Өңірлік байланыс өркендей түседі

Мемлекеттік ақпараттық саясатты дамыту, мемлекеттің жұмысы туралы қоғамға толық ақпарат беруді қамтамасыз етуді мақсат еткен «Өңірлік коммуникациялар қызметі» мекемесінің басшысы Айбол Қарашев жыл басынан бергі атқарған жұмыстар жайын баяндады.

Толғанай АТАБАЙ

Облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасына қарасты мекеме бүгінге дейін жергілікті атқарушы органдарда атқарылған шаруалар хақында халықты құлақтандырып, БАҚ өкілдерімен 85 баспасөз конференциясын өткізді.

– Тап қазіргі уақытта мекемеде 3 бөлім жұмыс жасайды. Аймақтағы ақпараттық имиджді қалыптастырумен қатар қазіргі уақытта халықтың әлеуметтік жағдайы да назарымызда. Бұл мақсатта әлеуметтік-экономикалық жағдайды зерттеу бөлімі қоғамдық пікірді диагностикалау шеңберінде ағымдағы жылдың наурыз және мамыр айларында өңірдегі қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық жағдайды зерделеу бойынша 2 зерттеу жүргіздік, – дейді мекеме басшысы Айбол Бақытжанұлы.
Есепті кезеңде облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы медиа кеңістікте 900-ге жуық материал жарияланған. Сонымен қатар мекеме үстіміздегі жылдың 26 сәуірінде Меркі ауданында облыстық, қалалық және аудандық әкімдіктердің баспасөз хатшылары мен журналистеріне және блогерлеріне арналған «Ақпарат ағыны және біз» тақырыбында 1 күндік семинар-тренинг ұйымдастырды. Жыл басында жаңа ғимаратқа қоныстанған мекеме ақпарат алаңын тиімді пайдалану мақсатында сәуір айынан бастап «125» білім академиясымен бірлесіп, БАҚ өкілдеріне арнап аптасына 2 рет тегін ағылшын тілі курсын өткізеді.

Бұдан өзге, брифинг барысында БАҚ өкілдері тарапынан туындаған маңызды сұрақтар да өзінің жауабын тауып, мекеменің алдағы ауқымды міндет-жоспарлары айтылды. Жиын соңында халық пен билік арасындағы алтын көпірге айналған журналистер қауымына мекеме тарапынан алғыс айтылып, сый-сияпаттар тарту етілді.

Comments (0)
Add Comment