Халің қалай, жас қаламгер?

Шоқан Уәлиханов атындағы облыстық кітапхананың қабырғасында облыс әкімдігінің жанынан құралған жас ақын-жазушылар кеңесінің алғашқы отырысы өтті. Өңір басшысының орынбасары Ержан Жылқыбаевтың қатысуымен өткен жиынға аймақтағы жас ақындармен қоса белгілі қаламгерлер қатысып, көкейдегі ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ

Жамбыл жері ертеден қолына қалам ұстаған, бойына сөздің киесі қонған таланттардан кенде болмаған. Халқы қолпаштаған, еңкейген қарттан еңбектеген балаға дейін аузына аңыз етіп алар қаламгерге де қашаннан бай елміз. Сол ақындарымыздың бүгінгі жағдайы қалай? Ізденісте жүрген қалам иелері қандай шығармалар жазып жатыр? Бүгінгі әдебиетке өңір қаламгерлері нендей үлес қосуда? Көкейлерінде нендей сұрақ бар? Осы сауалдарға кеңес барысында кеңінен жауап берілді.
Жиында ең әуелі Жамбыл облысы әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Серікбол Берікқожа баяндама оқып, жыл бойы өңірдің жас әдебиетшілерімен бірлесе ұйымдастырылған шаралар хақында есеп берді. Баяндамадан соң Ержан Жұматұлы сөз тізгінін қаламгерлерге ұсынды. Ең бірінші «Araı» жастар газеті бас редакторының орынбасары Тұрсынбек Сұлтанбек өз тарапынан бірнеше ұсынысты ортаға салды.

– Әулиеата өңірінің әдеби әлеуеті жоғары екенін елдің мықты ақындары әрдайым тілге тиек етіп жүреді. Жас ақындарымыздың ізденісі де соңғы жылдары тереңдей түскен. Бұл ретте мен көптен көкейде жүрген бірнеше мәселені қозғағым келеді. Өздеріңіз білесіздер, біздің өңірде Бауыржан Үсенов, Артығали Ыбыраев, Серік Томанов сынды толағай ақындар өткен. Осы ақындардың бірінің атындағы республикалық мүшәйраны жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырып тұрсақ. Еліміздің түкпір-түкпірінен жылына бір мәрте жас қаламгерлер Әулиеата өңіріне ағылса, бұл нағыз әдеби мереке болмай ма?! Сосын осында отырған жас ақындардың әдеби кештерін тек облыс орталығында ғана емес, әрқайсысының туған аудандарында ұйымдастыруға тиісті мекемелер тарапынан мүмкіндіктер жасалса, себебі әдеби процестерден ауылдағы таланттар қол үзіп қалмауы тиіс қой. Тағы бір айтарым, Ерлан Жүніс есімді талантты ақынды баршаңыз білесіздер. Жамбылдың топырағында білім алып, Алматыда қызмет етті. Бүгінде «Egemen Qazaqstan» газетінің бөлім меңгерушісі. Алдағы жылы осы Ерлан Жүністің ауқымды деңгейдегі әдеби кешін ұйымдастыруға мұрындық болсаңыздар, – деді Тұрсынбек Сұлтанбек.

Қаламгердің ойын тыңғылықты тыңдаған Ержан Жылқыбаев әрбір ұсыныстың назарда болатынын жеткізді. Ізінше сөз «Aq jol» газетінің саясат бөлімінің меңгерушісі Ардақ Үсейіноваға берілді. Ол өңірде прозашылардың қатары сиреп кеткенін, жастар арасында осы жанрдың кенжелеп қалғанына қынжылатынын жеткізді.

– Осы мәселелерді есепке ала отырып, Шерхан Мұртазадай қаламгер шыққан ел ретінде жыл сайын қарымды қаламгер атындағы жас прозашылардың республикалық байқауын өткізсек деймін. Көркем әдебиетке қалам тербеуге құмартатын жастардың қатарын осылай көбейте алатынымызға сенімдімін. Арамызда Талғат Нұрхан, Шынболат Күзекбаев сынды жас қаламгерлеріміз отыр. Әзірге үміт осы екі жігітте, – деді Ардақ Үсейінова.

Аталған ұсыныстан соң сөз тізгіні «ARAI» газетінің фототілшісі Алтынбек Қартабайға ұсынылды. Ол былтыр ғана «Білім» алаңында ұйымдастырылған «Мөп-мөлдір көздің қарасын, Тараздан ғана табасың» фотопоэзия көрмесін биыл тағы бір мәрте ұйымдастыруға ниетті екенін жеткізді. Одан соң жуырда ғана «Жүрек хаттары» атты кітабы оқырманға жол тартқан ақын Данияр Әлімқұл «өңірде қолына қалам ұстаған әрбір азамат бас сұғып, шығармашылықпен айналыса алатын, әрбір ақын турасында деректер жиналған арнайы қаламгерлер үйі болса» деген ой айтты. Өз кезегінде Ержан Жылқыбаев ұсыныстың орынды екенін, алайда бұл мәселе алдағы жылдардың еншісінде екенін жеткізді. Белгілі журналист, Жазушылар одағының мүшесі Бекет Момынқұл да бірқатар мәселеге тоқталды. Айтуынша, қалада бірнеше Бауыржантану орталықтары жұмыс істейді. «Жеңіс» саябағында орналасқан «Даңқ» залындағы Бауыржантану ғылыми-зерттеу орталығында штаттан тыс қызмет ететін Бекет Момынқұл аталмыш орталықтарды біріктіру керектігін, ол жерде мол мұра жинауға болатынын алға тартты. Сонымен қатар Жуалы ауданында орналасқан қазақ баспасөзінің қарагері Шерхан Мұртаза өмірінің біраз жылдарын өткізген екі қабатты үйдің қараусыз қалғанын айтып, қынжылыс білдірді.
– Сөзіңіз орынды, ел мен жердің иесі – өзіміз. Сіз айтып отырған мәселемен жақсы таныспын. Шерхан атамыздың Жуалыдағы үйіне арнайы барып, жай-күйін көзбен көріп қайтқанмын. Бұл мәселені мен Жуалы ауданының әкіміне тапсырдым. Қазір құжаттары әзірленіп жатыр. Ол үйді музейге айналдырып, ел игіліне ұсыну көзделіп отыр, – деп жауап берді Ержан Жұматұлы.

Аталмыш жиынға қатысқан қалалық мәслихаттың депутаты Эльмира Мырза-Ғали да сөз алып, ақындардың ізденісіне қатысты ұсынысын жеткізді.
– «Әдебиет арқылы әлем не айтқысы келеді?» деген ауқымды сауал бар. Бұл ретте жамбылдық жас қаламгерлер әлемдік әдебиетке лайықты дүние жасап жүр ме деген де заңды сұрақ туындайды. Айтылып жатқан ұсыныстардың барлығы орынды. Дегенмен тағы бір мәселеге мән беруіміз керек секілді. Филолог ғалымдар әлемнің түкпір-түкпіріндегі сақталған көне архивтерде біздің мәдениетіміз бен әдебиетімізді байыта түсетін үлкен қордың жатқанын айтады. Осы қорды бізге кім жеткізеді? Әлбетте, қолынан жазу мен ізденіс келетін ақындар мен қаламгерлер алып келеді. Сондықтан ақындарымыз үшін шет тілін үйрететін курстар дайындасақ. Ағылшын, түрік тілдерін меңгеру арқылы көптеген мағлұматтарға қол жеткізер едік. Сонымен қатар осы жас ақындарды шетелге тәжірибе алмасуға немесе оқуға жіберсек тамаша болар еді. Бүгінгідей өз қазанымызда өзіміз қайнап жата бергеніміз жөн болмайды. Ұмтылыс керек. Алдыңызда отырған кеңестің мүшелерінің қай-қайсы да осал емес. Республикаға белгілі қыз-жігіттер. Әрқайсысында өзіне тән тереңдік бар. Шетелге шығуға әрбірінің жағдайы бола бермейді. Бәрі бір-бір редакцияда қызмет етеді. Бұл мәселе қолға алынса, тек Жамбыл өңірінің ғана емес, тұтас қазақ әдебиетінің өркендеуіне қосылған үлес болар еді, – деді Эльмира Иниятқызы.

Ержан Жұматұлы аталған ұсынысты бірден қабыл алып, күн тәртібіне енгізетінін жеткізді.

– Тамаша ұсыныс. Әлбетте, ізденіс пікірлесу арқылы, тәжірибе алмасу арқылы жандана түседі. Егер іске асатын болса, бұл жас қаламгерлер үшін үлкен талпыныс болады. Облыс әкіміне міндетті түрде жеткізіп, тиісті мекемеге тапсырма береміз, – деп жауап берді Ержан Жылқыбаев.

Кеңес отырысына қатысқан әрбір қалам иесінің ой-пікірін тыңғылықты тыңдаған облыс әкімінің орынбасары Ержан Жылқыбаев өңір руханиятын жандандыру жөнінде алда атқарылатын істер турасында баяндап, жиынды қорытындылады.

– Өздеріңіз білетіндей, індеттің өршуіне байланысты қазір көптеген жиындар онлайн өтіп жатыр. Жиі-жиі кездесіп, пікірлесуге мүмкіндік бола бермейді. Бүгін жас қаламгерлермен кездесіп, тілдесіп жатқаныма қуаныштымын. Әрбіріңіздің ойларыңызды тыңдадым. Ұсыныстарыңызды қабылдадым. Қолдан келгенше қолдау көрсетуге әрдайым әзірміз. Биыл Бауыржан Момышұлының 110 жылдығы атап өтілетіні бәріңізге мәлім. Бұған орай арнайы шаралардың жоспары енгізілген. Жуалы ауданында да дайындық қызу. Осындай дүбірлі даталарға белсенді атсалысуға шақырамын. Облыстың жандануына себепкер болатын, ел руханиятының тұтқасы – өздеріңізсіздер. Әрбіріңіздің ой-пікірлеріңіз, идеяларыңыз бізге ауадай қажет. Ендеше, әрдайым байланыста болайық, – деп қорытындылады Ержан Жұматұлы.

Comments (0)
Add Comment