«Hayat-Vax» вакцинасы жеткізілді

«Самұрық-Қазына» АҚ «Нayat-Vax» вакцинасының миллион дозасын сатып алды. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің келісімі бойынша вакцинаның 250 мың дозасы қор компанияларының қызметкерлері үшін, қалған 750 мыңы салдыруға ниет білдірген азаматтарға бөлінген.

Сәндібек АСАНӘЛІҰЛЫ

Жамбыл облысына осы вакцинаның 60 мың дозасы жеткізіледі деп жоспарланған. Сонымен, 4 мамырда облысқа Біріккен Араб Әмірліктерінің фармацевтикалық өнеркәсібі және «Синофарм» Қытай компаниясы (БАӘ-де орналасқан) шығарған, өнімге сәйкестік сертификаты бар «Нayat-Vax» (SARS-CoV-2, Vero Cell) вакцинасының бірінші партиясы да келді.

Ресми мәліметтер бойынша, вакцинаның 50 миллионнан астам дозасы әлемнің 34 еліне жіберілген. «Hayat-Vax» та басқа вакциналар секілді антидене қалыптастырып, вирустан қорғауға көмектеседі.

«Hayat-Vax» вакцинасы 18 жастан асқан ересектерге, әсіресе, қарт адамдарға және созылмалы аурулары бар азаматтардың сырқаты асқынып кетпесе салынады. Сонымен қатар аллергиясы бар адамдарға, жүкті, емізулі баласы бар аналарға, 18 жасқа дейінгі балаларға ұсынылмайтынын да ескерген дұрыс. Вакцина алар алдында азамат дәрігердің тексеруінен өтеді, кейін екпе салдыруға рұқсат алады.

«Hayat-Vax» вакцинасын алғаннан кейін екпенің орны қызарып, аздап ісінуі де ықтимал. Вакцина алған адамның аздап басы ауырып, өзін әлсіз сезінуі де мүмкін. Осындай процестер бойда үш күнге дейін білінеді. Бұл вакцинаны қабылдау да екі кезеңнен тұрады. Яғни екінші компоненті 21 күннен кейін салынады.

Әлемге тараған жұқпалы вирустан құтылудың жолы вакцинациялау болып отыр. Елімізде соңғы мәлімет бойынша 1 698 893 адам вакцина салдырған. Енді отандық «QazVac» пен Ресейден келген «Спутник V» вакцинасының қатарына «Hayat-Vax» қосылды. Осыдан кейін екпе алатындардың қатары еселеп артады деген ойдамыз.

Comments (0)
Add Comment