тал егу – маңызды істердің бірі. Мамандардың сөзіне сенсек, егілген ағаштың, өскен өсімдіктің әуе алабына тигізер пайдасы зор. Жасыл желектің әсерінен ауа тазарып, қолайлы микроклимат қалыптасады және шу деңгейі төмендейді. Атап айтқанда, орман екпелерiнiң бiр гектары ауадан 400 келі күкiрт қышқылы газын, 100 келі хлоридтi және 25 келі фторидтi, жерге түсетiн және ауада болатын барлық зиянды заттардың 60-80 пайызын жұта алады. Осыны ескерген сала қызметкерлері биылдың өзінде қылқан жапырақты 219 ағаш, 2 569 жапырақты ағаш, қала айналасына жасыл желектерді қорғау мақсатында 10 000 жапырақты ағаш отырғызған. Сонымен қатар Тараз тарихы терең қала болғандықтан шаһарға арнайы келетін шетелдік және еліміздің әр аймағынан ат басын бұратын туристер көп. Осы орайда күннен-күнге құлпырған Таразды гүлге орау мақсатымен мекеме қызметкерлері осы жылы қала бойынша 10 500 шаршы метр гүлзарларға бір жылдық гүлдер отырғызылған.
Сондай-ақ күн райының қолайсыз кезінде құлау қаупі бар апатты жағдайдағы ағаштарды кесу жұмыстары «Жасыл ел-Тараздың» ерекше бақылауда. Әсіресе, ағаштардың жай-күйіне тұрақты түрде мониторинг жүргізіліп отырады. Ауру, қураған, апатты жағдайда тұрған ағаштар кесіледі. Жазатайым оқиғалардың алдын алу үшін 6 000 құрғақ бұтақтар кесілген.
Әр қаланың келбетін көріктендіріп, тұрғындардың тынығуына, балалардың шаттана ойнауына мүмкіндік беретін басты орын – саябақ. Бұл тек жасыл желек емес, өмірге жан бітіретін мекен. Ағашы тербеліп, гүлдері жайқалған саябақтар қаланың сәні ғана емес, мәдениет пен өркениеттің айнасы. Тараз қаласында соңғы уақытта демалыс нысандарын жаңғыртуға ерекше мән берілуде. Әр күні мекеме қызметкерлері саябақтарды санитарлық тазалау, саябақ аймағындағы жасыл желектерді суару, қала бойынша, сондай-ақ саябақ аймағындағы гүлзарларды қырқу жұмыстарын және қала бойынша суару жүйесі орнатылмаған ағаштар мен басқа да екпелерді тұрақты негізде машинамен жүргізуде. Сонымен бірге қала бойынша 10 футбол алаңына, шағын сәулет нысандарына, тротуарларға, ойын алаңдары ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде екен. Осылайша шаһар ауқымды абаттандыру жұмыстары арқылы жаңа кейіпке еніп жатыр.
– Қала аумағында орналасқан гүлзар мен саябақтарда 5 000 дана раушан гүл және 370 000 жаздық гүлдер отырғызылды. Арнайы бекітілген жерлерге 2 766 дана ағаш көшеттері отырғызылды. Жасыл белбеу бойынша «Қызылабад» шағынауданына 10 000 дана ағаш көшеттері отырғызылды, қазірде 80 дана ағаш көшеттері отырғызылуда. Сонымен қатар 5 330 шаршы метр көгал себілді, Абай даңғылы жері дайындалу үстінде. Сонымен бірге 42 саябақ мен скверде 800 000 шаршы метр көгалдарға күнделікті күтім жасалуда. 20 000-ға жуық ағаштар арнайы техникамен суарылуда. «Қызылабад» алқабында алдыңғы жылы және биыл 50 гектар жерге егілген ағаштарға күнделікті суарылып тұрады. Бекітілген көшелер мен саябақтар және скверлерге күнделікті санитарлық тазалау жұмыстары жүргізілуде, – дейді серіктестік директоры Елмұрат Сырғашев
Оның айтуынша, биыл қаңтар айынан бастап бүгінгі күнге дейін көшелердің және ТКШ бөліміне тұрғындардан тал кесу туралы түскен арыздары бойынша А.Сухамбаев ескерткіші, Зоя Космодемьянская сквері, «Даңқ» аллеясы, Әуежай маңынан 2 000-нан астам тал балақталып, мамыр айынан бастап қала аумағында жасыл қоршаулар кесіліпті. Сонымен бірге наурыз айынан бастап 987 000 шаршы метр шақырым көшелерде шөп ору жұмыстары мен 57 000 ақырым арық жүйесі күл-қоқыстардан тазартылды. Қала бойынша 62 көшеге күнделікті арнайы техникамен жуу жұмыстары жүргізілуде екен.
Қоршаған ортаны қоқыстан таза ұстау – мекеме қызметкерлері үшін жауапкершілігі мол шаруаның бірі. Бүгінде қала бойынша 1 600 қоқыс жәшігі бар. Қазіргі таңда 1 300 қоқыс жәшігінің жағдайы орташа күйде. Қалған 300-ге жуық қоқыс жәшіктерін ауыстырып, жаңарту жұмыстары күнделікті жасалуда. Қала аумағындағы көп қабатты тұрғын үйлердің қоқысын шығару жұмыстары күнделікті жүргізілуде, күніне 600 шаршы метр көлемінде қоқыс шығарылуда.
– Жалпы тұрмыстық қатты қалдықтарды шығару көлемі өткен жылдармен салыстырғанда азайғаны байқалады. Өмір сүру деңгейі жылдан жылға өсіп отырғанымен, тиісінше қатты тұрмыстық қалдық шығарындылары ұлғаяды. Осылайша экологиялық есептерді тапсыру қиынға соғады. Өйткені қатты тұрмыстық қалдықтарды нақты шығару біз есептілікте көрсеткеннен едәуір жоғары. Осыған байланысты қайталама өнім шығаратын қоқыс өңдеу зауытын орнатуда өткір мәселе болып тұр. Жыл сайын мемлекеттік сатып алу порталында әр түрлі жұмыстарға арналған округтер бойынша пайдаланылатын техниканы жалға алу үшін тендер ойнатылады. Осылайша біз қала округтері бойынша техниканы жалға алуға келісім жасастық. Сметалық алшақтық төмендетілген, бірақ табыстың жоқтығына қарамастан, «Жасыл ел-Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бұл жұмысты біздің қаланы таза және күтіп ұстау үшін орындайды, – деген мекеме басшысы кейбір қала тұрғындарының тазалыққа мән бермейтінін жеткізді.
– Мәселен, тазалықшылар белгіленген бір аумақты тазалаған соң, артынша бір тұрғын тағы да қоқыс тастап үлгереді. Бұл әрі жиі қайталанады. Яғни қоқысты белгілі бір кезде ғана шығармай, кез келген уақытта тастай береді. Солай қоқыс қалдығы тау болып үйіліп қалады. Ал мекеме қызметкерінің «Кім, қашан қоқыс тастар екен?» деп күтіп отырмайтыны анық. Бір аумақтағы жұмысын аяқтаған соң, келесісіне көшеді. Сол аралықта бізге қоңырау шалып, осы аумақтың қоқысы тазаланбады деп шағымданады немесе әлеуметтік желіге жариялайды. Соның салдарынан «Жасыл ел-Тараз» мекемесі өз міндетін дұрыс орындамайтындай көрінеді, – дейді Е.Сырғашев.
Әрине, бұл мекеме тарапынан атқарылған жұмыстардың бір парасы ғана. Алда тұрған межелі міндеттер жетерлік. Әрине, мұның барлығы әсем қаламыздың көркіне сән қосу мақсатында қолға алынғаны айқын. Алайда әрқайсысымыз шаһар тазалығына жалғыз «Жасыл ел-Тараз» ғана жауапты емес екенін естен шығармағанымыз жөн. Сондықтан сүйікті қаламызды таза ұстауға баршамыз бірдей үлес қосайық!

Жұмаш ЖОЛБОЛДЫ

Comments (0)
Add Comment