Үгіт-насихат жұмыстары жалғасуда

Қазақстан халқы Ассамблеясы атынан Мәжіліс сайлауына қатысатын үміткерлер «Қоғамдық келісім» КММ-інде кездесу өткізді. Онда әр кандидат өзінің сайлауалды бағдарламасын таныстырып, көпшілік тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді.

Жиынды облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Сержан Қуанышов ашып, үміткерлердің қысқаша өмірбаянына тоқталып, жүргізіп отырды. Кездесуде сөз алған «ЖетісуОблГаз» ЖШС бас директоры Владимир Тохтасунов, «Барбанг» күрдтер қауымдастығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің вице-президенті Вакиль Набиев пен «Әзірбайжан қауымдастығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Абилфас Хамедов өздерінің өмір жолына тоқталып, алдағы жоспарларымен де бөлісті. Ал өңір атынан сайлауға қатысып жатқан Жамбыл облысы, Қордай ауданы, Сортөбе ауылдық округінің әкімі Ильяс Буларов алдымен сайлауалды бағдарламасын толығымен таныстырды.

– Биылғы сайлау менің өміріме серпіліс әкелгелі тұр. Жамбыл облысынан Мәжіліс депутаттығына кандидат ретінде облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері мені ұсынып, Орталық сайлау комиссиясының шешімімен оң қорытынды келді. Қарапайым ауыл әкімі қызметінде жүрген мен үшін бұл үлкен белесті бағындырумен тең. Мәжіліс депутаттығына кандидат ретіндегі менің негізгі мақсатым – көпұлтты мемлекетіміздегі халықтар арасындағы өзара келісім мен бейбітшілікті одан ары нығайту. Ауылдағы азаматтардың әл-ауқатын арттыруға, тұрмыс деңгейінің жақсаруына үлес қосу. Өздеріңіз білетіндей, кез келген елдің қуаты – оның халқының бірлігінде. Сондықтан да ұлттар арасындағы тұрақтылықты сақтау – еліміздің экономикалық дамуы мен өркендеуінің негізгі тірегі. Бүгінде Қазақстан атты ұлы шаңырақ астында түрлі ұлттар мен ұлыстар тату-тәтті өмір сүріп келеміз. Дүниежүзінде баламасы жоқ Қазақстан халқы Ассамблеясы институты ел дамуының күретамырына айналды. Мен өзім 30-дан астам ұлт өкілдері шоғырланған Қордай ауданының тумасы болғандықтан, бұл іс маған жат емес. 4 жылдан астам уақыт ауданымыздың өзге ұлт өкілдері шоғырланған Сортөбе ауылының әкімі қызметін атқара жүріп, бейбітшілікті насихаттайтын түрлі шаралардың куәгері болдым, – деген Ильяс Юсупұлы атқарған жұмыстарға да жіті тоқталды.

Үміткер 2013 жылы дүнген этносының Қазақстан жеріне қоныс аударуының 135 жылдығына орай Қытай Халық Республикасының Сиань қаласынан Жамбыл облысы, Қордай ауданы, Масаншы ауылына дейін халықаралық велошеру ұйымдастырылғандығын, маршруттың ұзындығы 6300 километрді құрап, Қытай Халық Республикасына ұшып, Сиань қаласынан велошеруді жалғағандығын тілге тиек етті. Масаншы ауылында 135 жылдан астам уақыт қазақ жерін мекендеген дүнген ұлтының алғысы ретінде «Ең қиын сәттерде көмек берген Ұлы Қазақ халқына мың алғыс» атты тас белгісі орналастырылыпты. Сондай-ақ 2018 жылы біз Қаракемер, Қарасай, Аухатты, Еңбек, Масаншы, Күнбатыс ауыл ақсақалдарын шақырып, Ноғайбай би ескерткішінің маңына шыршалар отырғызу, Сортөбе ауылында «Достық марафоны» ұйымдастырылып, оған көршілес ауылдардың да тұрғындары қатысып, татулық пен бірліктің үлгісін көрсетуге мүмкіндік алғандығын жеткізген үміткер алдағы уақытта да белсенді болатындығын айтты. Мемлекет тарапынан сан түрлі наградалар мен марапат төрінен көрінген Ильяс Буларов жерлестерін өзіне дауыс беруге шақырды. Жиында Ассамблея мүшелері кандидаттардың әрқайсына сауал жолдап, өтініш-ұсыныстарын айтты.

Жалпы 2021 жылғы 11 қаңтарда Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясында 9 Мәжіліс депутатын сайлау төртінші рет өтеді. Бүгінгі күні Қазақстан халқы Ассамблеясының 504 мүшесі бар. Әр сайлаушы – Ассамблея мүшесі жеке дауыс береді. Дауыс беруге қатысқан Ассамблея мүшелерінің 50 пайыздан жоғары дауысын жинаған кандидаттар сайланады.

Нұр-Сұлтан қаласының аумақтық сайлау комиссиясы республикалық бюджеті қаражаты есебінен төленді

Comments (0)
Add Comment