Белгілі блогер әрі заңгер Айгүл Орынбек халықты алдап, қалтасындағы соқыр тиынына дейін алып жатқан коучтар мен психологтарды сынға алды. Бұл туралы ол Facebook парақшасында жазды,- деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі.
– Әр заманның өз Ақ тырналары болады екен. Тоқсаныншы жылдары халықты жаппай жинап алып осылай Сары, Ақ әулилер сандалтқан еді… Қәзір коуч,”психолог”, “гений” өздерін түрлі атпен атап алған алаяқтар халықты дүбәрә қылуда! Басында халық бұндай дүниелерге сенбейтін шығар деп немқұрайлы қарайтын едім. Алданғандар жаза бастаған соң, біздің халықтың әсіресе қазақ әйелдерінің санасыз екенін түсіндім. Жасыл шұлыққа сеніп ақшасын көбейтемін, жұмыртқаны тұрғызып байлық энергиясы келеді деген далбасаға кім сенеді деп ойлаушы едім.
Сөйтсем бізде көзі ашылмаған, оқымағандар көп екен ғой! Мақауларды алдау оңай, коучтарды тыңдағанша Абай Құнанбаевтың қара сөздерін, Карл Маркстың капиталын оқы! Абай атамыз: “Еріншекке мал жоқ “, екенін ашық айтып кеткен өз жазбаларында. Карл Маркс ақшаны қалай тауып үнемдеуді үйретеді. Ал біздің кейбір әйелдер ақылды ақшаға сатып алып жүр! Мейірімді болу, адамның еңбегін бағалау, байлыққа жету үшін тоқтамай еңбек ету жайлы өзің неге оқып білмеске! Неге сен ақша беріп біреудің ақылын сатып аласың? Сонда өзіңнің миың жоқ па? Жалқаусыңдар, тез байығыларың келеді, ақша уф етіп түсе салса, содан жеңіл жол таңдайсыңдар! Ақша жеңіл жолмен келмейді, жеңіл жолмен табылған ақшаның берекесі болмайды. Сырты жылтырап, әдемі сөйлегендерге сенбеңдер, олар сендерді алдау үшін өздерін бақытты көрсетеді. Шындап келгенде олар өздерін айнадан көруге жеркенеді! Олар халықты алдап тұрғанын іштей біле тұра, өз нәпсілерін тыя алмай ақшаның соңында кеткендер!
Халық “ақша жоқ” десе, “кредит алып оқы солай баюға болады”, деп онсызда қиналып отырған халықты қарызға батыру ол имансыздық! Өз өздерін таппай жүріп, халықты қарызға батырып жүргендер шайтанмен келісім шартқа тұрғандар! Шайтанда Алланың бұйрығын орындамай, тәкаппарлығымен жәннаттан қуылған. Халықты байытамын деп жүріп, армандап жүрген жәнаттарың тозаққа айналмасын! Құдай халықты жылатып, қарызға кіргізгендерді жұмаққа кіргізбейді! Халықты алдап жүрген коучтарға өз тілдерінде үндеу! – деп жазды ол.