Игіліктің бәрі – тұрғындар үшін

Тараз қаласының әкімі Айтқазы Қарабалаев әлеуметтік желідегі ресми парақшаларда тұрғындар сауалына жауап беру мақсатында әкім сағатын өткізді.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ

Онда желі қолданушылары шаһар басшысына өзекті сауалдар жолдап, нақты жауаптар алды. Тұрғындарға бір табан жақын болып, олардың мәселелеріне құлақ түру мақсатында ұйымдастырылған эфир жағымды жаңалықпен басталды. Тараздық автопарктер отандық автобус-тармен толықтырылды.

– Өткен аптада облыс әкімі Бердібек Сапарбаевпен автобус шығаратын отандық компаниялармен бірлесіп келіссөздер жүргіздік. Қаладағы тасымалдаушы мекемелердің негізгі мәселелерін тыңдап, автокөліктерді сатып алуға мүмкіндіктерді елеп-екшедік. Нәтижесінде 260 автобус сатып алынады деп келісілген болатын. Бұл – биыл және келесі жылы алынатын көліктерді қосқандағы есеп. Сәрсенбіден бастап қалада 4 жаңа автобус жүріп жатыр. Барлығы дерлік 15 күн бойы қалада адам тасымалдап, сынақтан өтеді. Қатарында 8,5 метрлік, 10,5 метрлік автобустар бар. Автопарк мамандары баға мен ыңғайлылығы жағынан өздеріне қолайлысын таңдап алады. Жылдың соңына дейін жоқ дегенде 100 автобус алу керек деген облыс әкімінің тапсырмасы бар. Осыған байланысты қаржы мәселелері реттеліп жатыр, – деді Айтқазы Қарабалаев.

Сондай-ақ жуырда шаһардағы қоғамдық көліктердің төлемақысын электронды форматқа ауыстыру туралы да жаңалық тараған болатын. Бүгінде төлем карталары сатылымға шығарылды. Эфирде қала әкімі бұл жаңалыққа да аз-кем тоқталып өтті.

– Қоғамдық көлік төлемін электронды форматқа ауыстыру 15 тамыздан басталады деген болатынбыз. Қазір төлем карталарын сату басталды. Арнайы дүңгіршектер сауда орындарының маңында, аялдамаларда орналасқан. Қала бойынша 17 нүкте бар. Әзірге 10 мың карта сатуға қойдық. Әрі қарай бұл жұмыстар жүйелі жүзеге асатын болады. Бұл жүйе іске бірден қосылмайды. Ақырындап, халықты құлақтандырып, қадам-қадаммен жүзеге асырмақпыз. Оқушылардың төлемақысы мен көпбалалы аналарға берілетін жеңілдіктер жайы да алдағы уақытта бір ізге түседі. Айта кететін жайт, бұл картамен ата-ана баласының мектепке кіріп-шыққанын да көріп отыратын болады, – деп атап өтті шаһар басшысы.

Көзді ашып-жұмғанша жаңа оқу жылының басталуына да аз уақыт қалды. Әкім сағаты өтеді деген хабарлама берілгеннен бастап көрсетілген электронды поштаға білім саласына байланысты бірқатар сауалдар келіп түскен екен. Атап айтқанда, ата-аналар балаларының қашықтан оқу кезінде қажетті құралдармен қамтамасыз етілуіне алаңдаулы. Бұл сұраққа Айтқазы Дәулетқұлұлы: «Білім беру саласына байланысты күні кеше ғана облыс басшысы арнайы брифинг өткізіп, көптеген сауалдарға жауап берді. Жамбыл облысында арнайы құралға мұқтаж әрбір отбасыға бір-бір ноутбуктан берілетін болса, жалпы алғанда, 30 мың компьютер қажет. Қаланың өзінде жағдайы жоқ, көпбалалы отбасыларға мектептегі компьютерлер үлестіріледі», – деп жауап берді.

Бұдан әрі әлеуметтік желі арқылы Айнұр Юлдашева есімді қолданушыдан сауал келіп түсті.

– Мен Қостанай көшесінің 3-ші бұрылысында тұрамын. 2018 жылы көшеміз газбен қамтамасыз етілді. Бірақ менің үйім бұл жұмыстардан шет қалды. Алдағы уақытта газға қосылуым үшін өз қалтамнан қаражат төлеуім қажет екен. Бұл қаншалықты заңды? – дейді тұрғын.

Шаһар басшысы бұл мәселе қала әкімдігінің құзырында еместігін жеткізді. Тиісінше, тұрғынға Қойгелді батыр көшесінде орналасқан «ҚазТрансГаз Аймақ» өндірістік филиалына барып өтініш қалдыруы керектігін айтты.

Келесі сауал 10-шы мөлтек ауданның тұрғыны Бақтияр Алпысбаевтан түсті. Баяндауынша, үйінің алдында полиция пункты орналасқан. Тұрғындарға осы пунктке әкелінетін азаматтар маза бермейді. Сауал жолдаушы осы полиция пунктын басқа орынға ауыстыруды сұрайды. Өз кезегінде Айтқазы Қарабалаев бұл мәселені Тараз қалалық полиция басқармасына тапсыратынын жеткізді. Одан әрі желі қолданушыларынан Тараз қаласының аумағындағы карантин тәртібі турасында сауал түсті.
– Карантин режимін тоқтатпаймыз. Бізде әлі науқастар бар. Күнделікті тіркеліп жатқан азаматтар бар. Сондықтан тараздықтардан адамдар көп шоғырланатын орындардан қашық жүруді, қоғамдық көліктерде, саябақтарда маска режимін сақтауды сұранамын. Әрбір азаматтың қауіпсіздігі біз үшін маңызды. Қазіргі таңда тұрақты түрде рейд жүргізілгенімен де, тәртіп бұзып жатқандардың қарасы азаймай тұр. Бұл жауапсыздық күні ертең сіздің жақындарыңыздың өліміне алып келуі мүмкін. Онсыз да қаншама атпалдай азаматтарымыздан айырылып қалып отырмыз. Сол себепті карантин мүлде алынып тасталмайды. Тек аз ғана жеңілдетіледі, – деді әкім.

Одан әрі жаңадан бой көтерген 15-ші шағын аудан мен осы маңда орналасқан «Бурыл» алқабының тұрғындарынан сауал келді. Олар осы екі аумақтың жол және қоғамдық көлік мәселелері қашан шешілетінін білгісі келеді.

– Қоғамдық көлік мәселесі кестеге енген. Бірақ бір кілтипан бар. Пушкин көшесінің соңына биыл асфальт төселмейді. Себебі көше соңында «Кәусар» деген дүкен орналасқан. Сол дүкеннен ары қарай жер астында бар-жоғы 860 метр кәріз құбырлары орналасқан. Ол негізінде сол маңдағы мектепті айналып өтуі тиіс еді. Зерделей келе, келесі жылы осы маңайдан кәріз құбырлары жүргізілетін болса, биылғы жылы асфальт төсеу тиімсіз екенін түсіндік. Бір жұмысты екі қылмай, біржола аяқтау қажет. Сондықтан бұл шаруаны тоқтаттық. Қоғамдық көліктің қатынамау себебі – осы. Келесі жылы барлық инфрақұрылым жүргізілген соң Бурылға да, 15-ші мөлтек ауданға да толыққанды асфальт төселеді, – деді Айтқазы Дәулетқұлұлы.

Одан әрі сауалдар пәтер және жер кезегі турасында өрбіді. Барлығын шаһар басшысы тиісті мамандарға жүктейтінін жеткізді. Сонымен қатар Айтқазы Дәулетқұлұлы эфир соңында шаһар тұрғындарынан бүгінгідей қиын кезеңде қаланың келбетіне жанашырлықпен қарауды, тазалық сақтауды өтінді.

Comments (0)
Add Comment