Этносаралық келісім – татулық тірегі

Еліміз егемендік пен татулықтың, бейбітшілік пен келісімнің төртінші онжылдығына аяқ басты. Қазақстан тәуелсіздік алған алғашқы күннен бастап этносаралық және конфессияаралық келісімді нығайтуды басты мақсаттарының біріне айналдырды. Соның арқасында елімізде 130-дан астам ұлт пен ұлыс тату-тәтті тұрмыс кешуде.

Ел тәуелсіздігінің баянды болуының бір тетігі мемлекетіміздің 30 жылдан бері жүргізіп келе жатқан этносаясатымен тығыз байланысты. Осы уақыт аралығында әлемдегі қарқынды дамып келе жатқан елдер қатарына қосылу мақсатында ел дамуының стратегиялық бағыттарын қалыптастырды. Еліміздің өркениетті елдер қатарына қосылуы, мемлекеттің тұрақты дамуымен және өз кезегінде ел ішіндегі ұлтаралық бейбітшілікті қамтамасыз етуінде жатыр. Ал мұндай мақсатқа жету үшін қазақ қоғамының мемлекеттілігі мен саяси тұрақтылығының басты тұғыры – этносаралық үйлесімділік пен келісім.
Бұл бағытта Тараз қаласында да жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Айталық, қалалық ішкі саясат бөлімі тарапынан шаһар аумағында ресми тіркелген 25 этномәдени бірлестіктің төрағаларымен тығыз қарым-қатынас орнатылып, бірлестіктердің паспорты жаңартылып, өзекті және проблемалық мәселелердің және оларды жүзеге асырудың жолдары бойынша карта және этнос өкілдерінің ішінде беделді тұлғалардың тізімі әзірленген.
Қазіргі таңда облыс орталығында этностар бөлінісі бойынша – 431 160 адам, оның ішінде қазақтар – 305 028 (70,7%), орыстар –50 548 (11,7%), түріктер – 4 840 (1,1%), өзбектер – 23 814 (5,5%), кәрістер – 7 816 (1,8%), күрділер – 2 828 (0,6%), татарлар – 5 900 (1,4%), қырғыздар – 4 807 (1,1%), немістер – 3 324 (0,8%) және тағы басқа этностар – 22 255-ті (5,1%) құрап отыр.
Қала аумағында екі ұлттың өкілдері жинақы тұрады. Айталық, өзбектер Наманган, Өзбек, Ташкент, Родникова, Аққозиев, Пирогов, Рыночная, Көшеней, Қапал, Құлжабаев, Самарқан, Түргенев, Жібек жолы, Лумумба көшелерінде, түріктер Көшек батыр, Чернышов, Ы.Сүлейменов көшелерінде тұрмыс кешуде. Қалған этнос өкілдері қаланың түрлі бөліктерінде орналасқан.
Ағымдағы жылы этномәдени бірлестік өкілдерінің қатысуымен қоғамдық келісімді, ұлттық бірлікті нығайтуға және өңірдегі тұрақтылықты сақтауға бағытталған 12 іс-шара ұйымдастырылып, оларға 2 мыңға жуық адам қамтылды. Атап айтқанда, 20 қаңтар күні Ы.Дүкенұлы атындағы қалалық мәдениет үйінде «Радонеж» орыстар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Крещенский вечер русского романса» іс-шарасы өтті. Аталған шараға шамамен 200-ден аса адам қатысты. Ал 30 қаңтар күні А.Тоқпанов атындағы облыстық драма театрында «Тараз қалалық өзбек этномәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен Халықаралық ана тілі мен Алғыс айту күніне арнап өзбек тіліндегі этникалық ерекше «Тановор» мюзикл-спектаклі ұйымдастырылып, 500-ден аса адам қатысты. Бұған қоса «Көне Тараз» тарихи этномәдени кешенінің аумағында «Радонеж» орыстар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы В.Сорокиннің ұйымдастыруымен өткен «Широкая Масленица» іс-шарасы, концерттік бағдарлама, масленица ойындары, сәндік-қолданбалы өнер шеберлерінің көрмесі көпшіліктің көңілінен шықты.
Сонымен қатар жастарды толерантты мінез-құлық, мәдениеттер мен діндерді құрметтеу негізінде үйрету, қазақстандық қоғамның полиэтникалық құрамының қалыптасу тарихы туралы жас буынның білімін арттыру бағытында 6 кездесу ұйымдастырылды.
2023 жылы желтоқсан айында Тараз қаласында этносаралық келісімді нығайту мақсатында облыс әкімдігінің басқармалары, қала әкімдігінің бөлімдері және құқық қорғау органдарының өкілдерінің қатысуымен «Бейбітшілік және келісім» жобасы аясында этникалық топтардың шоғырланған жерлерінің тұрғындарымен (өзге ұлт өкілдері, қандастар және т.б.) жалпы 6 кездесу (жеке қабылдау) ұйымдастырылып, тұрғындар тарапынан көтерілген әртүрлі мәселелерді шешудің 2024 жылға арналған Жол картасы бекітілді. Сонымен қатар ішкі саясат басқармасы әзірлеп жатқан «Бейбітшілік пен келісім» жобасының 2024 жылға арналған іс-шаралар жоспарына ішкі саясат бөлімі тарапынан этнос өкілдері арасында ұйымдастырылатын 44 спорттық, бұқаралық және мәдени іс-шаралар ұсынылды.
Қалалық прокуратура және полиция басқармасының келісімімен «Тараз қаласының 2024 жылға арналған этносаралық қатынастарды дамыту жөніндегі кешенді ведомствоаралық жоспары» бекітілді.
«Этносаралық келісімді нығайтуға бағытталған кешенді іс-шаралар ұйымдастыру» жобасына қалалық бюджеттен 1 500 000 теңге бөлінді.
Қала аумағында этностық топтар жинақы тұратын аумақтардағы өзекті және проблемалық тілдік, ономастикалық, діни мәселелер, білім беру, денсаулық сақтау, жергілікті полиция салаларындағы проблемалар және өзге де мәселелерді толық қамти отырып, этникалық шиеленіс ошақтары және оларды шешу жолдары бойынша карта әзірленген.

Гүлназ СМАТИЛДАЕВА,
Тараз қаласы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы

Comments (0)
Add Comment