Есірткі ешкімді есіркемейді

Нашақорлық – қылмыс пен қатыгездіктің, мейірімсіздік пен дінсіздіктің негізі. Еліміздің экономикасы артқан сайын есірткімен күрес те қарқынды жүргізілуде. Қазіргі таңда бұл дертке шалдыққандардың басым көпшілігі – жастар. Яғни нашақорлардың 60 пайызын жастар құрайды. Ал жасырын түрде есірткі қолданып жүрген жастар қаншама.

Осы қасіреттен талай жастар жас ғұмырын азаппен өткізіп қана қоймай, көктей солып, жарқын өмірімен мезгілсіз қоштасуда. Қазіргі таңда нашақорлар тек ата-аналары мен туысқандарының ғана емес, бүкіл қоғамымыздың қаупі мен қасіреті болып барады. Сондықтан болса керек, кесір кеселге үйір болуды ермекке айналдырған осындай топтармен күресудің жолдары да біршама күрделене түскен. Осыған орай облыстағы адам саны көп шоғырланған Таразда қалалық полиция басқармасының есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімі бұл бағыттағы жұмыстарды күшейтіп келеді.
Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметтері бойынша, соңғы 10 жылда есірткіге тәуелді адамдардың саны 22 пайызға өскен. Бүгінде әлемде шамамен 275 миллион нашақор адам бар. Ал есірткіден жыл сайын 500 мыңнан астам адам қайтыс болады екен. Ресми деректерге сүйенсек, қазіргі таңда Қазақстанда есірткіге тәуелді 110 мың адам есепте тұр. Сондықтан есірткімен күреске елімізде ерекше назар аударылып отыр. Мәселен, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында есірткінің, оның ішінде синтетикалық есірткінің таралуы болашақ ұрпақтың жағдайына қауіп төндіретінін атап өткен болатын.
«Синтетикалық есірткі тұтынатындардың көбеюі ұлт саулығына зор қауіп төндіруде. Қазіргі ахуал өте күрделі, соңғы үш жылда тәркіленген «синтетиканың» көлемі 10 есе артқан. Уақыт өткен сайын мұндай есірткі арзан әрі қолжетімді бола бастады. Нашақорлар оны әлеуметтік желі мен түрлі мессенджер арқылы емін-еркін сатып алып жатыр. Есірткіні тіпті үйге әкеп беретіндер бар. Бұл – аса қауіпті әрі ауқымды әлеуметтік кесел. Синтетикалық есірткіні өндіруге және таратуға қарсы күрес жалпыұлттық деңгейде жүргізілуге тиіс», – деген Президент нашақорлықпен және есірткі саудасымен күресудің кешенді жоспарын әзірлеу қажет екенін айтқан еді.
Осыған орай, Қазақстан Үкіметі 2023-2025 жылдарға арналған Нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы күрес жөніндегі кешенді жоспарды бекітті. Кешенді жоспар нашақорлықпен және есірткі бизнесімен тиімді күресу үшін қажетті бірінші кезектегі шараларды ескере отырып, қазіргі нашақорлыққа қатысты ахуалды талдау негізінде әзірленген. Оны дайындау барысында психоактивті заттардың жаңа түрлерінің үлесі артуы, есірткіні өндіру, тасымалдау және тарату әдістерінің өзгеруі, белсенді түрде енгізіліп жатқан қазіргі әлемдік есірткі саясатының ерекшеліктері ескерілген.
Құжат сарапшылар ортасында және түрлі пікірталас алаңдарында кеңінен талқыланған. Оның негізгі мақсаттарының бірі – қоғамның, азаматтық институттардың және барлық мемлекеттік органдардың нашақорлықтың алдын алу бойынша жүргізілетін жұмыстарының сапасын арттыру және жалпы нашақорлар санын азайту бойынша күш-жігерлерін біріктіру.
Қабылданған жоспар осы бағыттар бойынша шаралар кешенін іске асыруға мүмкіндік береді. Нәтижесінде, 2025 жылға қарай есірткі тұтынушылардың санын азайту, есірткіге тәуелділіктен ұзақ мерзімді ремиссиясы бар кәмелетке толмағандар санын 15 пайыздан 20 пайызға дейін арттыру, сондай-ақ есірткі тұтынушыларды 26 пайыздан 30 пайызға дейін медициналық-әлеуметтік оңалтумен қамту жоспарланған. Құжат заңнамалық және нормативтік-құқықтық базаны жетілдіруді, заманауи есірткі бизнесінің жаңа сын-қатерлері мен қауіп-қатерлеріне қарсы тұрудың тиімділігін арттыруды, халықаралық ынтымақтастықты нығайту мен кеңейтуді, қазақстандық қоғамда нашақорлық деңгейін төмендетуді көздейді.
Осыған орай, нашақорлықтың алдын алу, емдеу, нашақорларды оңалту жүйелерін жетілдіруге, сондай-ақ ведомствоаралық өзара іс-қимылды нығайтуға баса назар бөлінбек. Есірткіге және есірткі бизнесіне қарсы іс-қимылды жүзеге асыратын мемлекеттік органдарды материалдық-техникалық жарақтандыруды жақсарту бойынша шаралар кешені қарастырылған. Бұл жаңа сын-қатерлер мен қауіптердің дереу алдын алуға мүмкіндік бермек. Сонымен қатар емдеу-сауықтыру орталықтарын жаңғырту және жаңаларын ашу жұмыстары жүргізіледі. Кешенді жоспарда аталған шараларды жүзеге асыру үшін бюджет есебінен 53,1 миллиард теңге бөлу қарастырылған.
Мемлекет басшысының нақты тапсырмасы мен одан туындаған кешенді жоспар аясындағы жұмыстар Тараз қаласында да қарқынды жүргізілуде. Нәтижесінде, шаһар аумағында уытты заттарды тұтыну және таратумен айналысатын тұлғаларға қарсы күрес күшейген. Мәселен, үстіміздегі жылдың алғашқы жартысында облыс көлемінде есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл желісі бойынша барлығы 286 құқық бұзушылық анықталған. Оның ішінде 114 дерегі есірткі қылмысы және 172 дерегі ҚР Қылмыстық кодексінің 296-бабы 1, 2, 3-бөлігі бойынша қылмыстық теріс қылық деп танылған.
Есірткі қылмысы қатарынан, есірткі затын аса ірі мөлшерде сақтау бойынша қылмыстардың – 37, есірткі құралдарын өткізудің – 53, есірткі құралдары контрабандасының – 8, құрамында есірткі заттар бар, өсіруге тыйым салынған өсімдіктерді заңсыз егіп, өсірудің 8 дерегі және есірткі, психотроптық заттарды немесе сол тектестерді, прекурсорларды насихаттау немесе заңсыз жарнамалаудың 3 дерегі тіркелген.
Тәртіп сақшыларының тыңғылықты жұмысының нәтижесінде заңсыз айналымнан 2 тонна 504 келіден астам әртүрлі есірткі заттары тәркіленген. Оның ішінде 545 келіден астам «марихуана», 45 келіден астам «гашиш», 1 тонна 913 келіден астам «қарасора», 743 грамнан астам «героин» және 213 грамнан астам синтетикалық есірткі заттары бар.
Осындай заң бұзушылықтардың алдын алу мақсатында «Қарасора-2023» жедел профилактикалық іс-шарасы басталған болатын. Ауқымды жұмыстарға 120-дан астам полиция қызметкері, Ұлттық ұланның «Бүркіт» арнайы жасағы жұмылдырылған еді. Жұдырықтай жұмылып жүзеге асқан жоба нәтижесін ұзақ күттірмеді. Осылайша шара аясында Тараз қаласында есірткі өндіретін фитолаборатория анықталып, жойылды.
Тарқата айтсақ, жедел ақпаратты іске асыру барысында полицейлер Ресей Федерациясының 61 жастағы азаматының тұрғылықты жері бойынша тінту шараларын жүргізген. Тексеру барысында бақшада көлік шинасынан 4 каннабис бұтасы табылған. Сондай-ақ қызметкерлер фитолабораторияға айналдырылған моншаны анықтады. Онда 2 каннабис бұтасы табылды. Сондай-ақ үйдің әр жерінен «кептірілген марихуана» есірткі заттары анықталды. Арнайы операция барысында барлығы жалпы салмағы 2 400 грамм каннабис өсімдіктерінің 6 бұтасы, жалпы салмағы 113 грамм кептірілген марихуана тәркіленді.
Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 300-бабының 1-бөлігі, яғни өсіруге тыйым салынған өсімдіктерді егу немесе өсіру немесе қарасора, көкнәр немесе құрамында есірткі заттары бар басқа да өсімдіктердің сорттарын өсіру бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Бұл бап екі мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл түріндегі жазаны көздейді немесе сол мөлшерде түзеу жұмыстарымен жазаланады. Не болмаса алты жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартумен, не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеумен немесе сол мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Сонымен қатар есірткіні республиканың басқа аймақтарына әкетілуіне тосқауыл қою және оның алдын алу мақсатында Алматы, Шымкент және солтүстік облыстар бағытында 5 жылжымалы мобильді бекет құрылып, жедел іздестіру иттерінің көмегімен 9 есірткі құқық бұзушылық деректері әшкереленіпті.
Жалпы жабайы өсетін қарасорамен күресудегі тиімді профилактикалық шараларының бірі шабу мен өртеу екені мәлім. Бұл бағыттағы шаралар да өз нәтижесін беруде. Мәселен, жуырда полиция қызметкерлері Тараз қаласындағы үйінің ауласында қарасора өсіріп, есірткі құралын сақтаған 45 жастағы азаматты ұстады. «Қарасора-2023» және «Дәрмек» жедел алдын алу іс-шараларын өткізу барысында үйдегі картон қораптан жалпы салмағы 36 грамм болатын «кептірілген марихуана» есірткі заты, ал бақшадағы егілген жүгерінің арасынан жалпы салмағы 36,1 келі болатын 125 қарасора бұталары табылған. Ұсталған азамат кінәсін мойындап, үстінен Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 300-бабының 2-бөлігі, яғни «өсіруге тыйым салынған өсімдіктерді егу немесе қарасора сортын, көкнәр немесе құрамында есірткі заттары бар басқа да өсімдіктердің сорттарын өсіру» бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталған. Бұл бап үш жылдан сегіз жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны көздейді.
Бұдан бөлек, аймақта мүдделі органдармен бірлесіп, 38,7 гектар аумақтан 33 тонна 662 келі жабайы қарасора өсімдігі өртелген.
Ал күні кеше «Дәрмек» кең ауқымды жедел алдын алу іс-шарасының 2 күні ішінде есірткі құқық бұзушылығының 4 фактісі анықталды. Атап айтқанда, аса ірі мөлшерде есірткіні заңсыз сақтау дерегі (ҚР ҚК 4-бабының 296-бабы), құрамында есірткі заттары бар өсіруге тыйым салынған өсімдіктерді заңсыз өсірудің 2 фактісі (ҚР ҚК 300-бабының 2-бөлігі), есірткіні өткізу мақсатынсыз заңсыз сақтау фактісі (ҚР ҚК 296-бабының 3-бөлігі) белгілі болды.
Сондай-ақ полиция қызметкерлері жедел профилактикалық іс-шара барысында 12 дәріхананы, 1 емдеу мекемесін тексерді. Рейдтік іс-шаралардың қорытындысы бойынша, 2 күн ішінде ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексі 426-бабының 1-бөлігі бойынша 12 әкімшілік құқық бұзушылық анықталған. Олардың ішінде дәрілік заттар, медициналық мақсаттағы бұйымдар және медициналық техника айналымы саласындағы фармацевтикалық қызмет қағидаларын бұзу деректері бар. Заңсыз айналымнан 85 келіден астам «каннабис» және 138,5 грамм «кептірілген марихуана», 4,4 келі «күкірт қышқылы» прекурсоры және 0,70 грамм синтетикалық есірткі алынған.
Тараздық тәртіп сақшылары есірткі бизнесінің ғаламтор арқылы жүргізілуімен де жан-жақты күрес жүргізіп келеді. Өйткені соңғы жылдары есірткі нарығын синтетикалық есірткісі белсенді түрде әртүрлі топтармен интернет-ресурстар арқылы «өткізушілер», «операторлар» және тағы басқалардың қолымен таратылуда. Осылайша биылғы алғашқы жартыжылдықта интернет-ресурстарға мониторинг және талдау жүргізу барысында есірткіні насихаттаумен айналысатын 62 аккаунт әшкереленіп, оларды бұғаттау үшін Ақпарат және әлеуметтік даму министрлігіне ұсыныс жолданған.
Полиция қызметкерлері жүргізген жоспарлы шараларының аясында жуырда интернет арқылы ірі көлемдегі синтетикалық есірткі тасымалын ұйымдастырған қылмыстық топ қолға түсті. Атап айтар болсақ, полиция қызметкерлері синтетикалық есірткіні жеткізу арнасының жолын кесуге бағытталған жедел іздестіру іс-шаралар кешенін өткізген. Екі айға созылған есірткі сатушылардың әрекетін жою бойынша арнайы операция аясында синтетикалық есірткі заттарын сатуды, тыйым салынған заттарды жарнамалауды жүзеге асырған 4 адам анықталды. Олардың бірі 26 жастағы Тараз тұрғыны Алматыдан Таразға есірткі жеткізу арнасын ұйымдастырған. Ал 22 жастағы азамат «Telegram» арнасының әкімшісі болып қызмет еткен және есірткі саудасы желісіне «жұмысшылар» жалдаумен айналысқан. Сонымен қатар ол Атырау, Астана және Алматы қалаларына «синтетика» өткізу арнасын ұйымдастырған. Қылмыстық әрекетке 19 жастағы және 23 жастағы тұрғындардың да қатысы бар екені белгілі болды. Оқиға орнынан Жамбыл облысының аумағында синтетикалық есірткілерді өткізу және таратуға қатысты хабарламалар жазылған ұялы телефондар тәркіленді. Сондай-ақ сараптама нәтижелеріне сәйкес, жалпы салмағы 608,17 грамм «мефедрон» есірткі заты алынды. Ұсталған азаматтардың мүлкі тәркіленіп, он жылдан он бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Осындай жағдайларға қарамастан тыйым салынған заттарды таратушылардың әрекеті тоқтар емес. Тіпті айласына құрық бойламай отыр. Күрес күшейген сайын олар да түрлі қитұрқы әрекеттерге барып, өз «өнімін» жарнамалаудың сан жолдарын табуда. Соның бірі – шаһардағы ғимараттардың қабырғаларына өздерінің интернеттегі мекенжайларын жазып қалдыруы болып отыр. Осы орайда қалалық полиция басқармасы жаптаған жазбаларды жоюды да қолға алған. Осылайша Тараз қаласы әкімдігі тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық бөлімінің «Жасыл ел-Тараз» мекемесі, қалалық жастар ресурстық орталығы және еріктілермен бірлесе 120-дан астам граффити жазуы боялған. Ал жуырда «Тараз – қауіпсіз қала» жобасы аясында «Есірткісіз болашақ!» акциясы өткізілді. Акция барысында жастар мен волонтерлар тұрғын үйлердің қабырғаларындағы есірткі құралдарын жарнамалайтын сайттардың сілтемелерін анықтап, 37 граффити жазуын өшірген. Сонымен қатар «Қазпошта» АҚ-мен өзара іс-қимыл аясында пошта ғимараттарын тексеру үшін кинология орталығының иттерін қолдана отырып, 42 рейдтік іс-шара өткізілген.
Осы орайда ескере кетер жайт, нашақорлықтың алдын алудың ең тиімді жолы балаға жастайынан уытқұмарлықтың зияны мен салдары жайында кең хабар беру екені әлдеқашан дәлелденген. Бұл тұрғыдан келгенде, тараздық тәртіп сақшылары оқушылармен, студенттермен және жастармен жүйелі түрде тәрбиелік, танымдық бағыттағы кездесулер өткізіп келеді.
Соның бірі жуырда Жамбыл политехникалық жоғары колледжінде өтті. Оқу ордасында ұйымдастырылған «Есірткі бизнесіне және нашақорлыққа қарсы іс-қимыл» тақырыбында зияткерлік ойын түріндегі тренингке колледж студенттері қатысты. Жиынды Тараз қаласы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің жастар ресурс-тық орталығы, Жамбыл облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы және «Нығмет нұры» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды.
Екі топқа бөлінген студенттер нашақорлық мәселелеріне қатысты сұрақтарға жауап беріп, бір-біріне шифрланған жасырын сөздерді табуға көмектесті. Шара барысында полиция қызметкерлері көтеріліп отырған мәселе бойынша студенттерге сұрақтар қойып, білім алушылардың тыйым салынған заттарға қатысты көзқарасын анықтады.
«Интеллектуалдық ойын түріндегі мұндай тренингтер өскелең ұрпақтың есірткіге теріс көзқарасы бойынша нақты ұстанымын қалыптастыруға, нашақорлық қазіргі заманның өткір мәселелерінің бірі болып табылатынын түсінуге және қорғаныстық мінез-құлық дағдыларын дамытуға, жасөспірімдердің саналы салауатты өмір салтын ұстануына мүмкіндік береді», – дейді полицейлер.
Сонымен қатар Жамбыл облысы «Оқушылар есірткіге қарсы» акциясы аясында №6 орта мектеп оқушыларына кинологиялық қызмет орталығына экскурсия ұйымдастырылды. Тараз қаласы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің жастар ресурстық орталығы, Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасы, «Нығмет нұры» қоғамдық бірлестігімен бірлесіп ұйымдастырылған шара аясында оқушыларға жарылғыш заттарды, есірткі құралдарын іздеуге маманданған және полицейлерге қаскүнемдерді немесе хабар-ошарсыз кеткен адамдарды іздеуге көмектесетін қызметтік іздестіру иттерінің жұмысы туралы айтылды. Сондай-ақ полиция қызметкерлері есірткінің зияны туралы дәріс өткізді.
Жалпы аталған бағыт бойынша ағымдағы жылдың алғашқы алты айында бектілген кесте бойынша мемлекеттік және үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп орта және жоғары оқу орындарының оқушылары арасында нашақорлықтың алдын алуға бағытталған 552 түрлі іс-шара өткізілген. Сонымен қатар 26 мамыр мен 26 маусым аралығында есірткі қылмысына қарсы айлық өткізілді. Айлық аясында 298 профилактикалық шара ұйымдастырылып, онда бейнероликтер, есірткіге қарсы сипаттағы слайдтар және ПД Кинология орталығының есірткі қылмысының алдын алу, қылмыскерлерді ұстау қойылымы көрсетілген. Айға ұласқан шараның қортындысы Тараз қаласындағы Қ.Рысқұлбеков атындағы саябағында өткен «Нашақорлықсыз болашақ!» атты жастар акциясымен жабылды.
Нашақорлық және есірткінің заңсыз айналымы – ұлттық қауіпсіздікке төнетін негізгі қауіп. БҰҰ-ның баяндамасына сәйкес, Қазақстан есірткіден болатын өлім бойынша әлемде 34-орында тұр. Тіпті БҰҰ Қазақстандағы нашақорлар саны ресми есепте тұрғандардан 7 есе көп болуы мүмкін екенін айтады. Осыған орай, Қазақстанда есірткімен күрес мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының біріне айналып отыр. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша есірткіні интернет арқылы таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілік күшейтілді. Есірткіні жарнамалау мен насихаттағаны үшін оның ішінде граффити-суреттер мен QR-кодтар арқылы жауапкершілік көзделетін қылмыстың жаңа құрамы енгізілді.
Ал жуырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамды алаңдатып отырған синтетикалық есірткі мәселесіне тоқталып өткен болатын. Ол есірткіге қарсы күресті күшейтуді тапсырған еді. «Мен синтетикалық есірткі мәселесіне ерекше назар аударғым келеді. Өкінішке орай, адам психикасына әсер ететін заттар тез таралып бара жатыр. Бұл – өте қауіпті үрдіс. Қазақстанда есірткіге тәуелді 110 мың адам есепте тұр. Оның ішінде балалар да бар. Бұл – біз білетін мәлімет қана. Осы ретте Ішкі істер министрлігінің есірткіге қарсы күресті тиімді жүргізуін талап етемін. Біз бүкіл қоғам болып бұл кеселге қарсы табанды түрде күресуге тиіспіз», – деді Мемлекет басшысы.
Бір айта кетерлігі, есірткі бизнесіне қарсы күрестің күрделілігі соншалық, әлемде ешбір мемлекет әлі күнге дейін оны жеңудің даңғыл жолын таба алған жоқ. Оның бір себебі, мемлекеттің даму деңгейі неғұрлым жоғарырақ болса, басқа да бизнес түрлері сияқты есірткі саудасы да соғұрлым табыстырақ бола түседі. Қазақстанда заңсыз есірткі айналымына қарсы жүргізіліп жатқан шаралар әлсіз деуге келмес. Алайда бұл жұмыстардың пәрмені әлі де болса діттеген жеріне жетпей жатқандай. Тіпті күн өткен сайын бұл дерттің зардабы өршіп, адам өміріне аса қауіпті есірткілердің жаңа түрлері шыға бастады. Сондықтан есірткіге қарсы тек құқық қорғау органдары ғана емес, тұтас ел-жұрт болып күрескенде ғана нәтижелі болмақ.

Еркін САЙЫН

Comments (0)
Add Comment