Инвестиция тарту жоспары жүйелі

Расында аймақтың экономикалық даму процессіне оң серпін беретін салалар баршылық. Бірақ соның ішінде басымдық ицвестиция тарту мәселесіне түсетіні белгілі. Бұл бағытта Тараз қаласында да ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстар баршылық. Қала әкімдігінің бастамасымен шаһарда 2021-2022 жылдары жалпы құны 17,8 миллиард теңгені құрайтын 7 инвестициялық жобаны іске асыру көзделіпті,-деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі.

Егер меже орындалса, онда 1044 азамат жұмыспен қамтылмақ. Сонымен биыл жыл соңына дейін қалада «Kisc» серіктестігінің «Металл құю цехын жаңғырту» жобасы, «Alina Group» серіктестігінің Тараз қаласындағы өндірістік базасын кеңейту және жаңарту жобасы жүзеге аспақ. Ал келер жылы «СП-Тараз PET», «Дәмді себет», «Alina Delux»,«Оргэлитстройсервис» серіктестіктерінде өндіріс көлемін арттыру бағытында құрылыс жұмыстары жүргізілмек.
Қалада инвестиция көлемін ұлғайтуға мүмкіндік мол. Мысалы, индустриялық аймақ арқылы жүзеге асатын жалпы құны 43,6 миллиард теңгеден асатын 14 жоба бойынша әлеуетті қатысушылар базасы қалыптасты. Индустриалды аймаққа орналасатын кәсіпорындардың жоба қуатын ескере отырып, инфрақұрылым желілерімен қамтамасыз етуге шамамен 1,3 миллиард теңге қаражат қажет екендігі белгілі болған. Бүгінде осы шаруаны толық шешу мақсатында жұмыстар атқарылып жатыр екен. Нақтырақ айтсақ, бұған электрмен қамтуға – 339,2 миллион теңге, газбен қамтуға – 201,6 миллион, сумен қамтуға – 47,5 миллион, кәріз құрылысына – 135,9 миллион, жол құрылысына – 187,7 миллион теңге сондай-ақ темір жол құрылысына – 352,4 миллон теңге кетеді деп жоспарланып отыр. Осылайша индустриалды аймақ толыққанды жүзеге асып, жаңа жұмыс орындары ашылса, қаланың салық, бюджет түсімдерін арттыратыны анық.

Comments (0)
Add Comment