Ежелгі мамандық бүгін де сұранысқа ие

Сіз білесіз бе? Фармакология тарихы жазу-сызудан бұрын, сонау VI ғасырда Грекияда пайда болған. Яғни дәрілік шөптердің пайдасы сол кезде анықтала бастады. Тек XVIII ғасырда алғаш рет дәрілік препараттар шығарылып, ғалымдар адамзат тарихында тың жаңалықтар ашты. Дамудың даңғыл жолына түскен фармацевтика саласындағы бүгінгі жетістікті өткенмен салыстыра алмаспыз. Себебі әлем елдерін әбігерге түсірген коронавирус пандемиясы тарағалы бірқатар мемлекет індеттен құлан-таза айықты. Біздің елде де жұқпалы аурудың алдын алу мақсатындағы жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Осыған орай бір күнге мамандық өзгертіп, фармацевт мамандардың жұмысымен танысып қайттық.

Сәндібек Піренов
Суреттерді түсірген Сәкен АБЖАПАРОВ

Біз ат басын бұрған дәріхана халық көп шоғырланған «Мыңбұлақ» шағын ауданында орналасқан. «Әмір және Д» дәріханасына барғанда көзімізге оттай басылғаны, құжынаған халықтың көптігінде болды. Олар дәріхана қызметкерінің нұсқауымен кезек бойынша үш терезеге ағылып жатыр. Мұндай көріністі бұрын тек тауарларды жеңілдетілген бағамен сататын дүкендерден көріп, көзіміз үйреніп қалғаннан ба, әйтеуір, оғаш көрінді. Осы бір дәріхананың өзінде 7 адам ауысыммен жұмыс істейді. Әрі елдегі жағдайға байланысты сенбі, жексенбі күндері де кез келген адамға есік ашық. Талап сондай. Оған қызметкерлер де үйренген, себебі елдің саулығы үшін атқарылып жатқан жұмыстардың оң нәтиже беруі бәріміз үшін тиімді.Мұны дәлелдеп жатудың қажеті де жоқ. Солардың бірі – осы салада жұмыс істегеніне 15 жылдан асқан фармацевт-провизор Әлия Болжанова. Екі баланың анасы атанған ол жастайынан дәрігер болуды армандағанын айтады. Бірақ оған мүмкіндігі болмай, әуелі Жамбыл медициналық колледжін, кейін Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік фармацевтика академиясында оқыған. Осы бағытты таңдауына әжесі Күлсара Болжанова ықпал еткен.


– Жалпы медицина саласы асқан ұқыптылықты, ептілікті қажет етеді. Оның ішінде фармацевтерге тән қасиет те бар. Бізге неғұрлым ширақ қимылдау керек, сол үшін де болар, ер адамдардың осы салаға келуі қиын. Дәріханадағы препараттардың санынан жаңылуға болады. Дейтұрғанмен жұмыстарды жүйелі атқарып жатқан соң, ұқсас дәрілерді қатар орналастыруға тырысамыз және жадымызда сақтаймыз. Бұл – бір. Екіншіден, тұтынушылармен жұмыс істеу оңай емес, әсіресе, дәріханада. Тіпті дәріні қайта әкеліп, қайтып алуымызды өтінгендер де болды. Бірақ мұның барлығы кәсіпкерлік туралы заңда нақты көрсетілген. Қысқасы, дәріні қайтып алмаймыз, бұл – қатаң қағида. Бұдан бөлек, күнделікті жұмыс барысында түрлі адамдарды көресің. Өкпе-назын бізге айтады. Әсіресе, карантин кезінде жұмыс істеу қиынға соқты. Алғашында бетперделердің тиімді сатылуын қамтамасыз етсек, қазір бәрі жеткілікті деңгейде. Бірақ тұрғындар маска емес, антибиотиктер іздеп әлек, – дейді Әлия Сездіханқызы.
Расында, сала маманының сөзінің жаны бар. Алғашында маска тапшылығының неден болғанын еске түсірсек, әркімнің сөзіне еріп, үйіне маска үйгендердің олқы қылығын айтамыз. Дәл қазіргі дәрі тапшылығы да солай. Қолжетімді дәрілердің халыққа жеткіліксіз болуы да таңғалдырмай қоймайды.
Дәл осы сәтте қазір тапшы болып отырған дәрі-дәрмектердің сенбі күні келгенін фармацевт Әлия Сейдіханқызы орайы келгенде тілге тиек етті. Бұл ақпаратты ол әлеуметтік желіде қала бойынша барлық дәріханалар тіркелген топтан оқып білгенін айтты. Қаладағы ауруханалар бір-бірімен байланыс орнатқалы да аз уақыт болмаған. Себебі тіркеуде тұрған науқастарға препараттар уақтылы берілу керек. Ал «Әмір және Д» дәріханасындағы желінің қызметі мүлде бөлек. Аталмыш дәріханадағы дәрілердің барлығы тіркелген. Олар сатылғаннан кейін компьютер мамандары желіге тіркейді. Кейін осы арқылы дәріханалар арасында байланыс орнайды. Кез келген науқас дәрігердің рецептісімен тиісті дәріні алуға келсе, егер іздегені дәріханада болмаған жағдайда, ол дәрінің қай дәріханада бар екенін тез-ақ табуға болады.
Наурыз айынан бастап сақтық шараларын қатаң сақтап отырып жұмыс істейтін дәріханаларда 3 сағат сайын дезинфекция жұмыстарын жүргізу үйреншікті жағдайға айналған. Ал соңғы апталарда індеттің өршуінен «Әмір және Д» дәріханасы күшейтілген режимде жұмыс істеуге көшкен. Басты мақсат – дәрі тапшылығын болдырмау. Аталмыш дәріхананың меңгерушісі Жанар Сламбекова фармацевтер кез келген уақытта жұмысқа шығуға дайын екенін жеткізді. Айта кетейік, елдегі жағдайға байланысты қала аумағындағы екі дәріханада фармацевтер антисептикті айтпағанда, бетперденің өзін қолдан тігіп, тұрғындарға қажетінше көмек көрсеткен-тін.
Мамандық өзгерту барысында дәріханамен толықтай таныстық. Препараттар сақталатын қойманы да көрдік. Бұдан бөлек, арнайы температурада сақталатын дәрілерге ерекше көңіл бөлінетініне көзіміз жетті. Сондай-ақ дәрі-дәрмектер желіде тіркелген соң, сақтау мерзімі өткен тауарлардың сатылымға шығарылмайтынын білдік. Бүгінде «Әмір және Д» дәріханасының қала бойынша 22 нүктесі бар. Ондағы фармацевтер тұрғындар тапшылық көрген дәрілерді алмастыратын препараттарды да ұсынуда. Әрине, осы кезекте сала мамандарының еңбегін бас бармақпен бағалауға болады.

Comments (0)
Add Comment