Ханымдар – бизнес биігінде

Аймақта әлеуметтік және кәсіпкерлік салада ауыл әйелдерінің белсенділігі артып отыр.

Толғанай АТАБАЙ
Суреттерді түсірген Юрий КИМ

Қазір өңірдегі 19 мың шаруа қожалығының төрттен бір бөлігін нәзікжандылар басқарады. Олар ауылда тұрып-ақ тәуір табыс тауып жүр. Әсіресе, шағын және орта кәсіпкерлікке қызығушылық жоғары. Биыл облыста жыл басынан бері 500-ден астам қыз-келіншек мемлекеттік жобалар мен бағдарламаларға қатысып, бірқатары өз ісін бастаған. Бұл жөнінде облыс орталығында өткен ауыл әйелдерінің форумында кеңінен айтылды. Өңірде алғаш рет қолға алынған шарада үздік кәсіп иелері тәжірибелерімен бөлісіп, өзара пікір алмасты. Жамбыл облысының әкімдігі, Жасыл экономиканы қолдау және G-Global-ды дамыту коалициясының ұйымдастыруымен қолға алынған жиынға әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ҚР Президенті жанындағы ұлттық комиссия, халықаралық «Coca-Cola» қоры мен «EXPO&WOMEN» халықаралық ұйымы қолдау білдірген.
Форум жұмысына Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Ләззат Сүлеймен, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Майра Айсина және Жасыл экономиканы қолдау және G-Global-ды дамыту коалициясының басқарма төрағасы, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы «Жасыл экономикаға» көшу жөніндегі кеңес мүшесі Салтанат Рақымбекова арнайы қатысып, баспасөз конференциясын өткізді. Брифинг барысында олар форумның негізгі мақсаты мен жалпы ауыл әйелдеріне қолдау көрсетудің маңыздылығына тоқталды. Форум жұмысын Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Мұратхан Шүкеев алғы сөзімен ашып, дала мәдениетінде әйел баласының рөлі әрқашан ерекше болғанына тоқталды.
– Қазақы ортада өз мүддесінен отбасы мүддесінің артық болуы әйелдердің қоғамдық-әлеуметтік белсенділігіне еш кедергі болған емес. Сол себепті қазақ даласында аты жалпақ жұртқа мәлім әнші, ақындар мен дәулескер күйші, парасатымен үлгі болған даналар мен ерлігімен ерекшеленген батыр аналарымыз болды. Қазір де әйелдердің қоғамдық өмірімізде алатын орны ерекше. Бүгінде Жамбыл облысында 1 миллионнан астам халық болса, оның 60 пайызы ауылда тұрады. Оның ішінде тең жартысы – әйелдер. Олардың бір парасы әлеуметтік салаларда, шағын және орта кәсіпте, қызметтің түрлі салаларында еңбек етуде. Мемлекеттік, басшылық қызметте жүргендері де жетерлік. Ауыл – халқымыздың бірегейлігі мен бірлігінің, тарихы мен мәдениетінің қайнар көзі. Сондықтан ауылды дамыту – бізге басты мақсат. Оның ішінде қай салада болмасын батыл қадам жасап, кәсіби кемелдіктің, жауапкершілік пен табандылықтың озық үлгісін көрсетіп келе жатқан әйелдер қауымына қолдау әрқашан жоғары болмақ, – деді М.Шүкеев.
Аймақтық форумда жоғарыда аталған меймандар баяндама жасап, еліміздегі әйелдердің ахуалы, олардың кәсіпкерлік пен мемлекеттік қызметтегі орындары туралы сөз қозғады. Мәселен, депутат Майра Айсина елімізде болып жатқан жаңашылдықтарды ауылды жерлерге жеткізу маңызды екенін, ауыл әйелдері үшін кәсіппен айналысуға мүмкіндік жасау керектігін айтты. Халық қалаулысының айтуынша, 7 жыл ішінде 51 әйел кәсіппен айналысу үшін 4000 АҚШ доллары көлемінде несие алған. Ендігі кезекте депутат Үкімет тарапынан 5000 әйелге 500 мың теңгеден несие берілетінін жеткізді. Ал сенатор Ләззат Сүлеймен өз сөзінде осы уақытқа дейін елімізде іскер әйелдерді қолдау мақсатында көптеген шаралардың өткенін, әрқашан ауыл әйелдерін қолдау керектігін айтса, Салтанат Рақымбекова бүгінде ауыл тұрғындарына мемлекеттік деңгейде көңіл бөлініп жатқанын әңгімеледі.
Тәулік бойына ұласқан форум жұмысы одан әрі пленарлық отырыспен жалғасты. Онда кәсіпкер келіншектерге көрсетіліп отырған қолдаулар, әлеуметтік мәселелерді шешу арқылы ауылдағы өмір сүру сапасын жақсарту, агротуризмді дамытудағы әйелдердің рөлі, ауыл әйелдері арасында көшбасшыларды шығару, жұмыссыз әйелдерді қолдау жөніндегі шаралар, отбасы құндылықтары мен қазіргі заманғы гендерлік саясат, ауыл шаруашылығымен айналысатын әйелдерге несие беру мәселелері көтерілді.
Сондай-ақ жиын барысында ауыл әйелдерінің республикалық форумына делегаттар сайланып, кәсіпкер келіншектер өндіретін тауарлар көрмесі де ұйымдастырылды.

Comments (0)
Add Comment