Газдан уланудың алдын алу жұмыстары қарқынды жүруде

Жылыту маусымының басталғаны кеше ғана секілді еді, алайда газдан улану оқиғалары бірінен соң бірі тіркеліп жатқан жайы бар. Мәселен, Жамбыл облысында айналдырған бір айдың ішінде 17 оқиға орын алған. Өкінішке қарай, соңы қайғылы жағдаймен аяқталғандары да бар. «ҚазТрансГаз Аймақ» өкілдері мұндай келеңсіз жағдайлардың басым бөлігі тұрмыстық газды ережеге сай пайдаланбаудан туындайтынын айтып отыр. Сондықтан мамандар өңірде түсіндіру жұмыстарын барынша күшейтіп жатыр.
Жылыту маусымы басталысымен, газ саласы мамандарының жұмысы да көбейеді. Өйткені жеке сектордың тұрғындары газды тұтыну ережелерін дұрыс сақтамайды. Мәселен, көп жағдайда газ пеші мұржасының жағдайына мән бермейді. Тазаланбаған мұржа бітеледі, жанған газдың көзге көрінбес, иісі сезілмес түтіні үй ішіне жайылады. Ал оның соңы жазатайым оқиғаларға душар етері даусыз. Сондықтан «ҚазТранГаз Аймақ» өндірістік филиалының мамандары қауіптің алдын алу жұмыстарын қарқынды жүргізіп жатыр.
Мамандардың айтуынша, үйлер-дің бірінде мұржа бітелсе, енді бірінде пештің ақауы анықталып жатады. Мұны тұрғындардың өзі де мойындап отыр. Сондықтан олар да сала мамандарының көмегіне жүгінгенді жөн санайды.
«Жұмысты оның қыр-сырын білетін арнайы мамандар атқарғаны дұрыс. Өзіміздің қолымыздан келмейді. Өз бетімізше істеген күннің өзінде түрлі олқылықтар шығып жатады. Мұның соңы жазатайым оқиғаларға алып келеді. Өзіміз көріп жүрміз, газ саласының мамандары тұрғындарға газды тұтынудың негізгі талаптарын түсіндіреді, ескертулер жасайды. Осыдан нәтиже шығара білуіміз керек. Кемшіліктер негізінен мұржа мен желдету каналында кездесетінін де жақсы білеміз. Біз жыл сайын мамандармен арнайы келісімшартқа отырамыз. Соның нәтижесінде олар орын алған кемшіліктерді өздері реттейді», – дейді жергілікті тұрғын Нүсіпқали Нұрметұлы.
Ресми дерекке назар аударсақ, газды қолданудың талаптарын сақтамау салдарынан былтырғы жылыту маусымында 98 тұрғын уланған. Биылғы жағдай да көңіл көншітіп отырған жоқ. 36 адам газдан уланып, оның екеуі бақилық болған. Сондықтан газ саласының мамандары «тұрғындар қауіпсіздікке баса мән берсе екен» деген тілегін жеткізді.
«Газдың иісі сезілген жағдайда тұрғындардың ең бірінші міндеті – «104» нөмірі арқылы үздіксіз қызмет істейтін мекемеге хабарласу. Сондай-ақ есік-терезелерін ашып, желдету қажет. Негізі алдын алу шаралары бойынша әрбір үйге газ иісін анықтайтын құрал орнатылуы керек», – дейді «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Жамбыл өндірістік филиалы апаттық диспетчерлік қызметінің басшысы Әлиайдар Жаңабеков.
«ҚазТрансГаз Аймақ» филиалының қызметкерлері ақпараттандыру, түсіндіру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізіп келеді. Мәселен, былтыр 200 мыңнан аса түсіндірме парағын таратып, әлеуметтік желі мен облыстық телеарналарға қауіпсіздікті сақтау туралы бейнероликтер шығарған. Жалпы аймақта 220 мыңнан аса абонент көгілдір отынды қолданады. Сала мамандары тұтынушыға өз қауіпсіздігі үшін мамандандырылған ұйымдармен келісімшарт жасауды ұсынады. Яғни үйдегі газ жабдықтарына техникалық қызмет көрсетуді арнайы маманға сеніп тапсырған жөн.

Лаура АБАЙҚЫЗЫ

Comments (0)
Add Comment