Індеттің алдын алу – маңызды мәселе

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында қала әкімі Айтқазы Қарабалаев пен қаланың санитарлық дәрігері Рита Алтынбасова коронавирус инфекциясының ықтимал екінші толқынына дайындық жұмыстарының барысы жайында кеңінен айтты.

Сәндібек Піренов

Елде короновирус пандемиясының бірінші толқыныны өткенде вирус жұқтырмаудың бірден-бір жолы санитарлық талаптарды сақтау екеніне көз жеткізгенбіз. Қала әкімі Айтқазы Қарабалаевтың айтуынша, карантиндік шараларды қатаң бақылауға алған тұста уақыт сәтімен жағдай тұрақталған.

–Коронавирустық инфекцияға шалдыққандардың саны маусым-шілде айларында күрт артқанын білесіздер. Алдын ала жүргізілген болжамдар бойынша аурудың екінші толқыны қараша-желтоқсан айларында орын алуы мүмкін деп күтілуде. Сондай-ақ бұрын науқастардың бойында қалыптасқан ауруға қарсы антидене бір айдан кейін төмендеп, тиісінше олардың қайта сырқаттану мүмкіндігі жоғары екендігін ескергеніміз жөн,–деді Айтқазы Дәулетқұлұлы.

Осыдан кейін қаланың санитарлық дәрігері Рита Өмірханқызы қаладағы қазіргі жағдай бойынша баяндама жасады. Ол бұрынғы қалалық перинаталдық орталықтың ғимараты 200 төсек-орынға арналған инфекциялық стационар ретінде жабдықталып жатқандығын, ағымдағы жылдың тамыз айынан бастап вирус жұқтырғандарды оңалтуға арналған 100 орындық оңалту орталығы жұмыс істеп тұрғанын айтты.

–Тараз қаласы тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасымен карантин режимін және санитариялық-талаптарды бұзу бойынша ҚР әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 425 бап 1 тармағына сәйкес 94 әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі хаттама толтырылып, жалпы соммасы 10 672 120 теңгеге айыппұл салынды. Қазіргі уақытта қала аумағында карантин режимінің сақталуын бақылау бойынша 12 мониторингтік топ (құрамында қалалық әкімдік, құқық қорғау органдары мен қоғам белсенділері бар) жұмыс жасауда.

Облыс аумағында инфекция жұқтырғандар саны көбейген жағдайда карантин талаптары күшейтілетін болады. Ауа-тамшылары арқылы жұғатын коронавирустық инфекцияның алдын алудың тиімді әдісі қолды жиі жуып жүру болып саналады. Адам көп шоғырланған жабық ғимараттарда ұзақ уақыт болмауға барынша тырысу керек. Ал егер болған жағдайда 1,5-2 метр әлеуметтік арақашықтығын сақтау маңызды.

Алда қыс мезгілі келе жатқанын ескерсек, белгілері коронавирустық инфекцияға ұқсас жедел респираторлық инфекция мен тұмаудың өсуі болады. Осыған байланысты қала емханаларында тұрғындарға тұмауға қарсы екпе жұмыстары жүріп жатыр. Соңғы мәліметтер бойынша 47542 адамға тегін, 200 адамға ақылы екпе жасалды. Оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалрдың саны – 7043, 15-17 жастағы балалар – 6704, ересектер-33795 адамға жетті. Вакцинациялау бойынша жоспар 12,5 пайыз орындалды, бұл бағыттағы жұмыстар жалғасады,–деді Рита Өмірханқызы.

Конференция соңында Айтқазы Дәулетқұлұлы мониторингтік топтың рейд жұмыстары кезінде мейрамханаларда мелекеттік қызметкерлердің бар екені анықталса, тиісті шара қолданылатынын айтты. Шаһар басшысы бұл қалалық әкімдіктегі қызметкер болса, жұмыстан босатылуы бек мүмкін екенін ескертті. Ал басқа мемлекеттік мекемеде қызмет атқаратын «тойшыл» азаматтар әшкереленіп жатса, тиісті басқарма, департаментке ұсыныс хат жолданатын болады.

Comments (0)
Add Comment