Өңірлік экономика ғылымының – өр тұлғасы

Биыл өңіріміз бен Тараз өңірлік университетінің   дамуына зор үлес қосқан ғалым және қоғам қайраткері  Қасенов Мұратбек Рахметбайұлына туғанына 80 жыл толып отыр.

Белгілі ғалым-экономист, Халықаралық ақпараттандыру Академиясының академигі экономика ғылымдарының докторы, Тараз қаласының құрметті азаматы Тараз өңірлік университетінің   профессоры Қасенов Мұратбек Рахметбайұлы 1959 жылы Жамбыл қаласында орналасқан Жамбыл атындағы қазақ орта мектебін бітіргеннен кейін, еңбек жолын «Дармина» совхозының Жамбыл қаласындағы бөлімшесінде жұмысшыдан бастап, одан кейін «Жамбылхимпромстрой» трестіне қарасты құрылыс-монтаждау басқармасында ағаш ұстасы қызметтерін атқарды. 1962-1964 жылдар аралығында Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтында (ҚазСШҒЗИ) лаборант қызметінде жұмыс атқара жүріп, 1962 жылдың қырқүйек айында «Сумен қамту және канализация» мамандығы бойынша Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтына (ЖГМҚИ) оқуға түсті.  Институт қабырғасында оқи жүріп комсомол комитеті хатшысының орынбасары қызметіне сайланып, алғашқы студенттер құрылыс отрядын басқарды.

Облыстың, институттың қоғамдық-саяси өміріне белсенді атсалысқаны үшін және Жамбыл облысының алғашқы студенттік құрылыс отрядың басқарғаны үшін Жамбыл облыстық комсомол комитетінің, Қазақстанның ЛКЖО ОК-нің Құрмет Грамоталарымен марапатталды. 1967-1976 жылдар аралығында  Қазақ су  шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтында кіші ғылыми қызметкер, аға ғылыми қызметкер, 1969 жылдың желтоқсанында ҚазСШҒЗИ-ның аспирантурасының күндізгі бөліміне түсіп 1972 жылы оны ойдағыдай аяқтады. 1973 жылы Ресейдің Омбы қаласында диссертациясын ойдағыдай қорғап, техника-ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алып шықты.

Бұл Жамбыл гидромелиорация – құрылыс институтын бітірген түлектері арасындағы алғаш қорғалған диссертация еді. 1976-1984 ж. аралығында Жамбыл гидромелиоративтік –құрылыс институты «Сумен қамту және канализация» кафедрасының меңгерушісі, 1984-1985 жылдар аралығында ғылыми-зерттеу секторында аға ғылыми қызметкер жұмыстарын атқарды.

Мәскеудегі Жоғарғы Аттестация Комиссияның шешімімен 1976 жылы «аға ғылыми қызметкер», ал 1983 жылы – «доцент» ғылыми атақтарын алды. 1985-1995 жылдар аралығында ҚазСШҒЗИ-тында аға ғылыми қызметкер, жетекші ғылыми қызметкер және сектор меңгерушісі қызметтерін атқарды.

1993 жылы «Экономические проблемы обводнения пастбищ Казахстана» деген тақырыпта Алматы қаласында Қазақ мемлекеттік басқару академиясында докторлық диссертация қорғап, «экономика ғылымдарының докторы» ғылыми дәрежесін алып шықты. Бұл, егемендік алған Қазақстандағы экономика саласы бойынша қорғалған тұңғыш докторлық диссертация еді.

1996-2004 жылдары М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің «Халықаралық экономика және маркетинг» кафедрасының меңгерушісі, 2004 жылдан бастап өмірінің сонына дейін аталған университеттің «Экономика» кафедрасында профессор, аймақтық экономика ғылыми-зерттеу орталығының директоры қызметтерін атқарды.

Қасенов Мұратбек Рахметбайұлының жетекшілігімен 12 экономика ғылымдарының кандидаты, 15 экономика ғылымдарының магистрі өздерінің диссертациялық жұмыстарын абыроймен қорғады.

2007 жылы «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» мемлекеттік білім беру  грантының иегері атанды. М.Х. Дулати атындағы ТарМУ-дың ғылыми Кеңесінің шешімімен «М.Х. Дулати атындағы ТарМУ-дың құрметті кафедра меңгерушісі» атағы берілді.

2014 жылы қараша айында «Тараз қаласының құрметті азаматы», ал желтоқсан айында «Халықаралық ақпараттандыру Академиясының академигі» атағына ие болды.

Ғылымның әр түрлі салаларын жат көрмейтін, мамандарды дайындау ісінде кәсіби қалыптасу талабын бәрінен жоғары қоятын, әділ де қатал қасиеттерімен көпшілікке өзін үлкен ұстаз дәрежесінде мойындатқан, туған халқының өзгеден таптырмас асыл қасиеттерін бойына сіңіре білген Мұратбек Рахметбайұлы, білімгерлер, әріптестер, ғылым әлемінің өкілдері арасында шын мәнінде сүйіспеншілікке ие болған ірі тұлға.

Ғылыми жұмыстан басқа әдебиет және журналистика саласында да жемісті еңбек етті. «Егемен Қазақстан», «Казахстанская правда» республикалық газеттерінде, «Ақ жол» және «Знамя труда» облыстық газеттерінде Жоғарғы мектептің түрлі жақтарын , сонымен қатар, еліміздегі су шаруашылығы және нарықтық экономиканың қалыптасуы мәселелерін қамтитын 300-ден астам мақалалары жарыққа шықты.

Қасенов Мұратбек Рахметбайұлы – қазіргі экономика ғылымдарының зор мақтанышы және жаңа аумақтық экономистер мектебінің негізін қалаушы ғалым. Тәуелсіз Қазақстан жастары Қасенов Мұратбек Рахметбайұлы сияқты ғалымдарды білуі әрі олардан өнеге алуы абзал.

Сондықтан оның өмір жолы, білім мен ғылым саласындағы зор еңбегіне құрмет көрсету мен өскелен ұрпаққа өнеге ретінде  05 қараша 2021жылы Тараз өңірлік университетінің   ұйымдастырумен Қасенов Мұратбек Рахметбайұлын еске алуға арналған, 80 жылдығына орай «Аймақтық экономиканың бәсекеге қабілетілік мәселелері: теория және практика» тақырыбындағы Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырды. Конференция жұмысына алыс және жақын шетелдік ғылымдар белсенді қатысып, Қасенов Мұратбек Рахметбайұлының ғылымдағы орын мен рөлін, ғылымдағы ерекше жолын атап кетті.

Конференция жұмысына Қазақстан Республикасының ұлттық экономика министрі Асет Иргалиев, Қазақстан Республикасының экология, геология және табиғат министрі Сериккали Брекешов және Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің вице-министрі Қ.Ерғалиев арнайы алғы сөздері мен құттықтау хаттарын жіберді.

Қасенов Мұратбек Рахметбайұлының университетінің, еліміздегі білім мен ғылым аясындағы ерекше орны университет тарапынан әрқашанда ескерілуде. Тараз өңірлік университетінің   басшылығының арнайы шешіміне сәйкес, экономика ғылымдарының докторы, Тараз қаласының құрметті азаматы Тараз өңірлік университетінің профессоры Қасенов Мұратбек Рахметбайұлы атындағы аудитория ашылып, барлық құрал жабдықтармен қамтамасыз етіліп, арнайы ғалым туралы ақпараттық стендтер әзірленді.

Бұл іс-әрекеттер ғылым жолында бар ақыл-ойын, тіпті бүкіл өмірін сарп еткенін, нендей нәтижеге жеткенін, оның жолында қандай қиындықтардан өткенін жазба түрде кейінгі ұрпаққа жеткізу мақсатында – университет тарапынан жасалған үзілмес арқау, тарихқа алтын әріппен жазылатын баға -деп ойлаймын.

 Экономика кафедрасының қауымдастырылған

профессоры Сұлтан Әбілдаев

Comments (0)
Add Comment