Хамит Есаман – «Алтын тобылғы» иегері

Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының директоры, «Egemen Qazaqstan» газетінің облысымыз бойынша меншікті тілшісі, Халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты, жерлесіміз Хамит Есаманның кезекті әдеби байқауда қанжығасы майланды.

Диляра ДАРХАН

Талай әдеби аламандарда қатарының алды бола білген ақын енді жастар арасындағы ең беделді сыйлықтардың бірі «Алтын тобылғының» иегері атанды. Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қоры ұйымдастырып келе жатқан бұл байқауға 2015 жылы 120 автор шығармаларымен қатысса, биыл 161 автор бақ сынауға бекініпті. Жастарға арналған сыйлықтардың ішінде дәл осы «Алтын тобылғының» жүлде қоры қомақты екені де мәлім. Елімізде қалыптасып отырған жағдайға байланысты биыл әдеби дода жеңімпаздары онлайн-форматта марапатталды.

– «Алтын тобылғы» – жыл өткен сайын танымал болып келе жатқан жобалардың бірі. Иә, байқау ұйымдастырылған алғашқы жылы 120 үміткер жүлдеден үмітті болса, осы жылы 161 қаламгердің бақ сынауы сөзімізге дәлел бола алады. Әдеби байқауға туындыларын ұсынған барша қатысушыларға тек алғысымды білдіріп, шығармашылық табыс тілеймін, – деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев Қорының атқарушы директоры Қанат Жұмабаев марапаттау рәсімінде сөйлеген сөзінде.
Байқау жеңімпаздары «Жылдың үздік поэзиясы», «Жылдың үздік прозасы», «Жылдың үздік балалар шығармасы», «Жылдың үздік драматургиясы», «Абайдың 175 жылдығына арналған үздік шығармалар» аталымдары бойынша марапатталды. Осылардың ішінде «Жылдың үздік балалар шығармасы» номинациясы бойынша Хамиттің «Күннен келген Батыр» атты шығармасы үздік деп танылды. Әдеби байқауда топ жарған Хамит ақынға 2 миллион теңге қаржылай сыйлық берілді. Әдебиет әлемінде өзіндік қолтаңбасы қалыптасқан жерлесімізге бағындырар биігің көп болсын дейміз.

Күннен келген Батыр

Болсын ойдың көркемі,
Айтайын бір ертегі.
Мекендепті бір батыр,
Күн дейтұғын өлкені.

Білмейді екен бүлікті,
Тек еңбекпен шынықты.
Алып күнді айналып,
Қыран мініп жүріпті.

Батыр бопты жасынан,
Күш-қуаты тасыған.
Табылады әрдайым,
Жақсылардың қасынан.

Ол осындай болыпты,
Тек ізгіге жолықты.
Қыран мініп бір күні,
Жерге келіп қоныпты.

Аралапты қаланы,
Көріп тауды, даланы.
Кенет көзі шалыпты,
Адасқан бір баланы.

Не болғанын сұрайды,
Ол балаға ұнайды.
Еліне жау шауыпты,
Соны айтып ол жылайды.

Бала жаудан қашыпты,
Биік таудан асыпты.
Адасыпты далада,
Содан енді жасыпты.

Осы жерде қалыпты,
Мұңды әуенге салыпты.
Енді қазір екеуі,
Қыран мініп алыпты.

Таудан биік ұшыпты,
Ақ бұлттарды құшыпты.
Біраздан соң баланың
Еліне кеп түсіпті.

Бұл бір жақсы ел екен,
Жері жайлы, кең екен.
Мына беті ну орман,
Мына жағы көл екен.

Батыр мұнда келіпті,
Оған халық сеніпті.
Жаумен жалғыз айқасып,
Үш күннен соң жеңіпті.

Жау отырып тақырға,
Айналыпты пақырға.
Қорықпайтын ешкімнен,
Ырза бопты ел батырға.

Хан сыйлығын беріпті,
Алтын-күміс төгіпті.
Батыр оны алмастан,
Күнге сапар шегіпті.

Ол еліне кетіпті,
Асу белден өтіпті.
Жақсылық жасап өзгеге,
Мұратына жетіпті.

Ол батырдың кім аты?!
Аңыз болып жүр аты.
Сол жетеді жеңіске,
Кімнің жақсы мұраты.

Кімнің қандай шешімі,
Ол – бақыттың бесігі;
Айтайын, бұл батырдың
Бейбітшілік – есімі.

Comments (0)
Add Comment