Тараз қаласында ресми 25 этномәдени бірлестік тіркелген. Қала әкімдігінің ішкі саясат бөлімі тарапынан бірлестіктердің төрағаларымен тығыз қарым-қатынас орнатылып, этномәдени бірлестіктердің паспорты жаңартылып, өзекті және проблемалық мәселелердің және оларды жүзеге асырудың жолдары бойынша карта және этнос өкілдерінің ішінде беделді тұлғалардың тізімі әзірленген. Бірлестіктердің жұмысы тұжырымдамаға сәйкес Жамбыл облысы бойынша Қазақстан халқы Ассамблеясының тікелей басшылығымен қамтамасыз етіледі.
Қала аумағында екі ұлттың өкілдері жинақы тұрады: өзбек (Наманган, Өзбек, Ташкент, Родникова, Аққозиев, Пирогов, Рыночная, Көшеней, Қапал, Құлжабаев, Самарқан, Тургенев, Жібек жолы, Лумумба көшелерінде) және түрік (Көшек батыр, Чернышов, Ы.Сүлейменов көшелерінде). Қалған этнос өкілдері қаланың түрлі бөліктерінде тұрады.
Жергілікті атқарушы орган Жамбыл облысы бойынша Қазақстан халқы Ассамблеясымен және оның құрылымдық бөлімшелерімен қоғамдық келісімді, ұлттық бірлікті нығайтуға және өңірдегі тұрақтылықты сақтауға бағытталған өзара іс-қимылды ұйымдастыруды қамтамасыз етеді.
2023 жылы Тараз қаласында жастарды толерантты мінез-құлық, мәдениеттер мен діндерді құрметтеу және қазақстандық қоғамның полиэтникалық құрамының қалыптасу тарихы туралы білімін арттыру бағытында 15 кездесу ұйымдастырылды. Қоғамдық келісімді, ұлттық бірлікті нығайтуға және өңірдегі тұрақтылықты сақтауға бағытталған 40 іс-шара ұйымдастырылып, оған 5 мыңға жуық адам қамтылды. Аталған іс-шараларға этномәдени бірлестіктердің өкілдері де қатысты. Олардың қатарында «Алғыс айту», «Қайырымдылық керуені», «Алғысымыз шексіз!», «Ризашылық – мейірімділік бұлағы», 31 мамыр – саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай «Қазақ халқына мың алғыс» монументіне және «Саяси қуғын-сүргін құрбандарының ескерткішіне» гүл шоқтарын қою рәсімдері және тағы да басқа іс-шаралар бар.
30 қаңтар күні «Қоғамдық келісім» КММ-де этносаралық араздық пен алауыздықты тудыратын жалған ақпарат таратуға жол бермеу және этносаралық келісімді нығайту мақсатында ведомствоаралық кеңес отырысы өтті. Аталған кеңеске Жамбыл облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасы, Тараз қалалық прокуратурасы, Тараз қалалық полиция басқармасы, Тараз қаласы бойынша экстремизмге қарсы іс қимыл бөлімшесі, «Қоғамдық келісім» КММ, Тараз қаласы әкімдігінің ішкі саясат бөлімі, Тараз қаласының билер кеңесі және этнос өкілдері қатысты.
Сонымен қатар 29 наурыздағы №27-ө өкіммен «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы мен Қазақстан Республикасы Көші-қон саясатының 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы шеңберінде қалалық ақпараттық-түсіндіру тобы құрылып, іс-шаралар жоспары бекітілді. Аталған іс-шаралар жоспарына сәйкес қала тұрғындары арасында 85 кездесу ұйымдастырылып, 2 500 адам қамтылды.
«Этносаралық келісімді нығайтуға бағытталған кешенді іс-шаралар ұйымдастыру» жобасы аясында Мемлекеттік сатып алу порталында конкурс жарияланып, 2023 жылдың 18 мамыр күні аталған жобаның қорытынды хаттамасы бойынша «Коммерциялық емес ұйымдар қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігі жеңімпаз атанды. Аталған жобаның техникалық сипаттамасына сәйкес 5 іс-шара өткізу жоспарланып, бүгінгі таңда оның 2-еуі өткізілді. Атап айтқанда, №34 мектептің алаңшасында этномәдени бірлестіктер арасындағы ұлттық ойындар спартакиадасы ұйымдастырылып, Абай атындағы қалалық кітапханада «Би маржандары» атты этномәдени бірлестіктер арасындағы ұлттық билер байқауы, «Елім деп соғар жүрегім!» атты этномәдени бірлестіктер арасында патриоттық әндер байқауы, «Берекелі дастарқан» атты фестиваль және отбасылық дәстүрлерді дамыту және қолдау мақсатында этномәдени бірлестіктердің арасында «Менің отбасымның дәстүрлері» атты байқау ұйымдастырылады. «Бейбітшілік пен келісім» жобасы ағымдағы жылдың желтоқсан айында жалғасын табады.
Қоғамдық келісімді, ұлттық бірлікті нығайту мақсатында «Jambyl-Taraz» газетінде 16 мақала жарияланып, қала көшелерінде 7 баннер орналастырылған.
Бүгінгі күнге этносаралық ахуал тұрақты. Алдағы уақытта да этносаралық тұрақтылықты нығайту бағытында жұмыстар өз жалғасын таба бермек.
Гүлназ СМАТИЛДАЕВА,
Тараз қаласы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы