Иманбек Зейкенов «Грэмми» жүлдесін жеңіп алғанын Instagram-дағы оқырманынан естіген. Алайда диджей оның қандай сыйлық екенін түсінбеген. Бұл туралы Иманбек Лаура Джугелияға берген сұхбатында айтты. Ол Fametime TV арнасында жарияланды, деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.
«Жүлдені алған сәтте «Грэммидің» не екенін де білмедім. Маған оны «Музыкалық Оскар» деп түсіндірді. Яғни бұл сөзді естігенмін, бірақ ешқашан мән бермеппін», – деді Иманбек.
Өнерпаз бұл жаңалықты алғаш естіген сәті туралы айтты.
«Instagram-ның тікелей эфирінде оқырмандарыммен тілдесіп отырғанымда біреу: «Құттықтаймыз! Сіз «Грэмми» жеңіп алдыңыз», – деп жазды.
Түсінген жоқпын. Эфирді аяқтап, Кириллге (Кирилл Лупинос, Иманбектің продюсері): «Біз «Грэмми» жеңіп алдық па?» деп жаздым. Сол уақытта өзім гуглдан «Грэммидің» не екенін қарап отырдым», – деп күлді Зейкенов.
Қандай марапатқа ие болғанын түсінген Иманбек бүгінде өзін мақтан тұтанынын атап өтті.
«Мұндай болады деп ешқашан ойлаған емеспін. Өзім армандауға қорыққан арманым орындалғандай», – деді ол.
Роза Рымбаева Иманбектің бұл жеңісін сәттілікке балаған болатын. Иманбектің бұған көзқарасы қандай?
«Ол – оның субъективті пікірі. Қуандым дей алмаймын, бірақ көңіліме алмадым. Жалпы сынға ренжімеймін. Ал негізсіз сын болса, мүлдем мән бермеймін», – деді Иманбек.
Сөзіне қарағанда, әлеуметтік желіде оған жағымсыз пікірлер сирек жазылады.
«Негізсіз сын жазылса, жақтаушыларым ол адамды жеп қояды. Ақырында өзі шығып кететіндей немесе пікірін өшіретіндей жағдайға жеткізеді», – деді Иманбек.