Халық театрларының фестивалі

Театр туралы сөз қозғағанда, әуелі ойымызға ұлы суреткер Мұхтар Әуезовтің оралатыны заңдылық. Осыдан бір ғасырдан астам уақыт бұрын жазылған, қазақ драматургиясының алғашқы қарлығашы саналатын «Еңлік-Кебек» пьесасы заңғар жазушының төл туындысы екені мәлім. Содан кейін де тау тұлғаның қаламынан туған қаншама пьеса көрерменге жол тартты.

Біз бұған бекер тоқталып отырған жоқпыз. Биыл Мұхтар Омарханұлының дүниеге келгеніне 125 жыл толды. Айтулы мерейтой еліміз бойынша кеңінен аталып өтуде. Соның жарқын мысалы – күні кеше А.Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрында өткен «Театр – өмір айнасы» атты халық театрларының фестивалі. Облыстық халық шығармашылығы орталығы ұйымдастырған өнер бәйгесіне аудандар мен Тараз қаласынан келген 12 ұжым қатысты.
Шараның ашылуында облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбай сөз сөйлеп, ізгі лебізін жолдады. Бұдан кейін фестиваль «Меркі» халық театры сахналаған «Айман-Шолпан» пьесасымен түрілді. Комедия жанрында жазылған қойылым көрерменді күлкіге қарық қылды. Қордайлықтар ұсынған «Махаббатсыз дүние бос», Жуалы ауданынан келген «Мыңбұлақ» ұжымы көрсеткен «Еңлік-Кебек» шығармалары да көпшілік көңілінен шықты. Келесі болып сахнаға көтерілген Т.Рысқұлов ауданының «Б.Битанов» халық театры өз қойылымдарына еркіндікке ұмтылып, ескі ғұрыптардың құрбанына айналған жастардың тағдыры суреттелген трагедияға толы «Қарагөз» спектаклін арқау етті. Қазақ драматургиясыныың алтын қорына қосылған бұл шығарманың әдебиетте алар орны ерек. Әсіресе бір-біріне өлердей ғашық Сырым мен Қарагөздің іңкәрлікке толы сезімдері, жазықсыз жастардың мұң-наласы көрген жанның көзіне жас үйіргені анық.
Қаламгердің психологиялық иірімдерге негізделген, бір отбасының тыныс-тіршілігі арқылы тұтас қоғамның бет-бейнесін әшкерелейтін «Бәйбіше-тоқал» трагедиясын мойынқұмдықтар келістіре сомдады. Сарысудан келген қос театр да ыстық ықыласқа кенелді. Айталық, «Сарысу» театры «Айман-Шолпанды», «Саудакент» «Телғара» қойылымын көрсетіп, фестивальдің алғашқы күнінің шымылдығын жапты.
Ертесіне сахнаға алғашқы болып Жамбыл ауданының «Дарын» халық театры шығып, «Бәйбіше-тоқал» кейіпкерлерінің шынайы мінезін ашып көрсетумен ерекшеленді.
Мұхтар Әуезовтің алғашқы әңгімелерінің бірі және көркемдік бітімі жағынан қазақ әдебиетіне жаңа өрнек әкелген шығарма-сы – «Қорғансыздың күні». Әңгіме шағын болса да, үлкен мәселені қозғайды. Ғазиза атты панасыз жетім қыздың озбырлыққа, қорлыққа шыдамай, боранда үсіп өлгені жүректі шымырлатады. Ақан сияқты қара ниет ауыл әкімінің жабайы әрекеті оқырманға ой салады. Туындының құрылысы шымыр, көркемдік бояулары қанық, оқиғалары мен адам мінездері мейлінше шыншыл. Таластық театр шеберлері Таразға осы драманы алып келіпті. Көрерменнің көз алдына байырғы қазақ ауылындағы кедейлер өмірінің бір көрінісін, бейшара, қорғансыз жандардың тұрмыс-тіршілігіндегі жан түршігерлік азап пен ауыртпалықты аса шыншылдықпен әсерлі бейнелеген шығарма лайықты бағасын алды.
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті – талай тарланды түлеткен құтты шаңырақ. Осы оқу ошағының жанынан 2002 жылы ҚР мәдениет қайраткері, профессор, «Мәдениет және өнер» кафедрасының меңгерушісі Айгүл Қабиеваның ұйымдастыруымен «Дулати жастары» студенттік театры құрылған болатын. Осы уақыт ішінде алысқа атағы жайылған мәдени ұжым фестиваль барысында «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» қойылымымен көрерменнің көзайымына айналды.
– Дулати университеті – бүгінде сұранысқа ие мәдениет саласының мамандарын даярлап отырған оқу орны. Қазір университет түлектері әр ауданда ғана емес, еліміздің түкпір-түкпірінде табысты еңбек етіп жүр. Біз фестивальге М.Әуезовтің «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» спектаклін әкелдік. Ешкім қоймаған қойылымды сахналадық. Басқа ұжымдардың ұсынып жүргені – ескі нұсқасы. Біз инсценировкасын жаңартып жаздық. Енді осы қойылымды алдағы уақытта университет сахнасына шығаруды жоспарлап отырмыз, – дейді профессор Айгүл Қабиева.
Шу ауданынан келген «Шу қаған» театры «Еңлік-Кебекті» сахналаса, олардың жерлестері «Шу» ұжымы «Айман-Шолпанды» мүлде басқаша бағытта орындап шықты.
– Біз 15 жылдық тарихы бар театрмыз. Бір айта кететіні, бүгін көрермен назарына ұсынған «Айман-Шолпан» комедиясын бұрын-соңды ойнаған емеспіз. Тек осы фестивальге келерден екі апта бұрын өз репертуарымызға қостық. Қойылымның сәтті шыққаны – осындағы 30 адамның тыңғылықты дайындығының арқа-сы, – дейді спектакльдің бас режиссері Мәрлен Азаматов.
ҚР еңбек сіңірген әртісі Асқарбек Сейілханов, ҚР мәдениет саласының үздіктері Нұрлан Абдуллаев, Бекназар Ізбасаров, облыстық халық театрлары одағының төрайымы Эльмира Асылбекова және А.Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрының труппа меңгерушісі Бақтияр Көпжасаровтан құралған қазылар алқасының ұйғарымымен бас жүлдені «Шу» халық театры олжаласа, «Дулати жастары» театры «Үздік актерлік ансамбль» номинациясына қол жеткізді. Сондай-ақ «Меркі» мен «Саудакент» халық театрлары «Үздік эпизод», «Б.Битанов» халық театры «Үздік режиссура» аталымдарымен марапатталды. Бұдан бөлек, «Дарын» халық театрының актрисасы Нұршат Құрманбекова Бопай образы үшін «Үздік әйел бейнесі», «Сарысу» халық театрының актері Әмірғали Бақытов «Көлбай» образы үшін «Үздік ер адам бейнесі» номинацияларын иеленді.
Белгілі жазушы Ғабит Мүсірепов «Театр – хас сұлудың көз жасындай мөлдір өнер» десе, Шерхан Мұртаза «Театр көбейсе, түрме азаяды» деген тағылымды тәмсіл қалдырған екен. Адамның рухани тұрғыдан байып, санасының сергіп, ойының жетілуіне сан өнерді тоғыстырған театрдың қосатын үлесі ұшан-теңіз. Халықтың арасынан шыққан өнерпаздардан жасақталған театрлар екі күнге жалғасқан фестиваль барысында осыны анық аңғартты.

Жұматай КӨКСУБАЙҰЛЫ

Comments (0)
Add Comment