Халық тілегі ескерілуі керек

Шаһар басшысы Ғалымжан Әбдірайымов қалалық қоғамдық кеңес отырысында өткен жылы атқарылған жұмыстарды баяндады.

Толғанай АТАБАЙ
Суреттерді түсірген Ю.Ефимов

Облыс орталығының әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндама жасаған қала басшысы әр саладағы жетістіктерге жеке-жеке тоқталып, қалада атқарылған ауқымды жұмыстарды атап көрсетті. Тасын түртсең тарихы көрінетін Тараз шаһары күннен-күнге көркейіп келеді. Баяндама барысында қала құрылысының қанат жайып, кәсіпкерлік нысандарының қатары артып келе жатқандығы айтылды.


– Былтыр жалпы қала бюджеті трансферттерімен қоса есептегенде 54,1 миллиард теңгені құрап, ол 99 пайызға игеріліп, атқарылған жүйелі жұмыстар өзінің нәтижесін берді. Әсіресе, өткен жылы атқарылған жұмыстардың бірқатары қала келбетіне қатысты болды. Мәселен, қайта жаңғыртылып, ашылған Б.Момышұлы атындағы «Жеңіс» жəне Қ.Рысқұлбеков атындағы саябақтар, «Желтоқсан» аллеясы, теміржол бекеті алдындағы сквер, «Үшбұлақ» каналының жағалауы, орталық «Достық» алаңы мен облыстық əкімшілік алдыңдағы заманауи субұрқақтар және тағы басқа нысандар шаһар шырайын арттыра түскеніне тұрғындар куә. Мұндай ілкімді істер ары қарай да жалғасын табатын болады. Биыл жастар жылына орай, қалада оқушылар және жастар сарайы, түрлі саябақтар бой көтереді, – деген Ғалымжан Райылұлы ел мүддесіне сай атқарылған еңбектің еселене түсетіндігіне сендірді.


Қала басшысының еселі еңбегіне қоғамдық кеңестің төрағасы Қаржаубай Бекболатов оң бағасын бере отырып, бірқатар ұсыныстарды айтты. Соның бірі – тұрғындар титығына тиген қоғамдық көлік жырын қалпына келтіріп, олардың қызметін қадағалау мәселесі. Бұған шаһар басшысы қаладағы жекеменшік 10 тасымал компаниясы қызметінің сапасы жайлы базынасын айтқан бұқараның тілегі міндетті түрде ескеріліп, серіктестік иелерімен байланыста болатындығын атап өтті.


Қоғамдық кеңес мүшелерін толғандырған тағы бір мәселе, күн жылына көшедегі сауда-саттық өнімдерінен тұрғындар денсаулығына келер қауіптің алдын алу жайы.


– Бүгінде қалада шағын және орта кәсіпкерлік көзіне айналған сауда орындарының саны артып отыр. Ал мұндай сауда нысандарының шаһардың архитектуралық келбетіне, санитарлық талаптарына сай болуы керек. Өкінішке орай, орталық көшелерде, халық көп жүретін қалалық саябақта балмұздақ, сусындар сатып тұрғандардың тиісті құжаттары жоқ, – деген төраға сауалына баяндамашы қала көркін қашырған дүңгіршектерді жойып, «Тараз әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» ҰК» АҚ бірлесіп талапқа сай 100-ден астам сауда павильондарын орнатып жатқандығын алға тартты.
Қарбалас құшағындағы қалада шешімін таппаған мәселелер әлі де көп. Жиында кеңес мүшелері бірқатар аумақтағы түйткілдерді тілге тиек етті.


– Қазақта «Бұлақ көрсең, көзін аш» деген аталы сөз бар. Қаладан тысқары орналасқан «Қант» және «Кірпіш» зауыты аумағында мәселелер көп. Соның бірі – «Қант зауыты» алқабына қарасты көптеген арық жүйелерінің жабулы қалуы. Су ағатын арықтардың көбісінің көзі ашылмай тұр. Ал күн суықта жиналған қоқыс көктемде Базарбай каналын қоқыс полигонына айналдырып жібереді. Көктемде қордаланған қоқыстан каналдың қалқаншасын ашу оңай емес, – дейді қоғамдық кеңес мүшесі Анар Досымбаева. Сондай-ақ, аумақта №22 орта мектеп орналасқан. Ал оқушылар мектепке баратын жолда жаяу жүргіншілер жолағы қойылмаған. Жарық бағаналарын орнату да мұндағы өзекті жайға айналып отыр. Түйткілді тірлікті тізбектеген кеңес мүшесі аумаққа қажетті балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармашылық орталық пен спорт алаңшаларын ашу қажеттігін алға тартты.
Бұдан өзге кеңес мүшелері №32 орта мектебіне қайта Шоқан Уәлиханов есімін беру, қаладағы иесіз тұралап қалған ғимараттарды жаңғыртып, іске қосу секілді өзекті мәселелерді ортаға салды.

Comments (0)
Add Comment