Халықтың әлеуметтік осал топтарына мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек көрсетуде

Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек шартсыз және шартты ақшалай көмек түрінде көрсетіледі.
Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекке өзінің атынан немесе отбасының атынан өтініш білдіру үшін тұрғылықты жері бойынша – халықты жұмыспен қамту орталығына белгіленген үлгідегі өтінішпен және сәйкестендіру үшін жеке басын куәландыратын құжатпен жүгінеді.
АӘК кімдер ала алады?
ҚР-да атаулы әлеуметтік көмекті жан басына шаққандағы орташа табысы кедейлік шегінен аспайтын келесі санаттағы тұлғалар ала алады:
• ҚР азаматы;
• Оралмандар:
• Босқындар;
• ҚР-да тұрақты тұратын азаматтығы жоқ тұлғалар.
Атаулы әлеуметтік көмек кімдерге тағайындалмайды?
1. табысы аз адамдар болып табылмайтын адамдарға (отбасыларға);
2. Жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына қатысудан бас тартқан адамдарды қоспағанда, отбасына – еңбекке қабілетті мүшесі жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына қатысудан бас тартқан күннен бастап алты ай ішінде;
3. бұрын жасалған әлеуметтік келісімшарт бұзылған және (немесе) әлеуметтік келісімшартта көзделген міндеттемелер алушының кінәсінен орындалмаған жағдайда адамға (отбасына) – атаулы әлеуметтік көмек тағайындауға жүгінер алдындағы алты ай ішінде;
4. атаулы әлеуметтік көмек тағайындау үшін көрінеу жалған ақпарат және (немесе) дәйексіз құжаттар ұсынған адамдарға (отбасыларға) ұсынған күнінен бастап алты ай ішінде;
5. учаскелік комиссияның материалдық жағдайын тексеру нәтижелері бойынша дайындалған қорытындысына сәйкес атаулы әлеуметтік көмек көрсетуге мұқтаж емес адамдарға (отбасыларға) тағайындалмайды.
Жан басына шаққандағы орташа табыс қалай есептеледі?
Атаулы әлеуметтік көмекті алуға үміткер тұлғаның жиынтық табысын анықтау атаулы әлеуметтік көмек алуға өтініш жасалған кезде ұсынылатын құжаттардың және мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінен алынған мәліметтердің негізінде жүргізіледі.
Жан басына шаққандағы орташа табыс әлеуметтік көмек тағайындау үшін өтінішті берген тоқсанның алдындағы тоқсанда алынған жиынтық табысты отбасы мүшелерінің санына және үш айға бөлу арқылы есептеледі
2022 жылдың І тоқсанында мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алушылар 2623 отбасы (12 802 адам), оның ішінде көпбалалы отбасылар 1065 отбасы ( 6 904 адам), мүмкіндігі шектеулі адамдар – 179.
Жоғарыда аталған отбасыларға атаулы әлеуметтік көмектен орташа есеппен айына 25 000 теңгеден мемлекеттік тарапынан қаржылай көмек және кәмелет жасына толмаған балаларына отбасының шығынын азайту мақсатында кепілдірілген әлеуметтік топтама беріледі. Олар, 1 жастан 6 жасқа дейін кепілдірілген әлеуметтік топтама (азық-түлік жиынтығы) мен 6 жастан 18 жасқа дейінгі мектеп оқушыларына мектептен 1 мезгіл ыстық тамақпен және жол жүру жолақысының 50% қамтамасыз етіліп отыр.
Тараз қаласы бойынша 2022 жылдың ІІ тоқсанында белгінен кедейшілік шегі 26 132 теңге болып бекітілген.
Атаулы әлеуметтік көмекке қалай өтініш білдіруге болады?
АӘК-ке азаматтар өз бетінше «Электрондық үкімет» www.e-gov.kz порталы арқылы электрондық цифрлық қолтаңбасымен немесе «Халықты жұмыспен қамту орталығына» (Желтоқсан көшесі 78 үй) өтінішін тапсыруына болады.

Тараз қаласы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығы

Comments (0)
Add Comment