Елімізде коронавирустық инфекцияның таралуы бойынша эпидемиологиялық жағдай қайта ушықты. Нәтижесінде өңір COVID-19-дың таралуы бойынша «қызыл» аймаққа енді.
Пандемия басталғалы аймақта коронавирустық инфекцияның 22 526 жағдайы тіркелген. Биылдыққа КВИ-мен 1 082 азамат ауырды. Өткен тәуліктің өзінде 257 дерек анықталды. Өткен аймен салыстырғанда аурушаңдық көрсеткіші 7 есеге өсіп отыр. Осындай кезде халықты коронавирустық инфекциядан қорғаудың бірден-бір тиімді тәсілі – вакцинация екені анық. Осы орайда облыста ересек тұрғындарды, 12-17 жастағы жасөспірімдерді, 16-37 апта мерзіміндегі жүкті әйелдерді, 18 айға дейінгі емізетін баласы бар аналарды егу жұмысы жүргізілуде. Вакцинация курсын аяқтаған соң 6 айдан кейін тұрғындар ревакцинацияланады. Ұжымдық иммунитетті қалыптастыру үшін ересек тұрғындардың жалпы санынан халықтың 87,2 пайызы вакцинациялауға жатады. Бүгінде 1-компонентпен – 100,3 пайыз, 2-компонентпен – 89,3 пайыз қамтылған. Мерзімдері бойынша қайта вакцинациялауға жататын адамдардың жалпы санының 25,9 пайызы екпе алған. Қазақстанда Астана және Алматы қалаларында «Омикрон» штаммы сырттан келгендерден анықталған. Індет жұқтырғанда жылдам диагноз қою маңызды.
– Халық медициналық көмекке мүмкіндігінше ертерек жүгіну қажет. Медицина мамандары емдеуді тез және уақытылы бастауы керек. Алғашқы үш күн маңызды. Алтыншы-жетінші тәулікте пациент көмекке жүгінген кезде аурудың жіті ағымының даму кезеңі жүріп жатады. Ол кезде медициналық көмек көрсету өте қиын болады, ал емдеу әдістерін таңдау шектеледі. Бүгінде балалар инфекцияны жиі жұқтыруда. Сондықтан олардың түрлі іс-шараларға қатысуын шектеу қажет. Бұл ауру қаупін азайтуға көмектеседі. Ерекше қауіп тобында жаңа туған нәрестелер тұр. Ал вакцинация ана мен баланың жұқтыру қаупін азайтуға, сондай-ақ ауыр асқынулардың алдын алуға мүмкіндік береді. Ана мен оның болашақ баласын коронавирустық инфекцияның ауыр асқынуларынан қорғау үшін әйелдерге жүктілікті жоспарлау кезеңінде егілу қажет. Егер вакцинация осы кезеңде жүргізілмесе, онда ол жүктілік кезеңінің 16-37 аптасында ұсынылады, – дейді облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев.
Омикронмен ауырған адамда тромбоз, инфаркт, инсультке шалдығу, мүгедектік халге түсу тәуекелі өте жоғары болады. Осыған байланысты «Омикрон» штаммының таралуына қарсы карантиндік шаралар қайта күшейтілді.
– Тараз қаласының білім беру ұйымдарында 2021-2022 оқу жылының 3-тоқсанында оқу-тәрбие процесінің өзгергендігі туралы хабарлап отырмыз. Қашықтан оқыту форматына көшірілген барлық білім алушылар компьютерлік техникамен қамтылды. Жалпы өңірдегі 478 білім беру ұйымында 245 623 оқушы бар. 478 мектептің 330-ында 600-ге дейін, 148-інде 600-ден аса оқушы оқытылуда. Қазіргі таңда аудан орталықтары мен қалада орналасқан 93 мектеп қашықтан оқытуға жіберілді. Олардағы 1-2 сыныптар штаттық режимде оқиды. Яғни 93 мектепте 122 905 оқушы болса, соның 84 252-сі қашықтан, 38 653-і штаттық білім алып жатыр, – дейді облыстық білім басқармасының басшысы Бейқұт Жамангозов.
Спикердің мәліметінше, 600 оқушыға дейінгі оқушылары бар қалған 385 мектеп штаттық форматта, санитарлық талаптарды сақтап жұмысын жалғастыра береді. Оқытуды штаттық форматта ұйымдастыру кезінде «бір кабинет – бір сынып» қағидаты сақталады. Мектептен тыс ұйымдарда штаттық режимде оқытуға жеке сабақтар кезінде, топтық 10 адамға дейін, кемтар балаларға ересектерге арналған түзету кабинеттерінде (орталықтарда) 8 адамға дейін жеке және топтық сабақтар өткізуге жол беріледі. Барлық меншік нысанындағы мектепке дейінгі ұйымдардың қызметі штаттық режимде жалғасады.