Ежелгі сақ дәуіріндегі балалар ауыз әдебиеті

Академик Әлкей Марғұлан қазақ ауыз әдебиетінің ежелгі дәуірлерден тамыр тартатынын өткен ғасырларда-ақ жазып кеткен еді. «Сахарада айтылатын эпос-жырдың өркендеп тарауы сақ, ғұн, үйсін, қаңлы дәуірінен басталады деген едік.

Бұл айтқан сөздердің қауым құрған кезеңі біздің жыл санауымыздан бұрынғы V – ші ғасырлар мен осы заманның VІ – шы ғасырлар арасы…» (Марғұлан Ә, Шығармалары – Алматы: «Алатау» баспасы, 2007-І том, 153-бет).
Қазақ ауыз әдебиетінің ежелгі сақтар дәуірінен басталатыны белгілі. Ал, балалар әдебиетінің де осы сақ дәуірінен бастау алатынын, балалар ауыз әдебиетінің өте мол екенін ғалымдарымыз Қ.Бөлеев, С.Құлбарақов, Э.Пертаева, Қ.Тамабаева, С.Шормақова, Ж.Әбдуәлиева, А.Кембаева, Р.Сайлаубекова және тағы басқалары өздерінің ғылыми еңбектерінде атап өтсе, Ә.Марғұлан, М.Ғабдуллин, Н. Келімбетов, Х.Сүйінішәлиев қазақ әдебиеті тарихын зерделеу барысында «Балалар ауыз әдебиеті» деп арнайы тоқталмаса да, балаларға арналған қаһармандық эпостарға назар аударып, ғылыми тұжырымдар жасады.
Осы тұста «Шу» дастанынан үзінді келтірейік:
…Шу дариясы береке:
Қаз, үйрегі қаптаған,
Арқар, киік сусындап,
Жағалауда ойнаған.
Аққу құстар қалықтап,
Дегелектер ойнаған.
Қалың қамыс ішінде
Жолбарыс жатыр жол аңдып,
Арыстан жатыр аң аңдып,
Таудың арғы бетінде,
Табғаш жатыр бізді аңдып,
Айналаға от жағып,
Қараңғыны қашырдық.
Кеше шайқас кезінде,
Қан ішетін қорқақты,
Биік таудан асырдық.
Көктен тілеп күш-қуат,
Тәңірі бізді қолдады.
Тізе бүкпей тік тұрды,
Көк бөрінің ұлдары…
Н.Келімбетов «Шу» дастанындағы Алып Шудың қолма-қол шайқастағы қаһармандық тұлғасы туралы былай деп жазады:
«Ашуланды Көк Тәңірі,
Бетін бұлтпен бүркеді.
Қаһарлы дауысы гүрілдеп,
Жарқ-жұрқ етіп от шашты.
Көлде жүзген қаз-үйрек,
Пана таппай шуласты.
Бөкен, арқар, киіктер,
Жалтақ-жалтақ қарайды.
Жолбарыс пен арыстан
Сүңгіді қалың қамысты.
Шайқасқа шықты Шу батыр,
Бермеу үшін намысты.
Лек-лек жасақ тоғысты,
Аспан мен жер қағысты»… (241,137).
Сөйтіп, «Шу» дастанында батырдың көңіл-күйін, ішкі психологиясын тікелей суреттемей, оны пернелеп айту әдісімен, табиғат құбылыстарын сөз ету жолымен жеткізіп отыр…». (Н. Келімбетов, «Түркі халықтарының ежелгі әдеби жәдігерліктері»,.-Алматы, «Раритет» баспасы, 2011-жыл, 46-бет).
Ежелгі сақтарда темір балқыту өнері пайда болып, әскери соғыс техникаларының айырым бөлектері – қару-жарақтар, қылыш, қалқан, найза, сауыт, дулыға, қақпан, жебенің ұшы, ыдыс-аяқ бұйымдары темірден жасалды.
Сақтар сыртқы жаулардан қорғану мақсатында қорғандар салуды дамытты. Жебе атушы жауынгерлер екі дөңгелекті арбада түрегеліп тұрып садақ ататын болды. Обаларға ескерткіштер орнату дәстүрін қалыптастырды. Зергерлің өнер дамып, тасқа қашап жазу жазатын зергерлер, сурет салатын тас қашаушылар пайда болды. Сақтардың көсемдері мен батырларын құрметтеп тас мүсін, ескерткіштер орнату дәстүрі орнықты. Жартастарға қашап жазулар жазды, ойып оюлар салды. Әдебиетшілер, шежірешілер шығармаларын тасқа қашап жазатын болды.
Домбыра мен қобыз, дәп, сыбызғы, керней, дауылпаз сияқты музыкалық аспаптары болды.
Кернейді, дауылпазды соғыста әскерлердің рухын көтеру үшін пайдаланды.
Жыршы-жыраулары мен биші қыздары болды.
Қайтыс болған адамдарға арнап қаралы әуенді қобызбен орындады. Жоқтау жырлары айтылды.
Ежелгі сақтардың Шу атты батыры болған. Ол туралы «Шу батыр» деген дастанның да бар екені белгілі. Бұл дастан ежелгі сақтар дәуірінде пайда болған. «Шу батыр» дастаны туралы ғылыми пікірлер жазған түрік ғалымы Н.С. Банарлы, қазақтың көрнекті ғалымы Н.Келімбетов болды.
Ежелгі сақ дәуіріндегі балалар әдебиеті өзіндік ерекшелігімен дараланады. Профессор А. Қыраубаеваның қазақ мәдениеті туралы: «Қазақ мәдениеті біздің дәуіріміздің арғы жағындағы скиф-сақ тарихынан басталып, түріктер (түркілер-астын сызған мен) тарихына жалғасады… Қазақтың кең даласында еркін жортқан ата-бабаларымыз бізден екі жарым-үш мың жыл бұрын-ақ ақыл-айламен, қылыш-найзамен елін, жерін сақтай білді. Дәстүріне берік болды. Алыс-жақын елдермен байланыс жасады. Қазақта «Ұлың – Үрімге, қызың – Қырымға» деген мақал бар. Одан ұғатынымыз – аталарымыздың атының тұяғы Рим мен Қырымға дейін жеткені. Он бірінші ғасырдағы ғалым бабамыз Махмұд Қашқари «Түрікше сөздік» деген кітабында: «Сол кездегі қыпшақтардың мекені Русь пен Румға дейін созылады», – деп жазған. Қазақтар – ежелден өнерлі, шешен, дана халық…» – деп жазды (А. Қыраубаева, «Ежелгі әдебиет», Алматы, «Өнер» баспасы, 2008 жыл, 136-бет).
Ежелгі сақ дәуіріндегі балалар әдебиетіне жататын «Анар мен Мұнар» («Анарбай мен Мұнарбай» деген нұсқасы да бар, М.Ә.), атты ертегіде Анар мен Мұнардың ақыл-парасаты сөз болады. Ата-бабаларымыздан қалған мұра- тасқа қашап жазылған ескерткіштерді қорғау, ежелден сақталып келе жатқан жәдігерлерді көздің қарашығындай сақтау идеясы сананы сергітеді. Ертегі ежелгі сақтарда әріп таңбасының болғанынан хабардар етеді.
Ежелгі сақ дәуірінің әйгілі көсемдерінің бірі – Тарғытай. Тарғытай туралы белгілі тарихшы Геродоттың кітабында көп деректер бар екені белгілі. Орталық Азия және Қазақстан түркілері ауыз әдебиетінде Тарғытай туралы ертегілер, аңыз-әңгімелер, өлең-жырлар көптеп кездеседі. Мәселен, «Шырақ батыр», «Сақ қызы Күнсұлудың хикаясы», «Қобыз үні» деп аталатын ертегілерде Шырақ батырдың, Күнсұлудың, қобызшы Ерғұланның ақыл-парасаты мен тапқырлығы жайлы сөз болады.

Меңдібай Әбілұлы,
филология ғылымдарының кандидаты,
Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі,
аймақтық менеджмент академиясының (Павлодар),
Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің профессоры,
Халықаралық Тараз инновациялық институтының доценті,
Қазақстан жазушылар және журналистер одақтарының мүшесі

Comments (0)
Add Comment