Халықтың әл-ауқаты артып келеді

Бүгінгі таңда біз саяси һәм экономикалық ахуалдың әлемдік аренада қандай қарқынмен өзгеріп келе жатқанын көріп отырмыз. Бұған біздің ширек ғасырдан астам уақыттағы тарих керуеніне зер салғанда көзіміз толық жетті.

Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев 2018 жылғы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Әлемде қаржылық жүйенің мүлдем жаңа сәулеті бой көтереді. Жаңа технологиялар, роботтандыру және автоматтандыру адами капиталдың еңбек ресурстары мен сапасына қойылатын талаптарды күрделендіре түседі», – деген болатын.
Әрине, мұндай зор қарқынмен дамып келе жатқан әлемде заман ағымына ілесе өмір сүріп, құндылығымызды көздің қарашығындай сақтап, еселей түсу үшін біз жаңа міндеттерді шешуге дайын болуымыз керек. Сондай-ақ тұрмыс деңгейін одан әрі дамыту үшін біз сол артылған міндет бағыты бойынша сенімді түрде, әрі нық қадам басып, мемлекетіміздің тұрақты дамуын жалғастыруымыз қажет.
Біз бүкіл еліміздің дамуында басты басымдық ретінде оның ең басты байлығы – адам екенін нақты түсінеміз. Отыз жыл ішінде Қазақстан етек-жеңін жиып, шекарасын бекітіп, бүгінде дербес мемлекетке айналды. Бұл – бабадан аңсаған ұлы азаттықтың жемісі. Ал тәуелсіз Қазақстанның ең басты құндылығы – сіз бен біз.
– Мемлекетіміздің тірегі де, алтын діңгегі де – Қазақстан халқы. Сол үшін тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бері тағдыр талайымен дүниенің төрт бұрышына тарыдай шашылған миллионнан астам қандасымызды атамекенге алдырдым. Бұл айтар ауызға ғана оңай. Жер бетінде халқының саны миллионға жетпейтін қаншама мемлекет бар. Біз осыншама қандасымызды шетелдерден алдырып қана қоймай, басына баспана, өзіне жұмыс, ұрпағына білім бердік. Бұл іс әлі де жалғасын таба береді. Осының бәрі тәуелсіздіктің арқасында ғана мүмкін болғанын ұмытпауымыз керек, – деген еді Нұрсұлтан Әбішұлы өз Жолдауында.
Осы Жолдаудан кейін жүйеге келтірілген негізгі өзгерістердің бірі – 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі еңбекақы көлемінің 28 мыңнан 42 мың теңгеге өсуі, сондай-ақ ең төменгі жалақы мөлшерінің бұдан былай күнкөріс деңгейімен байланыспайтынында. Барлық меншік нысанындағы кәсіпорындардың миллионнан астам қызметкерінің және бюджет ұйымдарының 250-300 мың шамасындағы қызметкерінің еңбекақыны қаңтар айынан бастап 35 пайыз үстемемен ала бастауы осының нәтижесі еді. Бұл өзгеріс ең төменгі жалақы алатын отандастарымыздың хал-ахуалының айтарлықтай жақсаруына мүмкіндік берді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында ең төменгі еңбекақыны 60 мыңнан 70 мың теңгеге көтеру керегін атап айтты.
Тұңғыш Президенттің жоғарыда аталған Жолдауында мұғалімдерге, медицина саласының мамандарына, полиция қызметкерлеріне және әскери қызметшілерге еңбекақы көлемін арттыру негізгі және маңызды тапсырмалардың бірі болды. Сондай-ақ мектептердің тапшылығы, барлық оқу ордаларын бейнекамералармен жабдықтау, қауіпсіздікті күшейту және өңірлердің өндірісін өрістету сынды мәселелерге баса назар аударылды.
Сонымен қатар ішкі істер саласын реформалау да құнды құжатта айтылған маңызды бастаманың бірі. Соның арқасында құқық қорғау органдарының кадрларын қайтадан аттестациядан өткізілуі, біліксіз мамандардың жұмыстан босатылуы, еңбекақыларының артуы осы салаға тың серпін берді. Бұдан бөлек, Жолдауда соттардың жұмысы, «7-20-25» бағдарламасын іске асыру, медициналық-әлеуметтік жәрдем көрсету, экономикалық саясатты оңтайландыруға да ерекше екпін түсірілді.
Осы құжатта айтылған әрбір мәселе шешімін тауып, әр бастама өз жемісін беруде. Сол арқылы дамудың даңғыл жолына бет түзеп, әлем алдындағы беделіміз көтеріліп келеді.

Айсұлу Садуақас,
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті «Конвергенттік журналистика» мамандығының 3-курс студенті

Comments (0)
Add Comment