Гүлдана Жауынбекова Т.Рысқұлов ауданына жұмыс сапарымен барды

    Кеше ауданымызға облыс әкімдігі экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлдана Жауынбекова жұмыс сапарымен келіп, ауылдардағы бірнеше нысандарды аралап, «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы аясында қолға алынған жұмыстардың барысымен танысты,-деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі.

Ең алдымен Гүлдана Әлімжанқызы аудан әкімінің орынбасары Әлібек Терлікбаевпен бірге Қарақыстақ ауылындағы мәдениет үйінің күрделі жөндеу жұмыстарының жай-күйімен етене танысты. Аталған мәдениет үйінің қабырғасы 1976 жылы қаланған. Жалпы көлемі 1888 м2 құрайтын ауылдық мәдениет үйінде соңғы рет күрделі жөндеу жұмыстары 2009 жылы 127500,0 теңгеге жүргізілген. Ағымдағы күрделі жөндеу жұмыстарынан кейін осы заманғы жұмсақ орындықтар қойылып, сахна жаңартылып, 250 орындық залда енді түрлі шаралар өтетін болады.

Сонымен қатар, жұмыс сапары барысында Гүлдана Әлімжанқызы аудан орталығындағы М.Өзбеков атындағы мәдениет үйінің және «Сұлутөр» кинотеатрларында жүріп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарымен де танысты.Құрылыс жұмыстарын жүргізуші мердігермен кездесіп, құрылысты сапалы аяқтауды тапсырды.
Мұнан соң Луговой ауылындағы «Ауыл ел бесігі» жобасы аясында атқарылып жатқан 13 көшенің жол жөндеу жұмысымен және сол аталған ауылдағы денешынықтыру – сауықтыру кешенінің құрылыс жұмыстарына зер салды.

Луговой ауылындағы жалпы 46 көшенің 13 көшесіне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген соң ауылдың ішкі көшелерінің жағдайы жақсара түседі деп күтілуде. Көшелердің ені талапқа сай кеңейтіліп, электр бағаналары жол бойымен түзу орналастырылатын болады. Ең бастысы бұрыннан жол жабыны салынбаған көшенің негізгі қабаты күшейтіліп, асфальт төселді. Жаңа жол жақын арада ел игілігіне берілетін болады.

Ал құрылыс жұмыстары ағымдағы жылдың шілде айында басталған, жалпы сметалық құны  386 000,00 мың теңгені құрайтын әмбебап залы бар спорт-сауықтыру кешені 11 мыңнан аса халқы бар Луговой ауылының тұрғындары, оның ішінде ауыл жастарының бұқаралық спортпен шұғылдануы үшін спорт нысандарына қолжетімділігін арттырады деп күтілуде.

 

Comments (0)
Add Comment