Еуропаға есік ашқан Елорда

Алты Алаштың айбынын асырып, сұлулықтың символындай болған еңселі елордамыз бүгінде береке мен бірліктің алтын арқауына айналды. Арқа төсінде орын тепкен айшықты шаһардың қазіргі өркендеу жолындағы бейнесіне сүйсінбейтін жан кемде-кем. Егемендікті еншілеген 1991 жылы небәрі 300 мыңға жуық ғана халқы болған қала қазіргі таңда еліміздегі миллионнан астам тұрғыны бар 3 мегаполистің көшін бастап тұр.

1994 жылдың 6 шілдесінде Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев ел астанасын Алматыдан Ақмолаға көшіру туралы алғаш идеяны Парламент депутаттарының алдында көтерген болатын. Астананы солтүстікке қарай мың шақырымнан да қашықтықта жатқан Сарыарқаның сайын даласына ауыстыру туралы батыл шешім осы кезде қабылданды.
1996 жылы Президент жарлығымен Ақмолада еркін экономикалық аймақ құрылды. Бұл шешім қала құрылысының қарқынды жүруі үшін қаржы тартуда және сол жағалауды игеруде қуатты катализатор болды. Табысты жұмыс нәтижесінде аймақ жұмысынан түскен табыстың 60 пайызын алып отырды. 1997 жылдың 20 қазанында Нұрсұлтан Назарбаев «Ақмола қаласын Қазақстан Республикасының астанасы деп жариялау» туралы Жарлыққа қол қойды. Ал 8 қарашада елордаға еліміздің көк Туы, Елтаңбасы және Президент байрағы жеткізілді.
Елорда тарихында 1998 жыл ел астанасы атауының өзгеруімен есте қалды. Қалай болғанда да жаңа ат ұсынуға келгенде небір ұсыныстар айтылғаны белгілі. Соңғы шешімді Елбасының өзі қабылдады. Ал 10 маусым күні жаңа астананың халықаралық тұсаукесері дүркірете тойланды. Бұл күні Қазақстан бүкіл әлемге өзінің жаңа, жас, жасампаз елордасы Астананы таныстырды.
Елорда ең алғаш 1999 жылы ЮНЕСКО шешімімен «Бейбітшілік қаласы» деген жоғары атаққа ие болып, арнайы медальмен марапатталды. Бұл абырой әлеуметтік-экономикалық, саяси және мәдени дамуда тұрақтылыққа қол жеткізген, ұлтаралық татулықты сақтаған, әлем мәдениетіне елеулі үлес қосқан жас қалаларға беріледі.
Көп ұзамай астанамыз айтулы оқиғалардың үлкен алаңына айналды. Мәселен, 2001 жылы мұнда Рим папасы ІІ Иоанн Павелдің келуі бүкіл әлем үшін жаңалықтың жаршысы болды. Өйткені бұл Рим католик шіркеуі басшысының Орталық Азияға алғаш рет табан тіреуі еді. 2002 жылдың 30 тамызында бас қаланың бойтұмары «Астана-Бәйтеректің» тұсауы кесілді.
2003 жылы Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі өтті. Дүниежүзінде алғаш рет ұйымдастырылып отырған шараға Еуропа, Азия, Африка мен Таяу Шығыстың 13 елінен мәртебелі меймандар келді. 2004 жылдың желтоқсанында жаңа резиденция – Ақорда ресми түрде ашылды. 2006 жылы бірегей ғимарат Бейбітшілік және келісім сарайы пайдалануға берілді. 2008 жылдың 6 шілдесі мемлекеттік мереке болып жарияланды.Сол кезден бастап барша қазақстандық Елорда күнін тойлайды.
2009 жылы қазіргі Нұр-Сұлтан қаласында республика бойынша тұңғыш зияткерлік мектеп ашылды. Физика-математика бағытында тереңдетіп оқытатын мектепте еліміздің барлық аймағынан келген дарынды балалар қабылданады. Осы жылы Тәуелсіздік алаңында «Қазақ елі монументі» бой көтерді.
Ал 2010 жылы арадағы он жылдық үзілісті жалғаған Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына мүше 50-ден астам елдің мемлекет және үкімет басшыларын, халықаралық және өңірлік ұйымдардың басын қосқан Астана саммиті өтті. Сол жылы аталған ЕҚЫҰ-ға еліміз төрағалық еткен болатын. Төрағалықтың соңы төрт мұхит аралығындағы татулыққа тірек болған келелі басқосумен түйінделді. Бұған дейін мұндай жоғары деңгейдегі басқосу 1999 жылы Ыстамбұлда өткен еді. Екі күнге жалғасқан саммит ұйымға мүше мемлекеттер басшыларының халықаралық саясатта алдын ала байқалған поляризация нышандарын еңсерудегі және Ұйымға қатысушы елдердің өзара алыстау бағытына қатысты саяси жігерінің айқын көрінісі болды. Жиында Еуро-Атлантика және Еуразия кеңістіктеріндегі тұрақты қауіпсіздік мәселелері, Ауғанстандағы өзекті түйткілдер, басқа да «сеңі сөгілмей келе жатқан» қақтығыстарды шешу жайы негізгі тақырыптар ретінде талқыланды. Батыс лидерлері осы саммит аясында өткен келіссөздер арқасында «ЕҚЫҰ-дағы сенім күйзелісі еңсерілгенін», «ұйымға мүше елдер арасындағы қатынастарды жаңа деңгейге шығарудың сәті туғанын» мәлімдеді.
Кездесу соңында аса жоғары деңгейдегі Астана декларациясы қабылданды. Онда саммитке қатысушылар ЕҚЫҰ-ның Хельсинки актісінде, Жаңа Еуропаға арналған Париж хартиясында, Ұйымның өзге де құжаттарында бекітілген міндеттемелерді, қағидаттары мен құндылықтарды қуаттады. Бұған қоса, саммитке қатысушы елдер өкілдері ЕҚЫҰ-ның барлық үш өлшемі бойынша жұмысты жалғастыруға, ұйымның жауапкершілігі аймағында орын алып отырған қақтығыстарды реттеуде күш-жігерді арттыруға, адам құқықтарын қорғауға, заңның үстемдігін қамтамасыз етуге, жаңа қауіп-қатерлерге лайықты қарсы тұра білу жолында ұйым жұмысын жаңаша жолға қоюды өз міндеттеріне алды. Осы орайда әлемде беделі зор халықаралық ұйымның осындай маңызды басқосуы бұған дейін Азияда оның ішінде посткеңестік елдерде болған емес. Бұл жиын сонысымен де тарихқа алтын әріптермен жазылары сөзсіз.
2011-2017 жылдар аралығында Астананың жеткен жетістіктері көз қуантады. Әсіресе Елордада алауы тұтанған қысқы Азия ойындарының бәсі биік. VII қысқы Азиада ойындарына 27 елдің спортшылары қатысты. Олар 11 спорт түрінен сынға түсті. Атап айтқанда, коньки жарысы, мәнерлеп сырғанау, шайбалы хоккей, допты хоккей, шаңғы жарысы, биатлон, тұғырдан шаңғымен секіру, тау шаңғысы, фристайл, шорт-трек және шаңғыға лайықталған қысқы спорттық сайыстары бойынша 69 алтын медаль сарапқа салынды. Бұл да жүлделер саны бойынша қысқы Азиада тарихындағы рекордтық көрсеткіш болды.
Азиада ұранымен он күнде бас қаланың тұрғындары мен қонақтары түрлі жарыстарды тамашалап, елордамыз спорт қаласына айналып шыға келді. Күн сайын «Алау» мұзайдыны сарайына, «Сарыарқа» велотрек кешеніне, «Қазақстан» спорт сарайы мен «Астана Арена» стадиондарына мыңдаған жанкүйерлер жиналып, спортшылардың сайыстарына куә болып жатты.
Ал енді жарыстың өзіне келетін болсақ, еліміздің көптеген атлеттері қысқы Азиаданың жұлдыздарына айналды. Қазақстан спортшылары арасынан биатлоншы Елена Хрусталева екі алтын, бір күміс медальді жеңіп алса, фристайл бәсекесінде Юлия Галышева екі алтынға қол жеткізді. Ерлер арасында мәнерлеп сырғанаудан Денис Тен алдына жан салмай алтын тұғырға көтерілді. Қазақ жанкүйерлерін ерекше қуанышқа бөлеген жеңіс деп шайбалы хоккейден ерлер және әйелдер құрамасының Азиада чемпионы атанғаны болғаны анық.
Ең басты жеңісіміз, әрине, Қазақстан спортшыларының осы ойындарда қысқы Азиада ойындарындағы алтын медаль саны бойынша рекордты жаңартқаны. Біздің спортшылар 32 алтын медаль иеленіп, жалпы командалық есепте айқын басымдылықпен бірінші орынды жеңіп алды. Құрама қоржынында жалпы есепте 70 жүлде түссе, оның 21-і күміс және 17-сі қола медаль.
Бұдан бөлек ел астанасында 2011 жылы «Мәңгілік ел» салтанат қақпасының бой көтеруі, 2012 жылы Орталық Азиядағы ең үлкен «Әзірет Сұлтан» орталық мешітінің ел игілігіне берілуі, 2013 жылы «Астана Опера» тетарының тұсаукесері, 2014 жылы Ұлттық мұражайдың ашылуы, 2015 жылы Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойын тойлауы, 2016 жылдың 4 шілдесінде миллионыншы тұрғынның дүниеге келуі сынды айтулы оқиғалармен қалай мақтансақ та жарасады.
2017 жылы бас қалада түндігін түрген халықаралық «ЭКСПО-2017» көрмесі де абыройымызды асқақтатты. Елорда 3 ай бойы 115 ел мен 22 халықаралық ұйымның басын қосқан «ЭКСПО» шағын қалашығына айналды. Бұл көрме Қазақстанның әлемге танымалдылығы мен туристер үшін тартымдылығын арттырды. Елімізге келген мәртебелі меймандарға халқымыздың қонақжайлығын көрсете алдық. Болашақтың энергиясына қатысты бүкіл әлемнің тәжірибесін өз жерімізде тоғыстырдық. «ЭКСПО-2017» көрмесін 4 миллионға жуық адам аралап көрген, олардың 2/3 бөлігі жастар мен оқушылар еді. Баршаның назарын аударған әсем қалашыққа күн сайын 40-50 мың адам келген. Көрмеге 180 елден жарты миллионнан астам адам келіп, тамашалаған. Осы орайда, әрбір алтыншы адамның шетелдік болғанын атап өткен жөн.
ЭКСПО-ның ең танымал орталығы Қазақстанның павильоны «Нұр Әлем» болды. Көрме басталғаннан бері бұл павильонға 1 миллион 300 мыңнан астам адам кіріп-шықса, әлемнің 180-ге жуық елінен жалпы саны 4 миллионға жуық адам келген. Көрме павильондарын жай аралап шығуға 96 сағат қажет болған. Мұнда 3500-ден астам мәдени шара ұйымдастырылып, 33 мыңға жуық әртіс өнер көрсеткен. Көрме аумағында 100 миллион фотосурет түсіріліпті. Ең қызығы 88 жігіт өз сүйіктілеріне дәл осы жерде ұсыныс білдірген екен.

Сондай-ақ «ЭКСПО-2017» көрмесінде әлем ғалымдары адамзат өміріне елеулі өзгерістер әкелген 153 жаңа өнертабысты таныстырған.
Осылайша бас қаламыз – Нұр-Сұлтан іргетасы қаланған 24 жылдың ішінде Қазақстанның қонақжай ел, бейбітшілік пен келісім мекені және әлемдік спортта жетекші орталықтардың бірі ретінде халықаралық аренадағы беделінің арта түскенін айқындап көрсетіп келеді. Әлі де алты құрлыққа Алаш атын әйгілей береріне сенім мол.

Құрбанәлі Шахабай 

Comments (0)
Add Comment