Есірткі сатып есіргендер ұсталды

Осы жылдың 6 айында Жамбыл облысында 249 есірткі құқық бұзушылығы анықталған. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 12 дерекке жоғары болып отыр. Оның 115-і қылмыс болса, 134-і қылмыстық теріс қылық ретінде қарастырылған.

Қабылданған шаралардың нәтижесінде заңсыз айналымнан 1 тонна 882 келі түрлі есірткі заттары тәркіленіпті. Тәртіп сақшылары бұл өткен жылдың көрсеткішінен жоғары екенін айтады.
– Облыс аумағынан басқа өңірлерге есірткі заттарын тасымалдайтын 11 арнаның жолы кесілді. 150 келі-ден астам кептірілген марихуана, 130 келі гашиш тәркіленіп, заңсыз іспен айналысқан 12 адам ұсталды.
Сонымен қатар жыл басынан бері синтетикалық есірткілердің заңсыз айналымымен айналысқан 14 адам құрықталып, олардан 10 келі-ден астам синтетикалық есірткі, 2 тоннаға жуық прекурсор тәркіленді. 1 есірткі зертханасы анықталды, – дейді облыстық Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Асқар Жұмабеков.
Полицейлер есірткінің интернеттегі айналымын да бақылауға алған. Нәтижесінде «Киберқадаға» ақпараттық жүйесі арқылы 1 983 сайт бұғатталған. Сондай-ақ «Антифрод» жүйесіне 1 500 банк шоты бұғаттауға жолданып, 50 млн теңгеден астам қаржы шығыны тоқтатылған. Бұдан бөлек ғаламторға сілтеме жасайтын 225-тен астам граффити анықталып, боялыпты.
– 2025 жылғы 1 маусым мен 30 қазан аралығында Жамбыл облысы аумағында «Қарасора-2025» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде. Операцияның алғашқы айында Полиция департаменті мен жергілікті атқарушы органдар бірлесіп жүргізген рейдтер нәтижесінде 1 200 тоннадан астам жабайы қарасора жойылды, – дейді А.Жұмабеков.
Есірткі қылмысымен күрестің ең тиімді жолы оның алдын алу екені белгілі. Осы мақсатпен тәртіп сақшылары оқу орындарында және жастар көп жиналатын орындарда 506 профилактикалық іс-шара өткізіп, оларға 45 мыңнан астам оқушы қамтылған.

Құрбанәлі ШАХАБАЙ

Comments (0)
Add Comment