Ежелгі екі шаһардың ынтымағы артады

Күні кеше облыс әкімі Нұржан Нұржігітов көне шаһарға арнайы келген Грекияның ежелгі Олимпия қаласының мэрі Георгиопулос Георгиоспен кездесті.

Кездесуге Қазақстан-Грекия Іскерлік кеңесінің тең төрағалары Жақсыбек Күлекеев, Ламнидис Томас, Грек Республикасындағы Қазақстан Республикасы Елшілігінің кеңесшісі Бақытжан Сүйіндіков те қатысты.
Тараптар түрлі салалардағы екіжақты ынтымақтастықты нығайтудың бүгінгі жағдайы мен алдағы жоспарын талқылады. Негізгі салалардағы сауда-экономикалық және инвестициялық өзара қарым-қатынасты арттыруға, мәдени-гуманитарлық, білім беру және спорт салаларындағы байланысқа ерекше назар аударылды.
Жамбыл облысының Грециямен тауар айналымы 2022 жылы 3,3 миллион АҚШ долларын құраған.
Бүгінгі таңда облыста грек ұлтының 2 мыңға жуық өкілі тұрады. 1989 жылы Жамбыл облыстық гректер қоғамы құрылған.
– Тараз да, ежелгі Олимпия да – ғасырлар бойы қалыптасқан терең тарихы мен мәдениеті бай қалалар. Біз туризм, өнеркәсіп, жаңартылатын энергия көздері саласында да ынтымақтастықты жолға қоюға дайынбыз, – деп атап өтті Нұржан Молдиярұлы.
Георгиопулос Георгиос екі ел арасындағы, оның ішінде өңірлік деңгейдегі ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға сенім білдірді.
Сондай-ақ ежелгі Олимпия мэрі мен құрметті қонақтар «Ежелгі Тараз» тарихи-этномәдени кешенін, «Анаға тағзым» орталығын, Қарахан, Айша бибі, Бабаджи-хатун кесенелерін, «Тектұрмас» этнотарихи кешенін, гимнастика және үстел теннисі орталықтарын аралады.

Жұмаш Жолболды

Comments (0)
Add Comment