Ғибратты ғұмыр иесі

Жамбыл облыстық билер кеңесінің төрағасы Оңласын Есіркепов 80 жаста!

Абырой – адамның алтын қаруы, жол көрсетер темірқазығы, шығуға ұмтылатын асқар шыңы. Алайда осы шыңға кез келген жан көтеріле алмайды. Ол үшін әділдік, туралық, ізгілік сынды асыл қасиеттер бір арнада тоғысуы қажет. Сондықтан болар, абыройға жолдас болған азаматтар саусақпен санарлық қана. Сонысымен де олар қоғамға қадірлі, жалпақ жұртқа жағымды. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз Жамбыл облыстық ардагерлер кеңесі жанындағы билер кеңесінің төрағасы Оңласын Есіркепов те сондай жандардың сапында. Кісілік келбетімен, бірегей болмысымен көпке үлгі болып жүрген ерекше тұлға биыл сексен жастың сеңгіріне шықты.

Оңласын Қарабайұлы Ұлы Отан соғысының ең бір сұрапыл кезеңіне тұспа-тұс келген 1943 жылы Жамбыл облысы, Байзақ ауданы, Көктал ауылында дүние есігін ашқан. Есіркеп атамыз бен Мейізгүл әжеміз «Қанқұйлы соғыс аяқталып, ел оңалып, жұрт жадырасын» деген ниетпен сәбидің атын Оңласын деп қояды. Қариялардың тілегі қабыл болып, көп ұзамай-ақ адамзатқа зауал әкелген сұрапыл соғыс жеңіспен аяқталады. Алайда майдан аяқтала салысымен, ел еңсесі бірден тіктеліп кете қойған жоқ. Соғыс салған зардапты жойып, бүлінген дүниелерді қалпына келтіру оңайға түспеді. Сондай сәттерде еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін ауыр жұмысқа жегілді. Солардың қатарында бала Оңласын да бар еді. Бұғанасы бекімей тұрып арба айдап, кетпен шауып, үлкендерге қолғабыс етті. Осылайша қабырғасы еңбекпен қатайды. Дегенмен «Білім алып, ел дамуына үлес қосар азаматқа айналамын» деген берік ұстанымынан бір сәтке де айныған жоқ. Еңбек пен білімге деген құштарлығы бірдей еді. Осы құштарлығымен де ол өз қатарластарынан ерекшеленіп тұратын. Сөйтіп, Оңласын Қарабайұлы алғашында ауыл мектебінің табалдырығын аттап, кейін Жамбыл қаласындағы (қазіргі Тараз) Жамбыл атындағы орта мектепте оқуын жалғастырады. Бұл білім ордасында бір кездері қазақтың мүйізі қарағайдай Шерхан Мұртаза, Қаратай Тұрысов, Мырзатай Жолдасбеков сынды саңлақтары тәлім алған болатын. Міне, солар сауатын ашқан оқу ошағында бозбала Оңласынның да ізі сайрап жатыр. Бұл мектеп қазіргі күні облысымыздағы таңдаулы оқу орындарының қатарында.
Мектепті ойдағыдай аяқтаған соң, Солтүстік әскери-теңіз флотында Отан алдындағы азаматтық борышын өтеп, өзінің мемлекет сүйгіш ұлан екенін дәлелдеді. Одан әрі оқуға деген зор ұмтылыспен Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі технологиялық институтына оқуға түсті. 1970 жылы аталған оқу ордасын, 1975 жылы Алматы жоғары партия мектебін бітірді. Осылайша білдей инженер-экономист, саясаттанушы мамандықтарының иесі атанды. Әскер қатарында жүргенде партияға алынып, азды-көпті қоғамдық өмірде шыңдалып келген белсенді жас институт ректоры Хамза Сейітовтің ұсынысымен комсомол комитеті хатшысының орынбасарлығына сайланды.
Бойында күш-жігері тасыған жалынды жас қоғамдық жұмысты қомсынбастан міндетіне үлкен жауапкершілікпен қарады. Өзін жастар жетекшісі ретінде жан-жақты таныта білді. Студенттік құрылыс қосынының комиссары етіп бекітіліп, Талас, Сарысу, Мойынқұм аудандарында құрылыс жұмыстарын атқаруға басшылық жасады. Мұның өзі оның қаншалықты сенімге ие болғанының көрсеткіші. Әрине, болашақ мамандар мен олардың жігерлі жетекшісінің малды өңірлердегі екпінді еңбектері, әрине, еленбей қалған жоқ. Сол кездегі жас жігіт Оңласынның да есімі үлкенді-кішілі жиындарда үлгі етіліп айтылып жүрді. Соңғы курста оқып жүргенінде институт партия комитетінің хатшысы әрі ұстазы Қуандық Тұрдалин Жамбыл педагогикалық институтына ректор болып ауысып, Оңласынды аттай қалап, өзімен бірге ала кетті. Бұл жоғары оқу орны комсомол комитетінің аудандық комсомол комитеті мәртебесі бар еді. Оңласын бірінші хатшы болып сайланысымен қызу іске кірісті. Осы қызметте өзін ұйымдастырушылық қырынан жақсы танытты. Институт жастары одақтық, республикалық, облыстық жарыстарда топ жарды. Оған облыс басшылығы мен Қазақстан комсомолы Орталық комитеті зор сенім артып, Жамбыл қалалық комсомол ұйымының бірінші хатшысы болып сайланды. Әрі қалалық партия комитетінің бюро мүшесі болды.
Қала – қайнаған тіршіліктің ортасы. Әрі бұл кезде өңірімізде химия өндірісі ерекше екпін алған еді. Химия алыптары атанған зауыттар комсомол жастардың қолымен салынды, өнім өндірді. Қалалық комсомол комитеті жастарды екпінді еңбекке жұмылдыруда өлшеусіз қызмет атқарды. Осы уақытта жастарға жетекшілік еткен кейіпкеріміз ақ алмастай жарқырап көрінді. Кез келген тірлікті ұршықша иіріп, допша дөңгелете жөнелетін жасқа мұндай қызмет те сөз болып па?! Бірден өзін қабілетті жетекші ретінде көрсетіп, оңды істерді сәтімен ұйымдастыра білді. Осы тұста қазақ руханиятының алыптары Шерхан Мұртаза, Асанәлі Әшімов, Шәмші Қалдаяқов, бір кездері Қорғаныс министрі болған Мұхтар Алтынбаев, қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіровтермен жете танысып, үзеңгі жолдасқа айналды.
Біз Оңласын Қарабайұлының 1975 жылы жоғары партия мектебін тәмамдағаны туралы бекер тілге тиек еткен жоқпыз. Өйткені оны бұл оқуға баруға сол кездегі облыс басшысы Хасан Бектұрғанов ұсынған еді. Кеңес үкіметі тұсында Алматы жоғары партия мектебіне оқуға өзін таныта білген, сыннан өткендер ғана жіберілетін. Сол сыннан сүрінбей өтуінің өзі – кейіпкеріміздің алғыр- лығы мен іскерлігінің айқын айғағы. Болам деген баланың бетін қақпай, белін бууды жөн көрген Хасан Бектұрғанов оқуын бітіріп келгенінде де Оңласынға зор сенім артып, Жамбыл қант зауыты партия бюросының хатшысы етіп тағайындады. Жалпы Кеңес Одағы кезінде республикада өндірілетін қант шикізатының 60 пайызы Жамбыл облысына тиесілі еді. Сондықтан бағалы техникалық дақылдан мол өнім өсіру ғана емес, оны өңдеу, ұқсату ісінің де талапқа сай атқарылуы аса маңызды жұмыс учаскесі саналды. Осыны жете түсінген кейіпкеріміз зауыт партия ұйымының жұмысын қысқа мерзімде жолға қойып, коммунистердің еңбек белсенділігін арттырды. Соның нәтижесінде өнім көлемі ұлғайып, Жамбыл өңірі қант өндірісінің алпауыты екенін тағы бір мәрте айқындады. Оңласын Қарабайұлы бұдан кейін Зауыт аудандық халықтық бақылау комитетінің төрағасы қызметін атқарды. Оның талапшылығы мен әділет сүйгіштігі шолпан жұлдыздай жарқырап көрінген тұс – осы шақ. Өткенге шегініс жасасақ, 1981 жылы Жамбылдағы суперфосфат зауытында ірі апат орын алып, қазандық жарылады. Адам шығыны болмағанымен, мемлекет бюджетіне әжептәуір нұқсан келеді. Сол кезде Зауыт аудандық халықтық бақылау комитетінің төрағасы қызметін атқарып тұрған Оңласын Есіркепов шұғыл шешім қабылдап, апаттың себеп-салдарын анықтау мақсатында комиссия құрғызады. Комиссия апатқа өз жұмысына салғырт қараған қызметкерлер кінәлі екенін анықтайды. Олардың ішінде зауыт директоры, мейманасы тасыған Г.Маймур да бар еді. Талапшыл Есіркепов оның атақ-дәрежесіне пысқырмастан, Маймурдың екі айлық еңбекақысын қысқартуға шешім шығарады. Ертесіне бұл шешімге Маймурды қорғаштаған қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы, обком бюросының мүшесі В.Банников қарсы шығып, шешімді өзгерту жөнінде талап қояды. Алайда бұдан кейіпкеріміз үзілді-кесілді бас тартып, өз шешімінің дұрыстығын дәлелдейді. Тіпті керек болса, бұл мәселені бюро отырысында қарауды ұсынады. Сол сәтте сескеніп, аяқ тартып қалғанда, мұның соңы немен аяқталарын кім білсін?! Қазақтың «Қарағайға қарсы біткен бұтақ» деген теңеуі дәл осы кейіпкерімізге тура келетіндей. Мерейтой иесінің әрі қарайғы еңбек жолы Жамбыл қалалық партия комитетінің ұйымдастыру бөлімінің мегерушісі, екінші хатшысы, Жамбыл обкомының жауапты ұйымдастырушысы сынды абыройлы қызметтермен жалғасты.
70 жыл үстемдік құрған Кеңес Одағының іргетасы сетінеп, тарих қойнауына енген соң, әлем картасында Қазақстан дейтін жаңа тәуелсіз мемлекет пайда болды. Өшкені жанып, өлгені тіріліп, енді тәй-тәй басқан жас мемлекет білікті мамандарға мұқтаж еді. Осы тұста саясат сахнасында әбден ысылып, ұтқыр шешім, ұтымды пікір айтуды әбден меңгерген Оңласын Қарабайұлы суырылып алға шықты. Елдің де күткені осы болатын. Жамбыл облысының тәуелсіздік жылдарындағы алғашқы әкімі Өмірбек Байгелді жаңадан құрылған Мемлекеттік мүлік жөніндегі аумақтық комитет төрағалығына Оңласын Есіркеповті лайық көрді. Облыс басшысы Оңласын Қарабайұлын 1993 жылдың 1 қыр- күйегінде облыс басшысының орынбасары етіп тағайындады. Мұндай таңдау жасағанда өңір басшысы Оңласынның басшылық жұмыстағы мол тәжірибесін, ұзақ жылдар халықпен қоян-қолтық қызмет атқарғанын, еңбекқорлығын ғана емес, бойындағы өзге қасиеттерін де байқады. Байқап қана қойған жоқ, сезді, көз жеткізді. Әйтпесе жекешелендіру сияқты жаңа істі, мемлекеттік маңызы бар жұмысты үйлестіріп, тірлігін тіктейтін мекемеге басшы таңдауға келгенде қателесуге болмайтын еді. Ұжымшар, кеңшарлар тарап, ауылдар қаңырап бос қалған сол жылдар қарапайым халыққа ауыр тиді. Сондықтан Мемлекеттік мүлік жөніндегі аумақтық комитетке зор жауапкершілік жүктелді. Оңласын Қарабайұлы осы жолы да өзіне берілген міндетті мүлтіксіз орындап, жұртшылықты қиын-қыстау кезеңнен алып шықты деуге болады. Олай дейтініміз, Жамбыл облысында жекешелендіру үрдісі өзге аймақтарға қарағанда, біршама әділ, ашық жүргізілген. Соның жарқын мысалы, облыста 1997 жылдың 1 ақпанына дейін реформаланбаған бірде-бір ұжымшар қалмапты. Осы орайда бүгінде облыс орталығында табысты жұмыс істеп жатқан жекеменшік кәсіпорындар мен фирмалардың негізі сол жылдары қаланғанын да айта кеткен абзал.
Өмірбек Байгелдиевтен кейінгі облыс әкімдері де Оңласын Есіркеповке кіршіксіз сенді. Сенгені сол болар, сол кездегі аймақ басшысы Сарыбай Қалмырзаев кейіпкерімізге облыс әкімі аппаратының жетекшілігін ұсынды. Ол бұл жаңа қызметті де ұршықша иіріп әкетіп, аймақ басшысының оң қолы бола білді, жоба-жоспарларын іске асыруына көмектесті. Ізінен ерген жастарға да білгенін үйретіп, тәжірибесімен бөлісіп, олардың да мансабының жоғарылуына да ықпал етті. Қазіргі таңда Президент аппаратында, Парламентте, Астана мен Алматыда лауазымды қызметтерде жүргендердің, облысымызға білікті басшы, шебер ұйымдас- тырушы ретінде танылғандардың арасында «Біз Оңкеңнің шекпенінен шыққанбыз» деушілерді санасаңыз, қос қолыңыздың саусағы жетпейді.
Облысқа әкім болып тағайындалған Серік Үмбетов те Оңласын Есіркеповтің іскерлігіне үміт артып, Қазақстан Республикасы Табиғи монополияларды реттеу Агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің тізгінін ұстатты. Нарықтық экономика заманының атқаратын міндетін жұрт жөнді біле де бермейтін мекеме жұмысы Оңласын Қарабайұлының басшылығымен жаңаша қарқын алды. Жариялылыққа көп көңіл бөлуінің арқасында тұрғындар монополис- тердің коммуналдық қызмет бағаларын жөнсіз көтергендерін байқаған жағдайда кімге бару керектігін түсінді. Олардың мүддесін табандылықпен қорғаған, тексерулер жүргізіп, баға тәртібі мен монополияға қарсы заңдылық бұзылғаны анықталса шара қолданатын департаменттің беделі осылай күн санап арта берді. Әсіресе департамент жүйелі ұйымдастыратын коммуналдық қыз- мет бағалары мен тарифтердің жобаларын алдын ала қарауға арналған жұртшылық тыңдауларына тұрғындар белсене қатысатын. Бастысы, мекеме жұмысына жұрт дән риза. Басшы үшін одан асқан сый-құрмет бар ма?!
Оңласын Есіркепов қоғамдық жұмыс- тарға да белсене қатысты. Айталық, 2005 жылы президенттікке үміткер Н.Назарбаев- тың Жамбыл облысы бойынша сайлауалды штабы басшыларының бірі болды. Сондай-ақ «Нұр Отан» ХДП-ның Жамбыл облыстық филиалы төрағасының орынбасары, 2002-2006 жылдары «Отан» партиясы Саяси кеңесінің мүшесі, 2008-2011 жылдары «Нұр Отан» ХДП-ның Жамбыл облыстық филиалы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі қоғамдық кеңесінің төрағасы, 2009-2010 жылдары партияның облыстық филиалының партиялық бақылау комиссияның төрағасы қызметтерін абыроймен атқарып, талай тындырымды тірліктің ұйытқысы болды. Осы үшін «Нұр Отан» ХДП-ның «Белсенді қызметі үшін» белгісін кеудесіне тақты.
Кейіпкеріміздің ҚР Мемлекеттік банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлері кәсіподағы Жамбыл облыс- тық филиалы төрағасы ретіндегі қызметі де тек жарқын жетістіктермен өрілді. Осы қызметінде жүріп шаруасы шатқаяқ- таған ұйымның еңсесін тіктеп, аяғынан тұрғызды. Қаншама еңбек адамдарының құқықтарының қорғалуына да қосқан үлесі қомақты.
Оңласын Қарабайұлы білім алудан ешқашан тартынған емес. Ол әрдайым кәсіби білімін жетілдіруге ынталы. Осы мақсатта 1994 жылы АВДН-да Вашингтонда жекешелендіру проблемалары жөніндегі халықаралық құқық институтында тәжірибе жинақтаудан өткен, 2003 жылы Венгрия астанасы Будапештте инвестициялар және энергетиканы реттеу турасындағы мәселелер бойынша халықаралық бірінші конференциясының жұмысына қатысты.
Оңласын Қарабайұлы қашанда ұлт мүддесі жолындағы игі істердің басынан табылады. Ондай іске келгенде шаршап-шалдығуды білмейді. Ол Ташкентте «Шымыр ата» кесенесінің бой көтеруіне, өңірде Байзақ датқа ескерткішінің орнатылуына ұлтшыл, елжанды азамат ретінде белсене кірісіп, басшылық жасады. Астананың жаңа көшелерінің біріне Байзақ датқа есімі берілуі де осы кісінің табандылығымен іске асқан игілікті де сауапты шаруа еді. Осы оқиғаға орай Елордада елдегі батыр ұрпақтарының келіп қатысуымен тағылымды шара өтуін де өзі ұйымдастырды. Жыл сайын мамыр айы туа Ташкенттегі Шымыр баба күмбез-кешенінде оның әруағына арнап ас беріліп тұрады. Осынау сауапты да тағылымды шараның дәстүрге айналғаны да Оңласын Қарабайұлының еңбегі. Бүгінгі күні Жамбыл облыстық ардагерлер кеңесі жанындағы билер кеңесінің төрағасы ретінде де түрлі мәселелерде туралықтың үлгісін көрсетіп, ақ сөйлеп, әділін айтқан кезі аз емес. Оның басшылығымен ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында билер кеңесінің қатарына қалың елге ісімен қызмет еткен өмір тәжірибесі мол ақсақалдар мен дін өкілдерін және қоғамдық ұйымдар өкілдерін ұйыстыра білді. Азамат ретінде өзінің перзенттік парызын адал атқарып, әділеттілік бағытынан тайқымай, қоғамға қызмет етудің үлгісін көрсетуде. Сондай-ақ Оңласын Қарабайұлының басшылығымен «Дәнекер» пилоттық жобасы бойынша билер мен сот жүйесінің үйлесімді атқарған жұмыстары негізінде 2022 жылы Тараз қаласында «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі орталық кеңесінің ұйымдастыруымен көпшпелі семинар-кеңес өткізіліп, атқарған жұмыстары оң бағаланып, іс-тәжірибесі республикаға таратылды. Сонымен қатар Оңласын Есіркеповтің ұйымдастыруымен өткізілген «Шешендік өнер – асыл қазына» атты дөңгелек үстел, «Батаменен ел көгерер» атты облыстық батагөйлер байқауы қазақ ауыз әдебиетіндегі салт-дәстүрімізді ардақтап, халық қазынасын құрметтеудің үлгісін көрсетті.
Жамбыл облыстық ардагерлер кеңесі жанынан құрылған билер кеңесінің төрағасы Оңласын Қарабайұлының жұмысында тиімділік пен сапа бар, көптеген игі шаруалардың бастамашысы болып жүр. Республикамызда алғашқылардың қатарында облыста билер кеңесі жұмысын жандандырды. Осылайша Жамбылда билер кеңесінің ықпалы артып, әртүрлі мазмұндағы тағылымды іс-шараларды өткізуді қолға алды. Ел арасында дау-дамайлардың төмендеуіне қол жеткізді.
Оңласын Есіркеповтің еселі еңбегі мемлекет тарапынан елеусіз қалған емес. Оның кеудесінде жарқыраған «Құрмет» ордені, «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл», «Қазақстан Республикасының Конституциясына 10 жыл» мерекелік төсбелгілері – жоғарыдағы сөзіміздің айғағы. Сондай-ақ оның облысымыздан Халықаралық кәсіподақтар федерациясының «Кәсіподаққа сіңірген еңбегі үшін» медалімен марапатталған бірінші азамат екенін бірі білсе, бірі білмес. ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың да Алғыс хатымен марапатталған. Туған өлкесі де Оңласын Қарабайұлын әркез мадақтап отырады. Айталық, ол Жамбыл облысының, Тараз қаласы мен Байзақ ауданының Құрметті азаматы. «Жылдар толқыны» кітабының авторы. Бұған республика, облыс, қала деңгейіндегі Алғыс хаттар мен Құрмет грамоталарын да қосыңыз.
Сексеннің сеңгіріне шыққан Оңласын Қарабайұлы бұл жасқа қара жаяу келген жоқ. Басында абыройдың алтын тәжі, астында құрметтің алтын тағы. Көпшіл, үлкен жүректі, қажыр-қайраты мол мерейтой иесі пайым-парасаты тасыған азамат ретінде өзін бір сәт қоғамның тыныс-тіршілігінен бөліп қараған емес. Ең бастысы, жарты ғасырдан астам ғұмырды бірге кешкен сүйген жары Бибісара екеуі ұлы Ербол мен келіні Айжаннан және қызы Алтынайдан балдан да тәтті немерелер сүйіп, шаттық ұялаған шаңырақтың отағасы болып отыр. Перзенттері де әке жолын жалғап, халықтың игілігі жолында аянбай тер төгуде. Асқар тау әке, асыл жар үшін бұдан асқан бақ бар ма?! Біз де осы орайда мерейтой иесіне баянды бақыт, мол шаттық тілейміз!

Құрбанәлі Аманкелдіұлы

Comments (0)
Add Comment