Хакімнің шырағы мәңгілік сөнбейді

Алатаудың ақ бас шыңдарына ақша бұлттар қонып, Алматының ақ жаңбыры жауып тұрған шақта әуе кемесіне отырып ұлы Абай туған ауылға, яғни қарт Семейге жол тарттық.

Бұл сапардың мақсаты – ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен, «Тарих ақтаңдақтары» саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау» жобасы аясында республикалық жас қаламгерлер форумына қатысу, бабалар рухына тағзым ету еді. Бізді ұшақтан түскен бетте «Қасіретті жылдар – қасиетті жырлар» атты ауқымды іс-шараны ұйымдастыруға мұрындық болған қазақ айтысының қарлығашы атанған ақын Қарлығаш Әубәкірова мен Қазақстан Жазушылар одағы Семей өңірлік филиалының директоры, ақын Мерей Қарт бастаған өнерлі ортаның қыз-жігіттері күтіп алды. Әрі қарайғы бағытымыз – Күшікбай асуына аялдап, батырдың басына құран оқып, ұлтымыздың ұлы перзенті Мұхтар Әуезовтің туған жері Бөріліге тоқтап, одан әрі қазақтың қосылмай кеткен қос ғашығы Еңлік-Кебектің рухына тағзым етіп, соңында Абайдың мәңгілік мекен еткен Жидебайына бару. Біз жүрген Семей-Жидебай бағытындағы автожол «Абай жолы» деп аталады екен. «Осы жолмен кезінде Абай атамыз сән-салтанаты жарасқан күймемен қатынап тұрған», – деді жолбасшымыз тарихтың терең қатпарына жетелеп. Көз алдыма Абайдың «Ғылым таппай мақтанба» деп тұрған алып бейнесі оралды. Жоғарыдағы айтқанымдай, әуелі Күшікбай асуына аялдадық. Күшікбай – ХVІІІ ғасырдың соңында өмір сүрген, елі мен жерін жаудан қорғап, небәрі 21 жасында қаза тапқан хас батыр. Ал Мұхтар Әуезовтің «Қорғансыздың күні» әңгімесін оқымаған адам кемде-кем шығар?! Сол шығармадағы Ақан болыстың қорлығынан қашып, боранда үсіп өлген сол Ғазиза қыздың бейіті батырдың қасында қалқайып тұр екен. Сол күнгі күздің желі азынап Ғазиза қыздың зарын айтып тұрғандай тынымсыз гуілдейді. Сосын өткен-кеткендер аялдап, ат суытатын Күшікбай бұлағынан су ішіп, шөл бастық. Бұлақ басына орнатылған тақтаға: «…Осы жолмен жүріп өтті қаншама, Абайды іздеп алты Алаштың баласы», – деген жыр жолдары басылыпты.
Бұдан кейін шапқан аттай шығыс даласында құлашын еркін жазған темір тұлпардың тұмсығы Мұхтар Әуезовтің туған жері Бөріліге бұрылды. Біз заңғар жазушының мұражай-үйіне бас сұқтық. Бұл жерде бізді мұражай-үйді ұйымдастырушы, Құнанбай, Абай, Мұхтар туралы тарихи деректерді хатқа түсіруші, жер мен ел тарихының білгірі Бекен Исабайұлының баласы, музейдің қазіргі директоры Шағжан Исабаев қарсы алды. Сол сәтте біз Абайдың әкесі Құнанбай – Әуездің күйеу баласы, оның әйелі Нұрғаным – Әуездің қарындасы болғандықтан, Абай мен Әуездің бір-біріне жиі қатынасып тұрғандығын білдік. Музейдің ауласына жазушының «Менің балалығым, жастығым, ер жеткен күндерім, бәрі де осы толық тілді, ең мол сырлы, ұлы әңгімеші туған жерім – темірқазығым, сенде өтті» және «Мұңлы қоңыр туған анам, туған жерім Бөрілі» деген қос сөзі тасқа қашалып жазылғанын көрдік. Қазақ драмасының тұңғышы саналатын Әуезовтің «Еңлік-Кебек» шығармасы да осы Бөріліде өмірге келген екен.
Ұлы тұлғаның ауылынан аттанып, Семей – Қарауыл тас жолынан 5 шақырым жерде орналасқан, билер сотының кесімі бойынша 1780 жылы шілдесінде құрбан болған қос ғашық Еңлік пен Кебектің кесенесіне аялдадық. Бұл атақты «Абай жолы» романында «Ералы жазығындағы кішкене төбе» деп суреттелетін төбеде орналасқан қос ғашық махаббаттың мәңгілік мұнарасындай тым алыстан асқақ көрінеді екен. Мұзбалақ ақын Мұқағали Мақатаевтың сөзімен айтқандай:
«Қазақтың осынау қасқайып тұрған төрінде,
Бабаларыңның махаббаттары көмілген». Құлпытасқа «Көп жасамай, көк орған, жарасы үлкен жас өлім» деген Абай сөзі жазылыпты.
Түс ауып, сағат тілі 16:00-ді көрсеткенде біз аңсап, асығып келе жатқан Жидебай қорығына жеттік. Жидебай қорығы 1990 жылы Абай Құнанбайұлының 150 жылдық мерейтойы қарсаңында ашылған. Қорықтың жалпы аумағы 6400 гектарды құрайды екен. Республикалық маңызы бар тарих және мәдени ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енген. Бұл қорыққа Абайдың мұражай-үйі және «Абай – Шәкәрім» мавзолей кешені, Абайдың әжесі Зере мен анасы Ұлжанның кесенесі, Кеңгірбай моласы «Шәкәрімнің саят қорасы» экспозициясы сынды тарихи-мәдени нысандар енген. Біз алдымен Абайдың ғұмырының соңғы жылдарында өзі тұрған, өмірі мен шығармашылығынан толық мәлімет беретін мұражай-үйімен таныстық. Үй «Ас үй», «Кіші қонақ бөлмесі», «Қонақ бөлмесі», «Абайдың жұмыс бөлмесі», «Еркежан бөлмесі» секілді бес бөлмеден тұрады екен. Әкесі Құнанбай қажының ер-тұрманы, Абай домбырасын да осы жерден таба аласыз. Хакімнің жұмыс бөлмесіне бас сұққанымызда, көзімізге алдымен төрдегі жазу үстелі түсті. Үстел үстінде «Біраз сөз қазақтың түбі қайдан шыққаны туралы» еңбегінің қолжазбасы, ақынның қалта сағаты, насыбай шақшасы, сия сауыты мен қаламы тұр. Бөлме ішіне көз жүгірткенімізде, қазақтың дәстүрлі жиһаздарымен қатар, еуропалық үлгідегі жиһаздар да тұрғанын байқадық. Сөрелерде ақынның сүйіп оқыған шығыс ақындарының шығармаларымен қатар, орыс классиктерінің кітаптары қойылған. Мұражай-үйінің алдында Абайдың Семейге сапар шеккенде отыратын ат арбасы орналасып, дыбыс күшейткіште Абай әндері шырқалып тұрды.
Музей-үйден батысқа көз тастағанда «Абай – Шәкәрiм» мемориалдық кешенi жер бетінің қос діңгегіндей айбатты көрінеді. Кешенде Абайдың кенже інісі Оспанмен және Шәкәрім Құдайбердіұлы өзінің ұлы Ахатпен бірге жерленіпті. «Абай – Шәкәрiм» кесенесі алыстан бірдей көрінгенмен, сәл айырмашылық бар екен. Айталық, Абай мұнарасының биіктігі – 38,5, Шәкәрім мұнарасының биіктігі – 37 метр. Осы кешенді салуға республикалық байқау жүргізілген. Нәтижесінде халықаралық конкурстардың лауреаты, архитектор Бек Ибраев басшылық ететін авторлық топ бас жүлдені иеленген. Осылайша хакімнің 150 жылдығы қарсаңында нысана көпшілік назарына ұсынылған. Оның ақ тасы сонау Маңғыстаудан арнайы әкелінген екен.
Бұдан кейін Абайдың әжесі Зере мен анасы Ұлжан, ағасы Құдайберді және Құнанбай ауылының балаларын оқытқан молла Ғабитхан мен Оспан үйінің жалшысы Шәуембай жерленген зираттарға құран бағыштадық. Абайдың әжесі деп Алаш таныған Зере апамыздың басына барғанымызда М.Әуезовтің: «…Зере кісі ренжітпейтін жұмсақ мінезді әйел болған. Ол уақыттағы бәйбішенің бір сыны – күндестік дегенді білмей, кең мінезді болу. Зере бәйбіше осы жағынан көп мақталады. Күңдердің балаларын өз балаларындай асырап, еркелеткен деседі», – деген жазбасы ойыма оралды. Бала Ибраһимді еркелетіп, «Абай», «Абайым» деп ат қойған да осы асыл әже еді. Ал Абай сөзі көне түркіше «сүйкімді» деген мағынаны білдіреді екен.
Біз осылай бабалар рухына тағзым жасап, дұға бағыштап, Жидебайдан кері аттандық. Қазақтың дара перзентін өмірге әкелген ұлы даланы көру арманым орындалып, көлікке қарай бет алғанымда күн ұясына батқан кез еді. Десе де, мен үшін Абай туған, балалығы, жастық шағы өткен топырақ шұғыласын шашып, күндізгідей жарқырап көрініп тұрды. Ол Абайдың шырағы еді. Ол шырақ мәңгілік сөнбейді.

Жұматай Көксубайұлы 

Comments (0)
Add Comment