Халық мәдениетінің рухани негізі

Дін – адамзат тарихы мен мәдениеттің ажырамас бөлігі. Дінін білген адамға тегі, тегін білген адамға діні ешқашан жат саналмайды. Дін – халық мәдениетінің рухани негізі. Оның қоғамда алатын орны қашанда ерекше. Сол себепті жас ұрпаққа діндер тарихы мен оның құндылықтары, рухани астары туралы мәлімет беру – өмір талабы. Әрбір ұлтты ұлт ретінде сақтап қалатын нәрсе – тілі мен мәдениеті және осылардың негізі болып табылатын – діні. Қазақ халқының мәдени құндылықтары, сан ғасырлардан бері сақталып келе жатқан этнографиялық мұрасының негізі Исламда болған десек, еш қателеспейміз.

Абайдың айтуынша, «адамгершілік – махаббат пен әділдік, олар барлық нәрседе болады және шешіледі», яғни рухани тәрбие – адамдарды адамгершілікке, білімге, еңбек пен имандылыққа, бір сөзбен айтқанда, жан дүниелерінің сұлулығына тәрбиелеу деген сөз. Адамгершілік мінез негіздерінің астарында жалпы адамдық пен ұлттық құндылықтар бірігіп, адамдардың рухани мәдениетін жүзеге асыратыны белгілі.
Қазақ хандығының құрылуының бастапқы кезеңдерінен – Ұлы Дала заңы дәстүрлер мен әдет-ғұрып ислам негіздеріне орайластырылып, шариғатпен қатар қолданылғанын ел тарихы жоққа шығармайды. «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», Тәуке ханның «Жеті жарғысы» сияқты қазақ хандығы құрылысының саяси-әкімшілік, әскери, рухани және сот істері жөніндегі ережелерінде де ғұрып пен шариғат заңдары үндестік тауып, бірін-бірі толықтырды.
Халқымыздың болмысымен біте қайнасқан дін мен дәс-түр – қадым замандағы қилы қиындықтарға қарсы тұрған, елді бірлікке, тұтастыққа тоғысқан рухани құндылық. Сондықтан халқымыз қандай қилы кезеңді бастан кешпесін, өзінің тіршілік тегі мен тамырын қиғызбаған. Халқымыздың ұғымындағы «көрімдік, ерулік, сүйінші, сыбаға, базарлық, жылу, асар, қол үздік» сынды асыл сөздер – қазақтың дархан мінез, кеңпейіл, қонақжай, бауырмалдығының бұлтартпас дәлелі. Пайғамбар (с.ғ.с.) жеткізген хақ Ислам діні дала көшпенділерінің дәстүрімен астасып, санасына сіңді. «Има- ным – жиғаным» деп білген ұлтымыз өмірін Исламға негіздеп, ізгілікке ұмтылды. Иә, имандылықты ту еткен текті бабаларымыз хан сайлау дәстүрі, билер кеңесі, мұрагерлік тәртібі, елдік жарғысын өзінің алтын арқауына темірқазық етті. Төле би бабамыз айтқандай, «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген қағида ұлағатты ұрпақ жадында сақталып қалды. Мысалы, қазақта иба деген сөз бар. Көпті көрген, өмірден түйгені мол үлкен кісілер тәрбиелі жастарды ибалы екен деп атайды. Міне, ибалылықтың астарында имандылық жатыр. Қазақта иманжүзді деген сөз де бар.
«Отанды сүю – иманнан» дейді. Ұлтын сүйетін, патриот, адамгершілік пен имандылықты бойына сіңіргендер адасудан бойын аулақ салатыны белгілі. Біз тарихи тағылымға, дәстүрлі өнегеге бай еліміз. Кемеңгер бабаларымыз бізге ұлан-байтақ даланы ғана емес, баға жетпес рухани мұраны да мирас етті. Сан ғасырлар бойы елдік пен ерлікке, адамгершілік пен ізгілікке тәрбиелеп келген сол рухани мұраны лайықты түрде игере алсақ, келер ұрпақ үшін де мың жылға жетерлік рухани азық болары даусыз.

Сәуле Арғынбаева,
Байзақ аудандық жастар ресурстық орталығы дін секторының меңгерушісі

Comments (0)
Add Comment