Қаралы қаңтар оқиғасынан кейін жұртшылық биліктен жыл келгендей жаңалық күтіп, оң өзгерістерге үміт артқаны шындық. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «ЖАҢА ҚАЗАҚСТАН: ЖАҢАРУ МЕН ЖАҢҒЫРУ ЖОЛЫ» атты наурыз айындағы Жолдауы сол үмітті сеніммен ұштастырып, кемел келешекке жетеледі. Құнды құжат халықтың көкейіндегі мәселелерді тамыршыдай тап басты.
Айталық, Жолдаудағы бастаманың бірі құқық қорғау институттарын күшейту жолдарын белгілейді. Олардың ішінде заң ережелерінің мүлтіксіз сақталуын қамтамасыз ететін Конституциялық сот институтын құру, Бас прокурор мен Адам құқығы жөніндегі уәкілге Конституциялық сотқа жүгіну мүмкіндігін беру, азаптауға байланысты қылмыстарды тергеу ісі бойынша құзыретті Бас прокуратураға беру. Жоғары сот кеңес құрылымы Президенттің соттарды жасақтау жөніндегі конституциялық өкілеттігін қамтамасыз етеді, судьялардың тәуелсіздігіне ешкімнің қол сұқпауына кепілдік береді. Алқабилер сот төрелігін жүзеге асыруға қоғам өкілдерінің қатысуына жол ашып, алқабилер институтының дамуы сот жүйесін демократияландыруға, қоғамның сенімін арттыруға мүмкіндік береді.
Бұқаралық ақпарат құралдарының бәсекеге қабілеттілігін арттыру және азаматтық қоғам институттарының рөлін нығайту да басты назарға алынды. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің орнына құрамына аймақ өкілдері, Парламент депутаттары, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Азаматтық альянстың, қоғамдық кеңестер мен ұйымдардың мүшелері, қоғам қайраткерлері, өндіріс және ауыл шаруашылығы саласының жұмысшылары, бизнес өкілдері кіретін Ұлттық құрылтай құрылды. Құрылтай қоғамдық диалогтың біртұтас институционалдық моделін қалыптастыра отырып, билік пен халықтың арасындағы дәнекерге айналғанын құрылтайдың Ұлытаудағы алғашқы отырысы анық аңғартты.
Еліміздің әкімшілік-аумақтық құрылымын жетілдіруге де ерекше екпін түсірілді. Мемлекетіміздің өркендеуі аймақтардың қуатты болуына тікелей байланысты. Абай, Ұлытау облыстары құрылып, Семей, Жезқазған қалалары жаңа облыс орталықтары болды. Алматы облысы екіге бөлініп, Жетісу және Алматы облыстары құрылды. Қапшағай Алматы облысының, Талдықорған Жетісу облысының орталығы атанып, Қапшағайға тау тұлға Дінмұхамед Қонаевтың есімі берілді. Әрине, әкімшілік-аумақтық өзгерістер мемлекеттік басқару үдерісін жеңілдетеді және ішкі көші-қон мәселесін реттейді.
Билікті орталықсыздандыру өкілеттіктерді орталықтан өңірлерге беруді талап етеді, онсыз азаматтық қоғамды дамыту мүмкін емес. Бұл мәселе де Жолдауда көрініс тапты. Саяси жаңғыруда мәслихаттар жергілікті өзін-өзі басқару институтының негізгі буынына айналды, олардың өкілеттігін нақты белгілеп, меншік базасын кеңейтіп, өңірлерді қаржыландыру жүйесін түбегейлі қайта қарау қажет, жергілікті өзін-өзі басқару органдарын тікелей қаржыландыру өңірлерді дамытуға, еліміздегі демократиялық өзгерістерді орнықтыруға жол ашады. Соңында Президент дағдарысқа қарсы кезек күттірмейтін шараларға тоқталды. Үкімет дағдарысқа қарсы кезек күттірмейтін кешенді шаралар топтамасын жүзеге асыруға, ұлттық валютаның тұрақтылығын қамтамасыз етуге, қаржы саласындағы жасанды сұранысты азайтуға міндетті. Үкімет, Ұлттық банк, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бұл бағытта шешуші шаралар қабылдауы қажет. Үкімет жанынан құрылған Жедел штаб ақпаратқа жылдам талдау жасайтын, шұғыл шаралар әзірлейтін ахуалдық орталық сияқты жұмыс істеуі керек.
Ел Президентінің бастамалары еліміздің саяси жүйесі мен әкімшілік-аумақтық құрылымын өзгертеді. Бұл бастамаларды жүзеге асыруда Қазақстан халқы ауызбіршілікті, ақыл мен сабырды, парасат пен ұстамдылықты ұстануы керек. Себебі біздің мұратымыз – Жаңа Қазақстанды құру. Жаңа Қазақстан дегеніміз әрбір азаматтың конституциялық құқығының мүлтіксіз сақталуы, мемлекет пен қоғамның өзара сеніміне негізделген жаңа саяси мәдениеттің қалыптасуы, маңызды шешімдердің халықтың қатысуымен ашық қабылдануы. Жаңа Қазақстан – жаңару мен жаңғыру жолы, бүгінгі буынның болашақ ұрпаққа аманаты.
Гүлзира Дәрібаева,
облыстық білім басқармасының қосымша білім беру, тәрбие және балалардың құқықтарын қорғау бөлімінің басшысы