Есімі жаңарған елорда

Жаңа атау – жаңа серпін

Жалғасы. Басы 1-бетте.

М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-да елорда атауының Нұр-Сұлтан деп ауыстырылуын қолдау бойынша акция өтті.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2019 жылғы 23 наурыздағы №6 Жарлығымен Қазақстан Республикасының астанасы Нұр-Сұлтан қаласы болып қайта аталуы ел тарихындағы маңызды оқиғалардың бірі болып отыр. Осындай айтулы өзгеріске қолдау білдірген көпшілік Марс Үркімбаев атындағы Жастар сарайына жиылып, білім ордасының оқытушылар құрамы мен белсенді студенттері өз ойларын ортаға салды.

Жиынға облыс әкімінің орынбасары Бекболат Орынбеков, қала әкімінің орынбасары Кенжебек Олжабай, ТарМУ ректоры Махметғали Сарыбеков қатысты.

20 жыл бұрын Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың шешімімен Арқа төсінде бой көтерген бас қала осы уақыт ішінде еліміздің барлық аймақтарын стратегиялық тұрғыда бір арнада тоғыстырып, дамудың зор тетігіне айналды. Бұл жетістіктердің барлығы Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының көреген саясатының негізінде жүзеге асты. Осыған орай бас қаланың Нұр-Сұлтан аталуы жиынға қатысушылардың пікірінше Елбасы еңбегіне деген зор құрмет болып табылады.

Акцияда аталмыш тарихи өзгерісті қолдап, үн қосқан доцент Сәкен Омаров Нұр-Сұлтан шаһары келешекте бүгінгіден де ажарлана түсіп, болашақтың қаласына айналатынына сенім білдірді.

– Астана атауын Нұр-Сұлтан деп өзгерту дер кезінде қабылданған үлкен шешімдердің бірі деп білемін. Бұл шаһар елдігімізді айқындайтын, Тұңғыш Президенттің жылдар бойғы еңбегінің зор жемісі десек қателеспейміз. Болашақта бүгін қабылданған шешімнің оң болғанын келер ұрпақ тереңінен ұғынады деген сенімдемін, – деді оқытушы.

Жиналған көпшіліктің қатарынан «Мәдени тынығу жұмысы» кафедрасының меңгерушісі Айгүл Қабиева да табылды. Ол Нұр-Сұлтан қаласының осылай аталуы әлемдегі астаналардың тәжірибесінде бар үрдіс екенін тілге тиек етті.

– Баршамыз әлемдегі Италия, Сан-Марино, Мальта елдерінің астаналары өздерінің тұңғыш көсемдерінің атымен аталатынын білеміз. Осы себепті де мен өзге емес, өзіміздің Елбасымыздың есімімен аталған астанамызды мақтан етуге шақырамын. Тарихқа енген тағылымды шешімге құрмет көрсету – жастарымыздың бойындағы тектіліктің анық көрінісі, – деді Айгүл Қабиқызы.

Расында, елорданың Нұр-Сұлтан аталуы жас шаһардың дамуындағы жаңа кезең деуге болады. Тәуелсіздіктің алғашқы жиырма жылында елімізбен бірге жасасып, бірге жайнаған бас қала елдігіміздің нышанына айналып үлгерді.

Ақмола Астана атанған 1998 жылдан бастап есептесек, қазірге дейін елорда мәртебесінде жиырма бір жылды өткеріпті. Осы қос онжылдықта қала тұрғындарының саны 3 есе көбейген. Елбасының астананы көшіру жобасы тек саяси тұрғыдан ғана тиімді болып қалмай, әкімшілік орталық ретінде де еліміздің жан-жақты дамуына өз әсерін тигізді. Халықаралық деңгейдегі ірі саяси шараларды табысты өткізді.

Жастар атынан сөз сөйлеген Фируза Үсібекова бұл шешімнің алғашында таңданыс туғызғанын жасырмай, тарихи шешімнің әр студентке ерекше әсер бергенін айтты.

– Нұрсұлтан Әбішұлының төл жобасын бүгінде әлем таниды. Бұны елордамыздың ЮНЕСКО шешімімен «Әлем қаласы» атағын алуымен де сабақтастыруға болады. Бұл шешімнің жастар үшін маңызы зор. Біз тәуелсіз елімізбен бірге өркендеп, өсіп келеміз. Нұр-Сұлтан қаласы да жас мемлекетіміздің жүрегі ретінде бізбен бірге жайнай түсетініне сенімдімін, – деді студент.

Шара соңында заң факультетінің студенті Бекзат Жұмалиев жиналған жастардың атынан үндеу оқыды. Кенен Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясының әншілері өнер көрсетіп, көпшіліктің ықыласына бөленді.

Маңызы зор тарихи шешім

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2019 жылғы 23 наурызындағы №6 Жарлығымен ҚР астанасы Нұр-Сұлтан қаласы болып аталды. Ел Президентінің бұл шешімі ҚР Парламентімен бір ауыздан мақұлданды. Бүгінгі таңда тарихи шешім еліміздің әрбір аймағында қолдау табуда.

Елорданың атауы Нұр-Сұлтан болып ауысуына қолдау көрсету мақсатында Жамбыл локомотив депосында акция өтті. Оған қала әкімінің орынбасары Кенжебек Олжабай, облыс әкімдігінің ішкі саясат басқармасының өкілдері мен облыстық, қалалық әкімдіктің бөлім басшылары, студент жастар қатысты.

1998 жылы бой көтеріп, аз ғана уақыт аралығында әлем назарына іліккен Астана – біздің мемлекетіміздің маңызды саяси орталығы. Астана осы уақыт аралығында еліміздің барлық аймақтарын стратегиялық тұрғыда біріктіріп, өңірлердің дамуының драйверіне айналды. Бұл жетістіктер Қазақстанның Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлымен стратегиялық тұрғыда жоспарланып, жүзеге асырылды. Осы ретте, астана атауын Нұр-Сұлтан деп өзгерту, біріншіден, Елбасының еңбегіне лайықты құрмет көрсету болса, екіншіден, Ұлт көшбасшысының саяси бағыты сабақтастығының кепілі болып отыр. Бұл туралы «Жамбыл облысының кәсіподақ орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Мейрамбек Төлепберген айтты.

– Қазақтың арғы-бергі тарихында талай кезеңдер мен оқиғалар болды. Өткенді ойға алсақ, ата-баба аңсаған, арман еткен тәуелсіздікке қол жеткіздік. Бұл жолда талай дүлдүлдер, батырлар мен билер, көсемдер мен шешендер, абыз, аңыз адамдар тарих сахнасында қалды. Тарихты жасайтын тұлғалар. 1991 жылдан бері қазақ елі бүгінгі таңға дейін танымастай өзгерді, өркендеді, өсті. Мұның барлығы – Елбасының сарабдал саясатының арқасы. Дүниежүзі таңдана таңдай қағатын Астананың күні кешегі хал-жағдайы бәріміздің көз алдымызда. Бүгінде әлемнің ойшылдары мен кемеңгерлері бас қосатын саяси ордаға айналған елордаға Елбасының есімін беру тарихи шешім деп санаймын және қолдаймын, – деді Мейрамбек Мылтықбайұлы.

Сонымен қатар жиын барысында қалалық мәслихаттың хатшысы Батырбек Құлекеев пен облыстық қан орталығының басшысы Гулам Умаров сөз алып, Астана қаласымен байланыс-ты естеліктерін айтып, Нұр-Сұлтан атауын қолдайтындықтарын жеткізді.
Ұлы даланың мәңгілік елордасын қолдауға келген көпшілікке акция барысында концерттік бағдарлама ұсынылып, онда патриоттық әндер шырқалды.

Тілшілер тобы:
Құралай Сейсенбекқызы,
Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ,
Арайлым Бақытжанқызы

Comments (0)
Add Comment