Еліміздегі химия өнеркәсібінің алыбы «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 20 жылдық мерейтойын жоғары деңгейде атап өтті. «Баласағұн» орталық концерт залында сән-салтанатымен өткен шараға мекеме ардагерлері мен жұмысшылар қатысты.
Зере Қуаныш
Суреттерді түсірген Юрий КИМ
Облыс экономикасының 4\1 бөлігін құрап отырған кәсіпорын жыл сайын фосфор өндіретін цехтардың қатарын арттыруда. Зауыт бүгінде алты мыңнан астам адамды жұмыспен қамтып отыр. Компания биыл 9 айда құны 100 млрд теңгеден аса өнім өндірген. Осындай қарқынмен жұмыс жалғасса, жыл соңына 140 млрд теңгенің өнімін шығару жоспарда бар. Бұл да компанияның қарыштап дамуының көрінісі. Салтанатты жиынды «Қазфосфат» ЖШС-нің бас төрағасы Мақсұтбек Есенов ашып, кәсіпорынның бүгінгі таңда жеткен жетістігін баяндады. Бұдан соң кәсіпорын қызметкерлерін айтулы мерекемен құттықтау үшін құттықтау сөз облыс әкімі Асқар Мырзахметовке берілді.
– Еліміздің экономикасын арттыруда химия өндірісінің қосып отырған маңыздылығын айтпаса да түсінікті. Кəсіпорын көз алдымызда өркендеп, республикамыздағы көшбасшы өнеркəсіп орнына айнала білді. Бүгінде серіктестік 20-дан астам фосфор өнімін өндіріп, отыздан астам елге экспорттап отыр. Өңіріміздегі өндіріс ошақтарынан түсетін табыстың да 20 пайызын осы кəсіпорын құрауда. Сондай-ақ өткен жылы бюджетке бес миллиардқа жуық салық төлеп, өңірдің дамуына үлес қосуда. Сонымен бірге мəдениет пен спорт салаларын да дамытуға өз септігін тигізуде, – деген Асқар Исабекұлы өз сөзінде химия саласының мамандарын айтулы мерекемен құттықтап, табыс тіледі.
Осыдан кейін сала үздіктерін ҚР Индустрия және инфрақұрылымды дамыту министрлігінің «Еңбек ардагері», облыс әкімінің «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгілерімен және Құрмет грамоталары мен «Nur Otan» партиясы облыстық филиалының Құрмет грамоталарымен марапаттады. Сондай-ақ өнеркәсіп ұжымын ҚР Индустрия және инфрақұрылымды дамыту министрлігі Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Самат Қосайұлы құттықтап, саланың үздіктеріне министрліктің «Химия өнеркәсібінің үздік қызметкері» төсбелгісімен жəне Құрмет грамоталарын салтанатты түрде тапсырды.
Одан кейін сөз алған облыстық мәслихаттың депутаты Мейрамбек Төлепберген, Тараз қаласының әкімі Қайрат Досаев пен Тараз қалалық мәслихатының хатшысы Батырбек Құлекеев химиктерді төл мерекесімен құттықтап, химия саласының үздіктерін Жамбыл облысының Құрмет грамотасымен, Тараз қаласы əкімінің Құрмет грамотасымен, Тараз қаласының Құрмет грамотасымен жəне Алғыс хаттарымен марапаттады. Сондай-ақ «Қазфосфат» ЖШС-нің бас директоры, Қазақстанның Еңбек Ері Мұқаш Ескендіров химия саласының қызметкерлерін құттықтап, кәсіпорынның Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттарын тапсырды. Салтанатты жиында компанияда жемісті жұмыс істеген 108 азамат түрлі марапаттарға ие болды. Шара соңы концерттік бағдарламаға ұласты.