Қазақстан Президенттігіне кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевтың облыстық қоғамдық штабында баспасөз мәслихаты ұйымдастырылды.
Толғанай АТАБАЙ
Онда штаб басшысы Шәбден Тілеумұрат БАҚ өкілдеріне үгіт-насихат жұмыстарының аралық қорытындысы туралы баяндады. Қазіргі кезде Жамбыл облыстық қоғамдық штабында тіркелген 1001 азамат сенімді өкіл ретінде аймақта жұртшылықпен кездесулер өткізуде. Облыс бойынша барлығы 33 мобильді-үгіт тобы құрылған екен. Сенімді өкілдер партияның «Jas Otan» жастар қанаты ұйымдастырған кандидатты қолдау акциясына, облыстың ғылыми-шығармашыл зиялы қауым өкілдерімен кездесуге, БПҰ-ның аймақтық форумына және басқа да облыстық, қалалық, аудандық шараларға қатысып, онда ҚР Президенттігіне кандидат Қ.Тоқаевтың «Баршаға ортақ игілік! Сабақтастық. Әділдік. Өрлеу» деп аталатын сайлауалды тұғырнамасын сайлаушыларға түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.
– Республикалық желілік кестеге сәйкес 691 шара өткізу жоспарланып, бүгінгі күнге 179 шара және кестеден тыс 729 кездесу өткізіліп, барлығы 140 мыңнан аса тұрғын қамтылды. Бұл облыс көлемінде сайлаушылардың 20 пайызын құрайды. Үгіт-насихат жұмыстарын ұйымдастыруға облыс бойынша 800-ден аса белсенді жас тартылған. Облыс бойынша 30 билборд, Тараз қаласы және аудан әкімдіктерінің қаулыларына сәйкес арнайы белгіленген 294 орынға 35967 насихаттық материалдар орналастырылды. Жалпы үгіт науқанының бірінші толқынына арналған 84500 ақпараттық-насихаттық материалдың 71780-і немесе 84,9 пайызы жұмсалды. Облыс бойынша барлығы 16781 имидждік өнімдер аумақтық штабтарға таратылып, әртүрлі бағыттағы іс-шараларға пайдаланылуда, – деді Шәбден Тоқтасынұлы.
Ағымдағы жылдың 12 мамырында мемлекет басшылығына үміткер Қасым-Жомарт Кемелұлының Жамбыл облыстық және аумақтық қоғамдық қабылдау бөлмелері ашылып, онда арнайы кесте бойынша сенімді өкілдер күнделікті сағат 10:00-13:00 аралығында азаматтарды жеке сұрақтарымен қабылдауда.