Өңірлерді өркендету ауылдардан басталады

Өңірлерді өркендету ауылдардан басталады

Ауыл – қазақтың алтын бесігі, қасиетті құт мекені, қайнар көзі. Өркениетті елге айналып, даму жолын қаладан тапқанымызбен, ауылдың алар орны ерекше. Сондықтан олардың дамуына жағдай жасау – мемлекеттік саясаттың аса маңызды стратегиялық мақсаттарының бірі. Бұл тұрғыда ауылдық елді мекендерде атқарылған жұмыстар ауыз толтырып айтарлықтай.

Табыстың тайқазанын тасытқан Төле би

Жоғарыда айтқанымыздай мемлекетіміз ауылдарды өркендету үшін кең қолдау көрсетуде. Бұл қолдаудан Шу ауданының Төле би ауылдық округі де кенде қалмауда. Шу ауданының орталығы – Төле биде 22 300 тұрғын тұрмыс кешуде.
Округті дамыту мақсатында бірқатар жұмыстар атқарылып, мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, өткен жылы13 көп қабатты тұрғын үйдің кварталішілік өтпе жолдары мен 19 көшеге автомобиль жолдары жалпы ұзындығы 27,6 шақырым жөндеуден өткізілген. Сонымен қатар, Жидебай көшесі бойында шағын футбол алаңы орнатылып оған 8,7, Болашақ көшесін жарықтандыруға 3,4, және Панфилов атындағы көшесін қиыршық таспен 205 метрді төсеуге 1,08 миллион теңге бөлініп, игерілген. Сондай-ақ, 3 көшеге (Нұрманби, Теректі және Қарасу) электр бағаналарымен трансформаторлар орнатылып, Төлеби – Абай ауылы бағытындағы облыстық маңызы бар автожолды жарықтандырылған. Жалпы Төле би ауылында 87 көше болса, оның 37-і самаладай жарқырап тұр екен.
Әлеуметтік нысандарды жылыту жүйесін қатты отыннан газға ауыстыру бойынша да ілкімді істер қолға алынуда. Айталық, Төле би ауылында Мұқағали Мақатаев, Ермұхан Бекмаханов, Мұхтар Әуезов атындағы орта мектептері мен 250 орындық «Айналайын» балабақшасын газға қосу жұмыстары жүргізіліп, пайдалануға берілген. Сонымен қатар аудан әкімдігінің құрылыс бөлімі арқылы 147,73 гектар жаңа тұрғын үй алқабына газдандыру жұмыстары жүргізіліп, бұл мақсатқа 278,3 миллион теңге бөлініп, игеріліпті.
– Биылғы жылы жергілікті бюджет есебінен көшелерді жөндеуге және басқа да жұмыстарға жалпы 58 миллион 819 мың теңге бөлінген. Оның ішінде 20 көшенің автомобиль жолдарын шұнқырларын жамау, Балуан Шолақ көшесін орташа жөндеу, ауылдық ішкі жолдарды орташа жөндеу жүргізу жұмыстары орындалды. Бұған қоса Уәш Асатұлы көшесінде көпір мен 2 қоғамдық көлік аялдамалары жөнделіп, 2 балалар алаңы салынуда.
Тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында аудан әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі арқылы сметалық құны 593,5 миллион теңгеге айналма жолының сол жағалау бетіндегі тұрғын алқабына ауыз су тартылуда. Сондай-ақ, 200 тұрғыны бар Көкжиек ауылында сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында құны 26,0 миллион теңге тұратын контейнерлік модуль орнатылып, халық игілігіне берілді. Бұдан бөлек, бос тұрған ғимараттарды тиімді пайдалану және баспанасыз жүрген азаматтарды қамту мақсатында көп жылдар бойы қараусыз қалған 2 қабатты ғимарат 14 пәтерлі үйге қайта жаңғыртылып, биылғы жылы тұрғындардың игілігіне тапсыру жоспарлануда, – дейді округ әкімі Азамат Ошанов.
Төле биде әлеуметтік салалар да айрықша маңызға ие. Айталық, Әл-Фараби атындағы 300 орындық орта мектебінің құрылысы 1 қыркүйекке дейін аяқталады деп жоспарланған еді. Дегенмен, межеленген мерзімнен кешігуде. Ал 2024 жылы облыстық білім басқармасының бюджеті есебінен Сәду Шәкіров атындағы орта мектебінің спорттық залы мен қосалқы ғимаратының құрылысы басталу жоспарланбақ. Бүгінгі күнге құжаттар сараптамадан өткізілген. Бұл жобаның құны 964 миллион 913 мың теңгені құрап отыр. Сондай-ақ балаларды қосымша біліммен қамту мақсатында жаңа үлгідегі «Оқушылар сарайы» бой көтерді. Ондағы 19 үйірмеде 794 оқушы қамтылған. Бүгінгі күні аудан орталығында жалпы 5 орта мектеппен 5 мектептен тыс және 8 балабақша сапалы білім беруде. Ал денсаулық сақтау саласында аудан орталығында 2020 жылы 250 келушіге арналған жаңа емхана пайдалануға берілсе, биылғы жылы аудандық орталық аурухананың жанынан құны 300,0 миллион теңге тұратын 48 мүгедектігі бар балаларға арналған оңалту орталығы жұмысын бастамақ.
Төле би ауылында 4 мәдени ошақ халыққа қызмет етуде. Оның ішінде аудандық мәдениет үйі мен 261 мың 627 дана кітап қорымен орталақтандырылған кітапхана мен балалар кітапханасы бар. Мәдениет үйінде бір халық театры мен бір фолклерлық оркестр, 13 үйірме жұмыс істеуде. Осының нәтижесінде жыл басынан бері 8700 көрерменді қамтыған 174 мәдени-көпшілік іс-шаралар өткізілді. Сонымен қатар 5 мыңға жуық жәдігері бар аудандық мұражай ашылған. Тағы бір атап өтерлігі, округте барлығы 44 тарих және мәдениет ескерткіштері есепке алынған. Оның ішінде жергілікті дәрежедегі мемлекеттік тізімге енген 10 тарихи және мәдениет ескерткіштері болса, Социалистік Еңбек Ерлерінің 33 бюсті мен ХІІ ғасырдағы археологиялық ескерткіш-қорғаншы бекінісі орналасқан. Оларды күтіп ұстау жұмыстарына да жылда тиісті көңіл бөлініп келеді.
Жамбыл облысында мемлекеттік жастар саясатын дамытуға бағытталған 2021-2025 жылдарға арналған «Әулиеата жастары» өңірлік бағдарламасы аясында ағымдағы жылдың есепті кезеңінде Төле би ауылдық округінде ауқымды жұмыстар атқарылған.
Бүгінде аудан орталығында салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында барлығы 10 спорт нысаны бар. Атап айтқанда 1 дене шынықтыру-сауықтыру спорт кешені, 1 стадион, 4 спорт зал, және 4 шағын футбол алаңы. Аудан көлемінде спорт нысандарына кіру тегін әрі арнайы кесте бектіліп, жастардың спортпен шұғылдануына барынша жағдай жасалған.
Төлебиліктер инфақұрылымның да игілігін сезінуде. Мәселен, бүгінде округте өзіндік қосалқы шаруашылығын жүргізуге жер кезегіне 2 321 азамат тіркелген. Осыған орай «Батыс» тұрғын аумағынан 147,73 гектар жер телімі бөлінген. Қазіргі кезде жаңа тұрғын үй алқабына электр желілері жүргізіліп, су құбырлары қойылып, табиғи газ тартылды. Сонымен қатар кезекке сәйкес аудан әкімдігінің сәулет және құрылыс бөлімімен бірлесе 207 азаматқа жер телімі беріліп, шешімдері шықса, 372 азаматтар құжаттарын рәсімдеуде және 241 азаматқа шақыру қағаздары берілген. Сондай-ақ аудан орталығында орталықтандырылған кәріз жүйесіне 12 көпқабатты үй мен 5 заңды тұлға жалпы 65 абонент қосылған. Ал, ауыл тұрғындарына газ кіргізу жұмыстарына келсек, «ҚазТрансГазАймақ» АҚ филиалының мәліметі бойынша жүргізілген газ құбырдың ұзындығы жалпы 82 152 метр, оның ішінде жер астымен – 6036, жер үстімен 21 784 метрді құрайды. Бүгінгі күнге дейін 2 150 абонент мердігермен келісім-шарт-қа отырып, көгілдір отынға қосылған.
Шағын және орта кәсіпкерліктің де шаруасы шалқуда. Айталық, Төле биде 219 кәсіпкерлік нысаны қызмет етуде. Соның арқасында өткен жылы жалпы сомасы 403 миллион теңге 7 инвестициялық жоба жүзеге асырылса, биылғы жылы құны 763,6 миллион теңгеге 4 жоба жандануда. Оның ішінде жылыжай, автобөлшектер дүкені, 200 басқа арналған мүйізді ірі қара мал бордақылау алаңы, 300 орындық балабақша бар. Осының нәтижесінде 60 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Бұдан бөлек округте тіркелген 238 шаруа қожалығының 22-сі малмен, 216-сы егімен айналысуда.
Осы орайда округ тұрғындарының және шаруа қожалықтарының жеке меншігіндегі мал басы түгелдей есепке алынып, жылдың басына мүйізді ірі қара – 4 077, қой мен ешкі – 17 994, жылқы- 519 басты құрады. Сондай-ақ өткен жылы шаруа қожалықтармен 40,1 миллион теңгеге 6 техникасы алынып, 26 шаруа қожалыққа мал өсіру үшін 141,9 миллион теңге жеңілдетілген несие берілді.
Биылғы жылы ағын суды пайдалану мәселесі де өзекті болып отырғаны белгілі. Осы мақсатта округ бойынша шаруа қожалықтарының егістік жерлеріне ағын су 6 тоған арқылы жеткізілген. Су пайдаланушылармен жиындар өткізіліп, ағын суды пайдалану кезінде туындайтын мәселелер жөнінде алдын-ала келісімдер жасалған. Есепті кезеңде ағын су жеткілікті мөлшерде беріліп, судың ысырап болуына жол бермеу мақсатында оны пайдалануға қатаң бақылау қойылған. Сонымен қатар ауыл тұрғындарының үй іргесіндегі жеріне ағын су беру басты 12 арық арқылы орындалды. Ауыл тұрғындарына суды уақытысында беріп тұру үшін төрт мұраб сайланып көктемнен күзге дейін жұмыс атқарды. Қоғамдық жұмысшылар және ауыл тұрғындарының күшімен көктем айында арық-атыздар күл-қоқыстан тазартылған.
Мемлекеттік қамсыздандырудың арқасында аулыдық округ тұрғындары атаулы әлеуметтік көмектен де кенде қалмауда. Атап айтсақ, көп балалы, аз қамтылған 92 (473 адам) отбасына 30 миллион 435 мың теңге атаулы әлеуметтік көмек төленіп, 1-6 жас аралығындағы 457 балаға кепілдендірілген әлеуметтік топтама азық-түлік себетімен және гигиеналық құралдары берілді.
Бүгінгі күнге жалпы жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен 882 адам қамтылса, оның ішінде тұрақты жұмыс орнына 585, ақылы қоғамдық жұмысқа 136 адам тартылған. Ал «Жастар практикасына» 31 жас жіберілсе, «Еңбек» бағдарламасының екінші бағыты бойынша қайтарымсыз грант алып, өз кәсібін бастауы үшін 44 азаматқа 52,8 миллион теңге берілген. Сонымен қатар қысқа мерзімді оқытудан 58 адам өтсе, «Бизнес бастау» курсын 120 азамат оқып шығыпты. Нәтижесінде жұмыссыздардың қатары кеміп, қазір олардың саны 378 адамды құрап отыр. Бұдан бөлек, аз қамтылған әлжуаз азаматтарға қолдау көрсету мақсатында демеушілер тарапынан әр түрлі қайырылымдық көмектер көрсету шаралары ұйымдастырылуда. Оның ішінде 30 отбасыға қатты отынмен, 28 балаға киім-кешекпен, 29 отбасыға азық-түлікпен көмек берілген. Бұған қоса өткен жылдары демеушілер көмегімен 3 мұқтаж отбасы үймен қамтылса биылғы жылы баспанасы жоқ көп балалы ана Гүлнар Әлінің «Асарлатып үй салу» жобасының жемісін көрер күн жақын.
Округте санитарлық тазалық жұмыстарына да ерекше мән беріледі. Күнделікті көшелерді тазалау, ағаштар мен гүлдерді, көгалдарды суғару, ағаштарды мезгілімен кесіп тұру, көше бойындағы шөптерді шабу, тиісті жерлерді сырлау, талдарды әктеу жұмыстары, кездейсоқ қоқыс орындарын жою – басты назарда. Осы орайда тазалық пен санитарлық нормаларын бұзғаны үшін қосымша шаралар қолданылып, 19 азаматқа ескерту беріліпті. Тазалық сақшыларының көмегімен ауылдағы 13 аялдама, 5 көпір, 5 жаяу жүргіншілер көпірі, 31 орындықтар сырланды. Сондай-ақ жол-көлік оқиғасын болдырмау мақсатында 36 жаяу жүргіншілер өткелі жаңартылып, электр трансформаторлар қоршалған.

Жамбылдағы жарқын істер жан жадыратады

Қордай ауданының Жамбыл ауылдық округінің әлеуеті де еш жерден кем түспейді. Ауылдарын ажарын ашу мақсатында қолға алынған ілкімді істер осы сөзіміздің дәлелі.
Жамбыл ауылдық округі аудан орталығынан 15 шақырым қашықтықта орналасқан. Аумағы 42 469,9 гектарды құрайтын округте Жамбыл, Жаңатұрмыс ауылдары орналасқан. Мұнда қазіргі таңда 6 822 адам тұруда. Округ бойынша жеке кәсіпкерлер саны – 289, оның ішінде 236-ы мал шаруашылығымен айналысса, қалған 53-і әртүрлі сала бойынша жұмыс істейді. Сондай-ақ 95 шаруа қожалығы асыраушы саланың дамуына үлес қосуда.
Округ бойынша шаруа қожалықтарда барлығы 5 950 гектар жерге егістік егілді. Оның ішінде бидай – 976, арпа – 2 417 гектар. Бұдан бөлек, жүгері, жоңышқа, біржылдық шөп қоры да жеткілікті.
Жамбылда жолдарды жөндеуге де айрықша назар аударылуда. Айталық, Ауыл ішіндегі жолдардың жалпы ұзындығы 26,2 шақырымды, республикалық маңызы бар жолдар – 29, аудандық маңызы бар жолдар – 4,2 шақырымды құрайды.
Сондай-ақ «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында Жамбыл, Жаңатұрмыс ауылдарындағы ауылішілік жолдарды орташа жөндеуден өткізуге 279 миллион 880,5 мың теңге қаржы бөлініп, ашық конурс арқылы «DAUREN BUILD» ЖШС жеңімпаз атанған еді. Бүгінде жөндеу жұмыстары толығымен аяқталды. Нәтижесінде жалпы округ бойынша ауылішілік жолдардың жақсы жағдайдағы үлесі 94 пайызға жеткен.
Осы орайда округтегі 29 көшенің 11-і жарқырап тұр. Бұған қосымша ағымдағы жылы аудандық бюджеттен 1589,0 мың теңге қаржы қарастырылып, Жаңатұрмыс ауылы Өрлеу көшесіне жарықтандыру орналастыру жұмыстары жүргізілуде. Ал жалпы округ бойынша табиғи газбен қамтылу деңгейі 88,7 пайызды құрайды.
Ауылдық округ әкімі Айдар Бірімқұловтың сөзінше, мұнда ауыз су мәселесі де өз шешімін табуда.
– Айталық, Жамбыл ауылы бойынша – 730 тұрғын үй таза ауыз су жүйесіне қосылса, оның ішінде есептегіш құралдар саны – 582, есептегішсіз абонентттер саны – 148 (тәулік бойы). Қалған 23 үйде жеке су ұңғымалары бар. Сондай-ақ ауыз су жүйесіне яғни Жамбыл ауылының Алға көшесіне 5499,0 мың теңгеге 1,6 шақырым, Жаңатұрмыс ауылының Ғ.Мұратбаев көшесіне 7888,0 мың теңгеге 2,2 шақырымына ағымды жөндеу жұмыстары жүргізіліпті. Елді мекенде жұмыссыздықпен күрес те жүйелі жүргізіліп келеді. Мәселен, биыл атаулы әлеуметтік көмек алуға 45 отбасының өтініші келіп түскен. Оның ішінде 8 отбасының кіріс көзі кедейшілік шегінен асып кеткені және ауылда тұрмайтындығы анықталса, 37 отбасына әлеуметтік көмек тағайындалған. Бір жолғы әлеуметтік көмек 6 адамға берілді. Бұған қоса қысқа мерзімді кәсіптік оқумен 3, алғашқы жұмыс орындарымен 2, күміс жаспен 4, «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы бойынша 11 жас маман жұмыспен қамтылды. Сондай-ақ аудандық халықты жұмыспен қамту орталығы арқылы 50 жұмыссыз азамат ақылы қоғамдық жұмысқа тартылса, 20 азамат қайтарымсыз грантқа қол жеткізді, – дейді Айдар Бекмұханбетұлы.
Ауылда жарқын жобалар да жемісін беруде. Мысалы, «Жомарт түлек» жобасы аясында Жаңатұрмыс ауыл жастары және ауылдан шыққан меценаттар «Жаңатұрмыс» мешітін қоршап, асхана құрылысын жүргізуде. Сондай-ақ биыл Жамбыл ауылының тұрғыны Ешмұхановтар отбасының тұрып жатқан баспанасынан өрт шығып, толығымен өртке оранған болатын. Бір жарым ай өткен соң «Асарлатып үй салу» жобасы шеңберінде үй толығымен күрделі жөндеуден өткізіліп, жиһаз жабдықтарымен қамтамасыз етіліп, пайдалануға берліді. Сонымен қатар Жамбыл ауылының тұрғыны, көпбалалы, жалғызбасты ана Ұлбосын Искаковаға ауыл белсенділері Жамбыл ауылынан тұрғын үй сатып алып берген. Игі істер тек мұнымен шектелмейді. Өйткені, ауылда мемлекеттік және ұлттық мерекелер қарсаңында ауыл тұрғындарының қатысуымен мәдени-спорттық шаралар өткізумен қатар, түрлі санаттағы тұрғындарға қайырымдылық көмек көрсету де дәстүрге айналған. Жалпы округте жыл басынан бүгінгі күнге дейін демеушілер тарапынан 214 адамға 1488,0 мың теңгеге қайырымдылық көмек көрсетіліпті.
Ауылдық округте білім саласына да ерекше екпін түсірілуде. Айталық, Ж.Жабаев атындағы №26 орта мектепте 1-11 сынып аралығында 1 183, даярлық топта, яғни 0-сыныпта 45 бала білім алуда. Олардың 419-ы ыстық тамақпен қамтылған. Сондай-ақ 2022-2023 жылдың қорытындысымен 74 мектеп бітірушінің 63-і ҰБТ-ға қатысып, 17 бала грантқа оқуға түсті. Ал 9 сыныпты 104 бала тәмамдап, 5-і мемлекеттік грантқа қол жеткізді. Сонымен қатар аталған оқу ордасы №29 Жаңатұрмыс орта мектебінде шахмат, дойбы, еркін күрес, үстел теннисі, волейбол, баскетбол үйірмелері тұрақты жұмыс істеуде.
Абаттандыру жұмыстары да айрықша назарда. Айталық, жыл сайынғы көктемгі және күзгі 2 айлық абаттандыру және санитарлық тазалық жұмыстарының барысы жоспарға сәйкес өткізілді. Жалпы бюджеттен елді мекендерді абаттандыру мен көгалдандыруға 11 640,0 мың теңге қаражат бөлініп, оның ішінде Жаңатұрмыс ауылындағы орталық саябақты аббаттандыруға, Жамбыл, Жаңатұрмыс ауылдарына балалар ойын алаңшасын орнатуға, кездейсоқ пайда болған күл-қоқыс орындарын жинап, тазалауға, сыртқы көрнекі ақпарат құралдарын орналастыруға, сметалық құжаттамалар жасауға және шаруашылық таураларын сатып алуға жұмсалды.
Қорыта айтқанда, халықтың табысын, әл-ауқатын арттыру және аудан экономикасын дамыту мақсатындағы жүйелі жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын табады.

Еркін Сайын

Comments (0)
Add Comment