Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов Ұлытау облысына жасаған сапарында атақты жазушы Әбіш Кекілбаевтың сөзін мысалға келтіріп, шешендігімен көзге түсті, деп хабарлайды Экспресс К.
Ол жаңадан құрылған облыстың Полиция департаментінің бастығын тағайындаған. Бұл орынға осы облысқа қарасты Жаңаарқа ауданының тумасы Қайыркен Әлиевті қойды. Сосын облыс тұрғындарымен кездесуде министр өз шешімін түсіндірді.
Жергілікті азаматты әкелмесек, ренжисіздер. Елдің қамын ойлайтын өзіміздің де жігіттер бар еді дегендей. Ал осы жердің тумасын қойсақ, сырттан әкелу керек деп шығатындар бар. Бастысы, ұлтына, руына қарамай, халыққа жұмыс істейтін азаматтар қажет, — деді Марат Ахметжанов.
Ол осы ретте өз мысалын келтіріп өтті. Бір кездері халық жазушысы Әбіш Кекілбаев Жоғарғы Кеңес депутаттығына Павлодар облысының Баянауыл ауданынан түскен екен. Ал өзінің Маңғыстау облысының тумасы екені аян.
«Сайлауға түскенде жергілікті халықпен кездесуде бір ақсақал тұрып, «Әй, Әбеке, халықтың қамын ойлайтын жергілікті жігіттер бар еді. Сіз танымал жазушысыз. Мыналардың жолын кесіп кесіп жатырсыз» деген екен. Сол кезде өзі эмоцияға жақын Әбіш ағамыз былай деп жауап беріпті. «Ата-бабамыз айтушы еді: «аттың бағын сынағың келсе, ат қосқан елге бар, тай кезінде көрмеді деп сипамай қоймас жалыңды, азамат болып өсем десең, азамат өсірген елге бар, әкеммен табақтас болмас деп сындыра қоймас сағыңды». Осы Қаныш Сәтбаев, Шәкен Аймановтарды өсірген ел деп бағымды сынайын деп келдім. Елге қызмет жасамақ едім. Егер қолдамасаңыздар кеттім» депті. Сол тұста халық «Сізге сенеміз» деп бір ауыз аталы сөзге тоқтапты. Сөйтіп, Әбіш ағамыз Баянауылдан Жоғарғы Кеңеске 99 пайызбен өткен», — деді министр.
Марат Ахметжанов Ішкі істер министрі болып, 25 ақпанда тағайындалған.