Кеңес үкіметі тұсында Жамбыл өңірінде ірі өндіріс ошақтары құрылып, өркен жайды. Содан шыққан өнімдер одақ құрамындағы барлық республиканы қамтып, тіпті артылғаны шетелге де экспортталды. Бірақ қызыл империя құлап, еліміз тәуелсіздігін жариялағанда жағдай күрт қиындай түсті. Нарықтық экономикаға бейімделе алмаған кәсіпорындар тоқырап, ал бәсекеге қабілетті өндіріс орындары қайта түледі. Солардың бірі – Тараз металлургиялық зауыты.
Өңірде химия өндірісі қанатын кеңге жайып, 1969 жылы «Химпром» зауыты іске қосылған болатын. Кәсіпорын сол қалыптасқан тұстан бері түрлі кезеңдерден өтті. Жаңа өндіріс цехтары ашылып, ескісі жабылды. Ақырында 2007 жылы фосфор шығаратын өндірістің орнына оңтүстік өңірдегі алғашқы металлургия зауыты пайда болды. Содан бері зауыт облыстың экономикасын өрге сүйреп, кіріс көзін арттыруға елеулі үлес қосып келеді.
Әрине, бұрын фосфор шығарған зауыттың болат өндірісіне қажетті металлургиялық өнім шығару жолындағы алғашқы соны бастамасы болған еді. Сол тұста жоба «Қазақстанның 30 корпоративті көшбасшысы» бағдарламасын жүзеге асыру шеңберінде шикізаттық емес «екпінді» инфрақұрылымдық инвестициялық жобаларды іске асыру бағытындағы батыл қадам болғаны рас. Себебі облыста бұрын-соңды металлургия зауыты болған емес. «Химпром-2030» серіктестігінің қайта жабдықтау бағдарламасы аясында металлургия зауыты ферроқорытпа өнімдерін, электркальцийлендірілген антрацит блоктар мен анод массаларын шығаруды сол кезден-ақ мықтап қолға алды. Бірер жылда өндіріске 4 миллиард 824 миллион теңге жұмсалды. Осылайша ферроқорытпа өндірісінің жобалық қуаты жылына 100 мың тонна өнім өндіруге шақталды.
Күні кеше Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев зауытқа арнайы атбасын бұрып, жұмысымен танысты. 2007 жылы құрылған зауыт ферроқорытпа өндірушілердің бірегейі және ел аумағында электрод массасының жалғыз өндірушісі. 800-ге жуық жұмысшы еңбек ететін кәсіпорын 2010 жылы қайта жаңғырту мен кеңейтуден өтіп, жылдық қуаттылығы 72 мың тоннаға дейін жеткен. Өнімдер ішкі нарықпен қатар, Ресей Федерациясы, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан сияқты елдерге де экспортталады.
Облыс әкімі өндіріске жан-жақты қолдаулар жалғасатынын айтып, серіктестік басшылығына жергілікті тұрғындарды жұмысқа тарту, өнім көлемін арттырудың маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ аймақ басшысы еңбек қауіпсіздігін сақтауға, жұмысшылардың әлеуметтік және еңбек жағдайларына баса ден қойып, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін де естен шығармау керектігін атап өтті.
Өз кезегінде серіктестік басшысы Ғабит Сұлтанқұлов барлық тапсырмалардың назарға алынатынын және зауыт толық қуаттылығымен жұмыс істеуге көшкен кезде, яғни 1 жыл ішінде жұмысшылар санын 1 400-ге дейін арттыратынын жеткізді.