Христиан қауымының қасиетті мерекесі

7 қаңтар – православ христиандары үшін Рождество мерекесі. Осыған орай, тараздық православтар Құдай анасының соборына жиналып, мерекелік литургиясын атқарды.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ Суреттерді түсірген Сәкен АБЖАПАРОВ

Рождество тарихы осыдан екі мың жыл бұрын Мария ананың Иисус-Ғайса пайғамбарды өмірге әкелген күнінен басталған. Міне, содан бері христиандар 20 ғасыр бойы аталмыш мерекені тойлап келеді. Батыс елдері бұл датаны отбасылық мереке деп есептейді. Осыдан екі мың жыл бұрын қаңтардың 6-сынан 7-сіне қараған түні Иосиф пен Марияның отбасында Иисус есімді ұл дүниеге келеді. Сондықтан да осы түні дінге сенушілер шіркеуге барып, дұғасын оқып, сол бір жарық жұлдыздың көрінуін күтеді. Сиқырға толы бұл түні барша христиандықтар бір-бірін құттықтап, жылы сөздерін, игі тілектерін арнайды. Әдетте 40 күндік оразадан кейін 7 қаңтарға ауған кештен бастап мол дастарқан жайылып, оның соңы арнайы құлшылыққа жалғасады.
Мерекеде қала орталығындағы Құдай анасының соборында арнайы діни жоралғылар жүргізілді. Шіркеуге шаһардағы православтар жиылып шам жағып, Иса пайғамбарға мадақ айтып, бір-бірін мерекемен құттықтады. Собордың протоиерейі Георгий әкей бұл мерекені атап өтудің маңыздылығына тоқталды.
– Рождество қаңтардың 6-сынан 7-сіне қараған түні тойланады. Осы түнде құдайға құлшылық ету сағат кешкі 22:00-де басталады, бұл түнгі сағат 3:00-ге дейін созылады деп күтіледі. Рождество түнінде шамдар жарқыратып жағылады, шырша безендіріліп, «колядки», яғни рождестволық халық әндері айтылады. Бұл күні сіздердің ойлаған, жоспарлаған мақсаттарыңыз орындалып қана қоймай, үйлеріңіз де бақыт пен қуанышқа кенеледі. Жылдағы дәстүр бойынша биыл да соборымызға православтар көптеп жиылды. 40 күндік оразадан кейін бүгін барлығы Иса пайғамбардың туған күнін атап өтуде, – деді Георгий әкей.
Конфессияаралық келісім, дінаралық татулық елімізде өз биігінен түскен емес. Бұл діни мерекенің де бірліктегі тірлікті дамытуға себі мол екені анық.

Comments (0)
Add Comment