Есірткіге қарсы күрес екпін алды

Бүгінде нашақорлық індетінің кеселі қоғамға өзінің кесірін аз тигізбей тұр. Бұл дертпен «ауырған» адамның баратын жері түрме екені белгілі, бірақ сонда да қылмыстық әрекеттер жасап, қоршаған ортаға, адамдарға залалын тигізіп бағады. Қазір табиғи есірткіден гөрі мас қылатын жасанды препараттардың да айналымы артуда. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында осы мәселе туралы: «Өскелең ұрпақтың болашағына қауіп төндіретін тағы бір қатер – есірткі заттарының, соның ішінде синтетикалық есірткінің де таралуы. Құқық қорғау органдарына бұл қатердің азаматтар арасында, әсіресе жастардың ішінде таралуына барынша тосқауыл қоюды тапсырамын», – деген еді.
Қоғам дертімен күресте облыстық полиция департаментінің есірткі қарсы іс-қимыл басқармасы да аянып жатқан жоқ. Мәселен, есептік кезеңде облыс аумағында 286 есірткі құқық бұзушылығы анықталса, оның ішінде 106-ы қылмыс, 180-і қылмыстық теріс қылық болып табылады.
Полиция департаментінің жеке құрамы қаңтар оқиғасы кезінде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мен ұрланған атыс қаруларын іздеу жұмыстарына жіберілгеніне қарамастан, заңсыз айналымнан 1 тоннадан астам есірткі заттары тәркіледі. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 682 келіге жоғары болып отыр. Сондай-ақ Ресей Федерациясынан Тараз қаласына тасымалданған синтетикалық есірткі арнасының жолы кесіліп, күдіктінің үйінен есірткі лабораториясы анықталды. Одан өзге, 137 тоннадан астам әртүрлі прекурсорлар тәркіленді.
Есірткімен күрес мақсатында ғимараттардың қабырғаларында жазылған 45 граффити жазбалары «Жасыл ел – Тараз» қызметкерлерімен бірлесіп жойылды. Тараз қаласындағы көңіл көтеру орындарында 35 және оқу орындарында 12 рейдтік іс-шаралар өткізіліп, 42 әкімшілік хаттама толтырылды. Сонымен қоса 1 маусымнан бастап 31 қазанға дейін республика аумағында кең ауқымды «Қарасора» арнайы жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде. Бұл бағытта есірткі заттарының «солтүстік бағыты» бойынша транзитіне тосқауыл қою мақсатында ведомствоаралық жоспар әзірленіп, облыс әкімімен бекітілген болатын.
Іс-шара кезінде 28 жедел мобильдік топ құрылып, Полиция департаментінің 100 қызметкері, сондай-ақ 6 қызметтік-іздестіру иттері, 39 автокөлік және 134 бірлік арнайы құралдар бөлінді.
Әрине, есірткі қылмысына қарсы күрес тек бір күндік шаруа емес. Оның тамырына балта шабу үздіксіз жүргізіле беретіні сөзсіз. Ол үшін қоғам тарапынан азаматтық белсенділік болса, нәтиже де еселене түседі. Сондықтан әрбір азамат қоғам дертіне қарсы тұру – баршаға ортақ іс екенін жете түсінгендері жөн.

Нұржан Рахметуллаев,
облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары,
полиция полковнигі

Comments (0)
Add Comment