Өңір руханияты партия назарында

«Nur Otan» партиясы облыстық филиалында «Мирас» аймақтық кеңесінің кезекті отырысы өтті.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ

Филиал төрағасының орынбасары Балабек Нарбаевтың төрағалығымен өткен жиында мәдениет пен өнерді дамыту мәселелері және партия төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында көрсетілген тың жобалар ортаға салынды. Негізгі бағыттар бойынша жүзеге асырылуға тиісті жұмыстардың жай-жапсары кеңінен талқыланды.
Шарада алғашқы болып сөз алған «Nur Otan» партиясы Жамбыл облыстық филиалы саяси жұмыс бөлімінің меңгерушісі Айнұр Келімбетова «Мирас» аймақтық кеңесінің өткен жиынында ұсынылған мәселелер бойынша баяндама жасады.
– Осыған дейінгі кеңес отырыстарында ұсынылған айтыс өнерін дамыту жолдарын қолға алу және жас ақындар мектебін ашу, Елбасының «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласы аясында өскелең ұрпақтың қажеттілігін өтеуге, туған жердің тарихын тануға арналған анимациялық фильмдер түсіру, барлық тас мүсіндерді тиянақты түрде есепке алу және ол нысандарды видеоға, фотоға түсіріп, арнайы фотокөрмелер ұйымдастыру, музей жұмыстарына фонограммалық жөндеу жұмыстарын жүргізу мәселелері бойынша ұсыныстар бүгінде қабылданып, нақты шаралар жүзеге асырылып жатыр. Қазіргі таңда осы және өзге де ұсыныстар бойынша атқарылып жатқан жұмыстар партияның жіті бақылауында, – деді Айнұр Шайзханқызы.
Жиын барысында мәдениет саласының ардагері, драматург Әлібек Әмзеұлы өңір аумағындағы балбал тастардың тағдырына байланысты алаңдаушылық білдірді.
Филология ғылымдарының докторы, профессор Сәмен Құлбарақ облыс әкімінің тапсырмасымен жарыққа шыққалы жатқан «Тараз мұралары» 80 томдық шығармалар жинағын әзірлеу жұмыстарының барысын атап өтті.
– Облысымыздың 80 жылдығына орай баспадан шыққалы жатқан көптомдыққа деректер мен мәліметтер жинау оңай жұмыс емес. Бұл ретте күні кеше өмірден озған мұрағаттанушы, журналист Мақұлбек Рысдаулетұлының еңбегі орасан. Мұны ұмытпауымыз керек. Қазіргі таңда өңірден шыққан көрнекті тұлғалардың еңбегі, айтыскерлердің шығармашылығы, өнер иелерінің туындылары, барлығын қосқанда 80 томнан асып жығылатын еңбек дайын тұр. Бұл өңірдің мерейтойы үшін тамаша тарту болары сөзсіз. Жамбыл облысының мәдениеті мен руханияты жөнінде ақпарат іздеген адамға бұл көптомдық үлкен көмекші болатынына сенімдімін, – деді ғалым.
Ал облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Дүйсенәлі Бықыбаев көпшілік назарын республикалық деңгейдегі «Алтын домбыра» ақындар айтысына Жамбыл облысының ақындарын қатыстыру мақсатында облыста республикалық ақындар айтысы 2020 жылы да дәулескер ақын Жамбыл Жабаевтың туған күнінде ұйымдастырылатынын, дәстүрлі айтысқа бюджеттен қаражаттың да қарастырылғанын айтып, дайындық жұмыстары басталып кеткенін сөз етті. Ал облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Серікбол Берікқожа қызметке кіріскен күннен бастап әр саладағы жастармен кездесіп, олардың негізгі мәселелері бойынша жұмыс қауырт жүріп жатқанын хабарлады. Әсіресе биылғы жылдың бюджеті жұмсалып қойғанына қарамастан, кәсіпкерлердің көмегімен ақын Табиғат Абаилдаевтың кітабын жарыққа шығару бойынша нақты жұмыстар жасалып жатқанын айтып, сүйіншіледі. Ал келесі жылдың жоспарына жас ақындар мүшайрасы, поэзия форумын міндетті түрде қосатынын жеткізді.
Жиын нәтижесінде, «Мирас» аймақтық кеңесінің мүшелері партия төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Nur Otan» партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында «Сенім.Диалог. Болашаққа нық қадам – «Nur Otan» партиясының 7 серпіні» атты партия жұмысын жүйелі жаңғырту бағдарламасын насихаттау, Жамбыл облысындағы мәдениет пен өнер саласындағы жас мамандар мен талантты жастарды, жас ақындарды қолдау шараларын ұйымдастыру бойынша шешімдер қабылдады.

Comments (0)
Add Comment