Ескертуді ескермегендер жазаланады

Мақұлдау, бірақ орындамау. Қала бойынша жұмысын қайта дөңгелеткен сауда орындары мен көпшілік тамақтанатын мекемелер санитарлық талаптарды толық орындап отырған жоқ.

Арайлым Шабденова

Қала көшелерінде халықтың бір бөлігі қыдырып, той тойлап жүрсе, енді бір бөлігі өмір мен өлімнің ортасында жүр. Санитарлық нормаларды сақтау керектігін жан-жақты ескерткен мамандар енді заң аясында айыппұл салуға кіріскен. Сенбі-жексенбі күндері күшейген карантин режимін ұстанбаған бірқатар мекемелерге рейд барысында арнайы хаттамалар толтырылды.

Сенбі күні қала әкімінің орынбасары Асхат Есенғалиев бастаған мобильдік топ кешкі 22:00-ден кейін жұмысын тоқтатпаған тамақтану мекемелері мен сауда орындарын аралады. Рейдке полиция басқармасының өкілдері мен тауарлар мен қызметтердің сапасын, қауіпсіздігін бақылау басқармасы да қатысты. Бүгінде еліміз бойынша, тіпті облысымызда індетті жұқтырғандардың саны күн санап артуда. Тіпті кейбір қала тұрғындары пандемияны саяси ойын деп сақтық шараларына немқұрайлы қарауда. Бұл тізімнің ішінде кәсіпкерлер де бар. Белгілі болғандай, бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің 2010 жылғы 12 маусымдағы №24 қаулысына сәйкес Тараз қаласында карантиндік шаралар күшейтілді. Атап айтқанда, қоғамдық тамақтану орындарына келушілер саны 50 адамға дейін, мұндай кәсіпорындардың жұмыс уақыты 22:00-ге дейін шектелген. Ал жұмыс істеп жатқан бизнес субьектілері қатаң талапты сақтаулары керек. Бұл орайда облыста арнайы 11 мобильдік топ құрылып, олар күнделікті мониторинг жүргізіп отыр.

Cондай рейдтің біріне журналистер шақырылды. Бір кештің өзінде мобильдік топ сегіз заң бұзушылықтың куәсі болды. Сондай тамақтану орындарының бірі – «Сәлем» кафесі.

– Рейд барысында кафедегі қызметтік персонал медициналық қолғапсыз қызмет көрсетіп жүргендігі, келушілердің жағдайы мен бетпердесі тексерілмейтіндігі анықталды. Жалпы санитарлық нормалар толық орындалмайтындығына көз жеткіздік, – дейді қала әкімінің орынбасары.

Түнгі рейдтік іс-шара барысында «За линией» аймағындағы азық-түлік дүкендері мен көлік жуу орындарының бірінде заң бұзушылықтар орын алды. Айта кету керек, «Loto club» ойын-сауық мекемесінің әкімшілігі хаттаманы ресімдеуден бас тартты, себебі осыдан кейін жеке кәсіпкерге сотқа талап-арыз түседі. Қала басшысы Айтқазы Қарабалаев кезекті брифинг кезінде азаматтардың тәртібі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажеттілігіне байланысты шектеулерге түсіністікпен қарауды сұраған-ды.

Өңірде жалпы статистикаға кірмеген 232 симптомсыз тасымалдаушы бар. Аурудың 365-і сауығып, дәрігерлердің қадағалауымен үй карантинінде жатыр. Облыс орталығындағы көшелерде инфекцияның таралуының алдын алу мақсатында күн сайын жаппай дезинфекциялық залалсыздандыру жұмыстары жүргізіледі. Тек екі күннің ішінде мердігер ұйымның мамандары тоғыз бірлік арнайы техниканы пайдалана отырып, 2 175 000 шаршы метрді залалсыздандырған. Оның ішінде 67 көше, әлеуметтік нысандардың аумақтары, балалар алаңдары, саябақтар, аллеялар, тротуарлар мен аялдамалар бар. Алайда билік қабылдаған барлық әрекеттерге қарамастан, азаматтардың өздері жақындары мен өз денсаулықтарына немқұрайлы қарамай, сақтық шараларын барынша сақтауға шақырамыз.

Comments (0)
Add Comment